«Атамекен» өңдеу өнеркәсібін дамыту және отандық өнімді өткізу нарығын кеңейту бойынша жаңа шаралар ұсынды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдау және өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралды. «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы қазақстандық өнімге тұрақты сұраныс қалыптастыру, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру және кәсіпорындардың қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту жөніндегі бизнес ұсыныстарын таныстырды.
Өндірушілерді қолдаудың негізгі құралдарының бірі – Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі. «Атамекен» ҰКП Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсетіп, өтінімдерді қарауға қатысады және туындаған мәселелерді шешуге жәрдемдеседі.
Сондай-ақ қазақстандық өндірушілердің құрылыс саласына, соның ішінде «Халықтық құрылыс» бағдарламасына қатысуын кеңейтуге ерекше назар аударылды. Мемлекеттік сатып алу саласында қабылданған шешімдер тауар жеткізу мерзімін 60 күнтізбелік күнге дейін ұзартуды, төлем мерзімін 10 жұмыс күніне дейін қысқартуды, аванс мөлшерін 50%-ға дейін ұлғайтуды және Тізілімге енгізілген жеткізушілерге 3% мөлшерінде шартты жеңілдік беруді көздейді.
Сонымен қатар Палата мемлекеттік инвестициялар есебінен салынып жатқан нысандарда қазақстандық қамту үлесіне қойылатын талаптарды күшейту қажет деп санайды. Атап айтқанда, жұмыстар құрамындағы тауарларды электрондық сауда алаңы арқылы сатып алуды қамтамасыз ету, жобаларға сараптама жүргізуді және белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту ұсынылады. Бұдан бөлек, Палата қазақстандық қамту үлесі 60%-дан асатын мердігерлерге қосымша шартты жеңілдік беруді ұсынады.

«Өңдеу өнеркәсібін дамыту ішкі сұраныстың тұрақтылығына тікелей байланысты. Өндіріс үшін жағдай жасау жеткіліксіз, отандық кәсіпорындардың өткізу нарықтарына, соның ішінде мемлекеттік сатып алулар мен ірі инвестициялық жобалар арқылы қол жеткізуін қамтамасыз ету маңызды. Қазақстандық өнім нақты бәсекелестік артықшылықтарға ие болып, оны пайдалану жөніндегі талаптар жүйелі түрде орындалуы тиіс», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев.
Өндірушілердің тұрақты жұмыс істеуінің тағы бір маңызды шарты – жеткізілген өнім үшін төлемнің уақтылы жүргізілуі. Осыған байланысты Палата Қазақстанда факторинг нарығын дамыту жөніндегі Кешенді жоспар әзірлеп, қабылдауды ұсынады. Ол кәсіпорындардың қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтіп, жеткізілімдер мен ақшалай талаптарды электрондық растау рәсімдерін жеңілдетуге бағытталуы тиіс. Сонымен қатар өтінімдерді бағалау кезінде ең алдымен тапсырыс берушінің төлем қабілеттілігін ескеріп, акцептсіз есептен шығару тетігін енгізу ұсынылады.
Баяндама барысында Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп отандық өндірушілерді қолдау бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері де атап өтілді. Қазақстандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған жеңілдетілген лизинг бағдарламалары енгізілді. Соның нәтижесінде сатып алынған ауыл шаруашылығы техникасы құрамындағы отандық өнімнің үлесі 95%-ға жетті. «Агробизнес» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарды айналым қаражатымен жылдық 5% мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен қаржыландыру бағыты іске қосылды. Сондай-ақ пестицидтер, тыңайтқыштар мен тұқымдарға жұмсалған шығындарды өтеудің сараланған нормативтері бекітілді.
Отандық өндірушілердің нарықтағы позициясын одан әрі нығайту үшін Палата ішкі нарықты «сұр» импорттан, демпингтен және жалған өнімдерден қорғау бойынша ведомствоаралық үйлестіруді күшейтуді ұсынады. Сонымен қатар экспортты қолдау мақсатында азық-түлік өнімдерін өңдеу деңгейін бағалау өлшемшарттарын қайта қарау, сондай-ақ көлік шығындарын субсидиялау мен өтеуге арналған қаражатты кезең-кезеңімен бөлу мәселесін қарастыру ұсынылды.
«Атамекен» ҰКП бизнеске қолдау көрсету шараларын жетілдіру бойынша Үкіметпен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жалғастырады. Басты міндет – отандық өндірістің, әсіресе өңдеу өнеркәсібінің дамуын өткізу нарықтарының кеңеюімен, қосылған құнның өсуімен және қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің артуымен ұштастыратын жағдай қалыптастыру.