Бизнес-омбудсмен Премьер-Министрге бизнесті цифрлық бақылау жүйесіне көшу жөнінде ұсыныстар жолдады
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров автоматтандырылған тәуекелдерді басқару жүйесін (ТБЖ) толыққанды іске қосу жөніндегі ұсыныстарын Премьер-Министрге жолдады. Мұндай жүйе бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, тексерулерді тәуекел деңгейіне қарай неғұрлым дәл бағыттауға мүмкіндік береді.
Ұсыныстар Мемлекет басшысының бақылау-қадағалау жүйесін жетілдіру жөніндегі саясатын іске асыру аясында әзірленді. Бұл бағыттағы негізгі құралдардың бірі – реттеуді «таза парақтан» бастау реформасында көзделген ТБЖ.
2021 жылы кәсіпкерлік саласындағы жаңа реттеу саясатын енгізу туралы заң қабылданды. Оның негізіне мемлекеттік реттеу адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, қоғамдық тәртіп пен имандылыққа қауіп төнген жағдайда ғана қажет деген қағидат қаланды.
Осы мақсатта ақпараттық жүйелердің деректері негізінде тәуекел деңгейін анықтайтын, тексеруге жататын субъектілердің тізімін қалыптастыратын және бақылау іс-шараларын жоспарлайтын икемді автоматтандырылған жүйені енгізу көзделген. Мұндай жүйе болмаған жағдайда заңнама кәсіпкерлік субъектілерін тексеру және оларға бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу санын шектейді. Аталған бақылау шараларымен кәсіпкерлік субъектілерінің 5%-дан аспайтын бөлігі қамтылуы мүмкін.
Алайда төрт жылдан астам уақыт өтсе де, реформаның негізгі тетіктерінің бірі әлі күнге дейін толық көлемде іске қосылған жоқ.
Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, 2026 жылы автоматтандырылған шешімдер автоматтандыру көзделген 66 саланың тек 15-інде ғана енгізілген. Қалған 51 салада мұндай шешімдер жоқ. Сонымен қатар бақылауға жататын кәсіпкерлер саны туралы нақты деректер де жоқ. Бұл белгіленген 5% шектеудің сақталуын объективті бағалауға мүмкіндік бермейді.
Қолданыстағы тәсілдерді қайта қарау қажеттігін Бас прокуратураның статистикасы да көрсетеді. 2025 жылы бизнеске жүргізілген барлық тексерулердің 92%-ы жоспардан тыс болған. Нәтижесінде құқық бұзушылықтар анықталмаған тексерулердің үлесі 37%-дан 43%-ға дейін өскен. Бұдан бөлек, 1,5 мыңнан астам заңсыз тексеру фактісі анықталған.
Бақылау жүктемесі бизнес санаттары арасында біркелкі бөлінбеген. 2025 жылы шағын кәсіпкерліктің 64 субъектісіне бір тексеруден келген. Ал орта бизнес субъектілерінің әрқайсысына орта есеппен 2,5 тексеруден, ірі бизнес субъектілеріне 4,8 тексеруден жүргізілген.
Басқаша айтқанда, шағын бизнестен орта бизнес санатына өткен кезде бір кәсіпкерге шаққандағы тексеру қарқындылығы 150 еседен астам артады. Мұндай жүктеме компаниялардың өсуіне қосымша кедергі келтіруі мүмкін.
Әкімшілік санкциялар көлемінде де біркелкілік байқалмайды. Жалпы сомасы 96,4 млрд теңге айыппұлдың 60,3 млрд теңгесі немесе 63%-ы ірі бизнеске тиесілі.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 302 бабында айыппұлдар негізінен айлық есептік көрсеткішпен белгіленген. Бұл ретте кәсіпкерлік субъектілерінің санатына қарай олардың мөлшері екі-төрт есе ұлғаяды. Алайда компаниялардың табысы ондаған, тіпті жүздеген есе ерекшеленуі мүмкін.
Айыппұлды пайыздық мөлшерлемемен есептеу тек 23 бапта көзделген. Оның мөлшері де бизнес санатына байланысты белгіленеді. Осылайша, компанияның ауқымы екі рет ескеріледі.
«Мәселе тексерулерді ірі бизнестен шағын және орта бизнеске ауыстыру туралы болып отырған жоқ. Мұнда тепе-теңдікті сақтау қажет. Бұған жаппай көшпелі тексерулерден деректерге негізделген цифрлық бақылауға, яғни толыққанды жұмыс істейтін автоматтандырылған ТБЖ-ға көшу арқылы ғана қол жеткізуге болады», – дейді Қанат Нұров.
Бизнес-омбудсменнің пікірінше, мәселе тек автоматтандыру деңгейінің жеткіліксіздігінде емес. Мемлекеттік бақылаудың объективті болуы үшін тәуекелдерді бағалаудың бірыңғай, ғылыми негізделген әдіснамасы қажет. Цифрландырудың өзі мұндай нәтижеге кепілдік бермейді.
Осыған байланысты Бизнес-омбудсмен кеңсесі Премьер-Министрге мынадай ұсыныстар жолдады:
Автоматтандырылған ТБЖ-ның бірыңғай әдіснамасын әзірлеу. Ол тәуекелдерді бағалау қағидаттарын, дереккөздерді, тәуекел бейіндерін қалыптастыру тәртібін, деректер сапасына қойылатын талаптарды және бақылауға жататын субъектілерді іріктеу тетіктерін айқындауы тиіс.
Бірыңғай цифрлық ТБЖ-ны кезең-кезеңімен енгізу. Жұмысты кәсіпкерлерге әкімшілік қысым ең жоғары салалардан бастаған жөн.
ТБЖ өлшемшарттарының ашықтығын қамтамасыз ету. Тәуекел модельдерінің өлшемшарттары мен салмақ коэффициенттерін ашық қолжетімділікке жариялау ұсынылады.
Бұл шараларды іске асыру мемлекеттік бақылауды деректер мен тәуекелдерді объективті бағалауға негізделген жүйеге көшіруге мүмкіндік береді.