«Атамекен» Coursera және Bilim Upskill компанияларымен цифрлық оқытуды дамыту және жұмыспен қамту мәселелерін талқылады

17.11.2026
«Атамекен» Coursera және Bilim Upskill компанияларымен цифрлық оқытуды дамыту және жұмыспен қамту мәселелерін талқылады

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Жеңіс Тайшытаев Coursera компаниясының Орталық Азия бойынша аға директоры Лариса Уиткрофтпен және Bilim Upskill атқарушы директоры Әсел Мұхамеджановамен кездесті. Тараптар Coursera білім беру жобаларын Қазақстанда дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесуде талқыланған негізгі тақырыптардың бірі – қазақстандық жоғары оқу орындары студенттерінің әлемнің жетекші университеттері мен компанияларының білім беру бағдарламаларына қазақ тілінде қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтетін «Coursera қазақ тілінде» жобасы.

Изображение

Жоба Қазақстанда 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Coursera басшылығымен кездесуі барысында қол жеткізілген уағдаластықтар аясында, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен іске қосылды. Бастапқы кезеңде жобаға өңірлердегі 25 жоғары оқу орны қосылса, 2024 жылы олардың саны 93-ке, ал 2026 жылы 100 жоғары оқу орнына жетті.

2023-2026 жылдар аралығында платформада 292 мыңнан астам студент оқуды сәтті аяқтады. Барлығы 682 120 сертификат берілді, оның ішінде 167 483 сертификат қазақ тіліндегі курстар бойынша табысталды. Халықаралық микробіліктіліктер мен кәсіби сертификаттар да жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына енгізілуде.

Изображение

«Қазіргі еңбек нарығы білім мен практикалық дағдыларды үнемі жаңартып отыруды талап етеді. Әлемнің жетекші университеттері мен компанияларының білім беру бағдарламаларына қол жеткізу студенттерге оқу кезінде-ақ сұранысқа ие құзыреттерді меңгеруге мүмкіндік береді. Мұндай мүмкіндіктердің тек ағылшын немесе орыс тілдерінде ғана емес, қазақ тілінде де қолжетімді болуы маңызды. Бұл жастардың білім алу мүмкіндіктерін кеңейтіп, экономика қажеттіліктеріне сай кадрлар даярлауға ықпал етеді», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Жеңіс Тайшытаев.

Ынтымақтастықты одан әрі дамыту аясында «Атамекен» өкілдерінің 18 қарашада Астанадағы Қазақ ұлттық спорт университетінде өтетін Coursera Future Talks сессиясына қатысуы жоспарланған. Кездесуде бизнестің өзекті сұраныстарын ескере отырып, кадрлар даярлау бағытындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланады.

Кездесуде Cities Deliver жобасына да ерекше назар аударылды. Бастама аясында жасанды интеллект негізінде қатысушылардың дағдыларын бағалауға, олардың сұранысқа ие мамандықтардың талаптарына сәйкестігін анықтауға және Coursera платформасынан жеке оқу бағдарламаларын таңдауға мүмкіндік беретін цифрлық сервис әзірлеу көзделген.

Изображение

Оқуды аяқтағаннан кейін қатысушылардың меңгерген құзыреттерін қайта бағалау және оларды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу жоспарланып отыр. Дағдыларды диагностикалау нәтижелері мен сервис ұсынған ұсынымдарды мамандар қосымша тексереді.

«Біз үшін оқытудың нақты жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен байланысты болуы маңызды. Цифрлық құралдар адамның дағдыларын бағалауға, дамытуды қажет ететін бағыттарды анықтауға және қолайлы білім беру бағдарламаларын таңдауға мүмкіндік береді. Алайда басты нәтиже тек оқудан өту емес, алған білімін тәжірибеде қолданып, жұмысқа орналасу мүмкіндігі болуы керек», – деп атап өтті Coursera компаниясының Орталық Азия бойынша аға директоры Лариса Уиткрофт.

Изображение

Cities Deliver жобасын Rockefeller Foundation және OpenAI Foundation қорларының Seed бағыты бойынша өтетін байқауына ұсыну жоспарланып отыр. Гранттық қаржыландыру көлемі 24 ай мерзімге 500 мың АҚШ долларынан 1 миллион АҚШ долларына дейінгі соманы құрайды. Өтінім қабылдаудың бірінші кезеңі 2026 жылғы 30 қарашада аяқталады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бастаманы іске асыруға Палата мен оның өңірлік құрылымдарының қатысуын және ынтымақтастықты дамытудың келесі қадамдарын талқылады. Білім беру платформалары мен жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимыл кадрлар даярлау жүйесі мен бизнес қажеттіліктерінің байланысын нығайтуға, заманауи құзыреттерді меңгеру мүмкіндіктерін кеңейтуге және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге мүмкіндік береді.