«Жұмыс істеңдер, бірақ ақша күтпеңдер»: ШҚО-да мердігер мемлекеттік тапсырыс берушінің даулы шешімдерінің құрбаны болды
332 миллион теңгенің келісімшарты, орындалған жұмыстар, сот медиациясы және тапсырыс берушінің жұмыс нәтижесін қабылдаудан бас тартуы. ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесінің отырысында жеңіл атлетика манежін ағымдағы жөндеу деген желеумен күрделі жөндеуге тән жұмыстар жүргізілуі мүмкін болғаны белгілі болды. Енді мемлекеттік тапсырыс беруші мердігерден шартта көзделмеген халықаралық сертификатты талап етіп, орындалған жұмыстардың ақысын төлеуден бас тартып, сот шешімін күтуді ұсынып отыр.
2025 жылдың тамыз айында «ВК Строй Плюс» ЖШС ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Шығыс Қазақстан облыстық жеңіл атлетикадан мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебі» КММ-мен манеждің жабындысын ағымдағы жөндеуден өткізуге 332 153 249 теңгеге шарт жасасқан.
Мердігердің айтуынша, шартта көзделген жұмыстар, оның ішінде өз қаражаты есебінен орындалған. Алайда түпкілікті есеп айырысудың орнына кәсіпорын сотқа берілген талап-арызға тап болды. Тапсырыс беруші компанияны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тануды, 100 миллион теңгеге жуық авансты қайтаруды және 6,6 миллион теңгеден астам тұрақсыздық айыбын өндіріп алуды талап етті.
Кәсіпкер өз кезегінде орындалған жұмыстар актілерін жарамды деп тану туралы қарсы талап-арыз берді.
2026 жылдың көктемінде тараптар ШҚО экономикалық соты бекіткен медиативтік келісімге келді. Тапсырыс беруші өз талаптарынан бас тартып, мердігердің қарсы талаптарын мойындады және орындалған жұмыстар актілеріне қол қоюға міндеттенді. Ал кәсіпкер тұрақсыздық айыбын төлеуге келісті.
Алайда кейін сот ұйғарымының күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілді. 21 қыркүйекте сот екі тараптың да талап-арыздарын қанағаттандырудан бас тартты. Соған қарамастан сот дауы жалғасты. Ал орындалған жұмыстардың ақысын төлеу мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің отырысында күтпеген жерден шарттың орындалуына ғана емес, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырудың заңдылығына да қатысты сұрақтар туындады.
Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің өкілі сатып алу ағымдағы жөндеу ретінде рәсімделгеніне назар аударды. Алайда мердігерге қойылып отырған талаптар, оның бағалауынша, жөндеудің күрделі сипатта екенін көрсетеді.
Мұндай сатып алу тәсілі жобалық құжаттаманы әзірлеу мен қажетті сараптамалардан өтпеу үшін таңдалуы мүмкін деген болжам айтылды.
Сонымен қатар Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің өкілі сатып алу қорытындылары шығарылғаннан кейін ведомство тиісті бақылау тетігі шеңберінде сатып алу рәсімінің өзін тексере алмайтынын түсіндірді. Мұндай бақылау сатып алуды жариялаудан бастап жеңімпазды анықтауға дейінгі кезеңдерде жүзеге асырылады.
Осыдан заңды сұрақ туындайды: егер заңбұзушылықтар шартты орындау барысында анықталса, сатып алуды дайындау кезінде қабылданған шешімдер үшін кім жауап беруі тиіс? Өйткені техникалық ерекшелікті мемлекеттік тапсырыс берушінің өзі бекітті, ал мердігер ұсынылған талаптар бойынша шарт жасасты.
Тапсырыс берушінің қосымша талаптары да көптеген сұрақ туғызды. «ВК Строй Плюс» ЖШС-нен манеждің халықаралық жарыстар өткізу стандарттарына сәйкестігін растайтын сертификат, сондай-ақ орындалған жұмыстардың фото және бейнежазба түріндегі дәлелдері талап етілуде.
Кеңес төрағасы Игорь Шацкий бұл ұстанымды қатаң сынға алды.
«Тапсырыс берушінің талаптарын түсіндіру мүмкін емес. Неліктен алдымен мердігермен шарт жасасып, кейін өздеріңіз орындалған жұмыстармен келіспей отырсыздар? Манеждің халықаралық стандарттарға сәйкестігін растайтын сертификатты, фото және бейнетіркеуді талап етесіздер. Бірақ бұлар күрделі жөндеуге қойылатын талаптар», – деді ол.
Талқылауға қатысушылардың пікірінше, тапсырыс беруші іс жүзінде бастапқы шарт талаптарында көзделмеген міндеттемелерді жүктеп отыр.
