Сот дауының орнына бір рет басу: ресейлік медиация тәжірибесі ШҚО-да қызығушылық тудырды

17.11.2026
Сот дауының орнына бір рет басу: ресейлік медиация тәжірибесі ШҚО-да қызығушылық тудырды

Кәсіпкер мен мемлекеттік тапсырыс беруші арасындағы дауды бір түймені басу арқылы реттеуге бола ма? Мұндай тетік Ресейде қазірдің өзінде енгізіліп жатыр. Мәскеу облысының тәжірибесі Өскеменде өткен халықаралық конференцияда қызу талқылауға ұласты. Медиацияның Шығыс Қазақстан бизнесі үшін неліктен ерекше өзекті екенін ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жангирханова айтып берді.

Өскеменде «Медиация: заңнан – диалог мәдениетіне: Қазақстан Республикасында дамудың 15 жылы және дауларды бейбіт жолмен шешу саласындағы халықаралық ынтымақтастық» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шараға сот жүйесінің, заңгерлер қауымдастығының өкілдері, кәсіби медиаторлар, адвокаттар және шетелдік сарапшылар қатысты. Негізгі тақырыптардың бірі бизнес пен мемлекет арасындағы қатынастарда, әсіресе сатып алу саласында туындайтын дауларды шешуде медиацияны қолдану болды.

Пікірталас алаңында сөз сөйлеген Айжан Жангирханова кәсіпкер үшін ұзаққа созылған дау жай ғана құқықтық мәселе емес, нақты қаржылық шығын, айналым қаражатының тоқтап қалуы және кәсіпкерлік қызметтің тоқтау қаупі екенін атап өтті.

Мысал ретінде ол Өскеменде «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ғимаратын жөндеген «Строй Континент» ЖШС-нің жағдайын келтірді. Мердігер техникалық кеңестерде қажеттілігі талқыланған қосымша жұмыстарды өз қаражаты есебінен орындаған. Алайда қосымша келісім мен қаржыландырудың болмауына байланысты 9 миллион теңгеге жуық қаражат төленбей қалған.

Бұл мәселе ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесінде қаралып, дауды келіссөздер арқылы реттеу мүмкіндіктері талқыланды.

Айжан Жангирханованың айтуынша, медиация тараптарға дауды ұзаққа созылатын сот талқылауына жеткізбей, өзара қолайлы шешім табуға мүмкіндік береді. Алайда оның тиімділігі екі тараптың да диалогке дайындығына және заңнама талаптарының сақталуына байланысты.

Әсіресе Мәскеу облысының тәжірибесін таныстырған ресейлік сарапшы, «Сила диалога» халықаралық медиаторлар қауымдастығының вице-президенті Дмитрий Хрулёвтің баяндамасы қызу пікірталас тудырды.

Сарапшының айтуынша, Мәскеу облысы Ресейде №223-ФЗ Федералдық заңына сәйкес медиативтік ескертпе өңірлік үкімет деңгейінде Сатып алу туралы үлгілік ережеге ресми түрде енгізілген алғашқы өңір болды.

Алайда қатысушылардың ерекше қызығушылығын сатып алу платформаларындағы «медиация түймесі» деп аталатын цифрлық құрал тудырды. Ол туындаған келіспеушіліктерді бейбіт жолмен реттеу рәсімін бір рет басу арқылы бастауға мүмкіндік береді. Яғни тараптар бірден сотқа жүгінудің орнына медиатордың қатысуымен келіссөз жүргізе алады.

Ресейлік тәжірибе Қазақстанда да осындай тетіктерді енгізу мүмкіндігі жөнінде пікірталас туғызды. Өйткені елімізде жеткізушілер мен мемлекеттік тапсырыс берушілер арасындағы келіспеушіліктер көбіне сот дауларына, қаржылық шығындарға және кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілуіне әкеліп жатады.

Айжан Жангирханова атап өткендей, бұл мәселе Шығыс Қазақстан үшін ерекше өзекті. Палатаға келіп түсетін өтініштердің едәуір бөлігі шарттық міндеттемелердің орындалуына, мемлекеттік тапсырыс берушілердің әрекеттеріне және әкімшілік кедергілерге қатысты.

Тек 2025 жылдың өзінде ШҚО Кәсіпкерлер палатасы бизнестің құқықтарын қорғауға қатысты 109 өтінішті қарады. Оның 73-і бойынша оң шешімге қол жеткізілді. Экономикалық тиімділік 5 миллиард теңгеден асты. Бұл нәтижелер келіссөздер жүргізу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау және басқа да құқықтық тетіктерді қолдану арқылы қамтамасыз етілді.

Осыған байланысты Айжан Жангирханова Палата мен кәсіби медиаторлар арасындағы ынтымақтастықты жандандыруды, бизнеске арналған консультациялық алаңдар құруды, сондай-ақ шаруашылық және еңбек дауларын сотқа дейін реттеу тәжірибесін кеңейтуді ұсынды.

«Медиацияны туындаған дауды шешудің балама тәсілі ретінде ғана емес, кәсіпкерлік қызметтің тұрақтылығын сақтаудың құралы ретінде де қарастыру қажет», – деп атап өтті ол.

Пікірталасқа қатысушылар медиацияның цифрлық құралдарын қолданудың практикалық мүмкіндіктеріне назар аударды. Сонымен қатар оларды Қазақстанның сатып алу жүйесіне енгізу тиісті құқықтық тұрғыдан пысықтауды қажет етеді.

Өйткені кәсіпкер үшін ең бастысы – жылдарға созылған сот процесінде жеңіске жету емес, адал еңбегімен тапқан қаражатын уақытылы алу, іскерлік байланыстарын сақтап, кәсібін әрі қарай дамыту. Тиімді жұмыс істейтін медиация дәл осындай мүмкіндік беруі тиіс.