Әсіресе орындалған жұмыстардың ақысын төлеу мәселесі қызу пікірталас тудырды.
«Жұмыстар орындалды, манежді пайдаланасыздар, бірақ ақысын төлеуге ниеттеріңіз жоқ па?» – деп сұрады Игорь Шацкий мемлекеттік мекеме өкілдерінен.
Тапсырыс беруші халықаралық сертификатсыз манеж жұмыс істей алмайтынын, мекеме көрсетілген соманы төлеуге келіспейтінін және демонтаж жұмыстарын жүргізуге ниетті екенін мәлімдеді.
Мемлекеттік аудит өкілінің реакциясы да өткір болды:
«Мердігер шарт талаптарын орындады, өз қаражатын жұмсады, ал сіздер ақысын төлемейсіздер ме? Бұл – ақылға сыймайтын жағдай», – деді ол.
Алайда тапсырыс берушінің өкілі: «Сот қандай шешім шығарса, соның негізінде шешім қабылдаймыз», – деп жауап берді.
Ал мердігердің өзі шартта мұндай міндеттеме болмаса да, халықаралық сертификатты ұсынуға дайын екенін жеткізді.
«Біз сертификатты беруге дайынбыз, бірақ алдымен орындалған жұмыстардың ақысын төлеу шартымен», – деді «ВК Строй Плюс» ЖШС өкілі.
Қалыптасқан жағдайға ең қатаң бағаны Игорь Шацкий берді. Оның пікірінше, лауазымды тұлғалардың ықтимал қателіктері үшін жауапкершілікті кәсіпкерге арту әрекеті байқалады.
«Мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасайды, ал кейін өздері сол шартпен келіспейді. Жобалық құжаттама жасамау және қажетті рәсімдерден өтпеу үшін күрделі жөндеуді ағымдағы жөндеу ретінде өткізгісі келеді. Енді Спорт басқармасы жағдайды түзетіп, барлық кінәні мердігерге артқысы келеді», – деді Кеңес төрағасы.
Оның пікірінше, тапсырыс берушінің әрекеттері кәсіпкерді тығырыққа тіреген, ал бұрынғы және қазіргі басшылар қабылдаған шешімдер үшін жауапкершілікті бизнеске жүктеуге тырысуда.
Игорь Шацкий прокуратураға жүгініп, лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беруді сұрады.
Сатып алуды ағымдағы жөндеу ретінде рәсімдеу туралы шешімді кім қабылдады? Неліктен техникалық ерекшелікке күрделі жөндеуге тән жұмыстар енгізілді? Шарт жасалғаннан кейін қосымша талаптар қандай негізде пайда болды? Ең бастысы, тапсырыс берушінің ықтимал қателіктері неге мердігердің қаржылық шығынына айналуы тиіс?
«ВК Строй Плюс» ЖШС үшін бұл даудың салдары ауыр болуы мүмкін. Орындалған жұмыстар үшін төлемнің алынбауы мен сот шығындарынан бөлек, компания мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары тізіліміне ену қаупіне тап болып отыр. Бұл оның алдағы қызметіне елеулі шектеулер қоюы мүмкін.
Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес тапсырыс берушіге мердігермен келіссөздерді қайта бастауды, орындалған жұмыстар актілерін қарауды және негізді ескертулер болмаған жағдайда жұмыстарды қабылдап, ақысын төлеуді ұсынды.
ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасына дауды басшылық деңгейінде қарауды ұйымдастыру, нақты орындалған жұмыстарды салыстырып тексеру, келіспеушіліктердің себептерін анықтау және жағдайды реттеу бойынша шаралар қабылдау ұсынылды.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасы компанияға құқықтық қолдау көрсетуді жалғастырып, прокуратураға тиісті өтініштер жолдайды, сондай-ақ келіссөздер жүргізуге және мердігердің мүдделерін қорғауға жәрдемдеседі.
Манежді жөндеу төңірегіндегі жағдай бір ғана шарттың шеңберінен шығатын жүйелі мәселені көрсетті. Мемлекеттік тапсырыс беруші сатып алу талаптарын өзі белгілеп, шарт жасасады, ал кейін бастапқы келісімде көзделмеген талаптарды алға тартады. Соның салдарынан кәсіпкер орындалған жұмыстың ақысын ала алмай қалуымен қатар, жаңа мемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндігінен де айырылуы ықтимал.
Ендігі басты мәселе кезекті сотта кімнің жеңіске жететіні емес. Неліктен мемлекеттік қаражатқа жауапты әрі шарт талаптарын өзі белгілейтін тұлғалардың ықтимал қателіктері үшін бизнес шығынға ұшырауы тиіс?