«Атамекен» Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесі Ақсу қаласының жылу беруші ұйымымен арадағы дауда бизнесті қолдады
Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының Ақсу қалалық филиалына кәсіпкерлік субъектілерінен «Теплосервис-Ақсу» КМК қолданатын жылу энергиясының шығындарын есептеу және төлемақы есептеу тәртібімен келіспейтіндіктері туралы ұжымдық өтініш келіп түсті. Осы жағдайды зерделеу мақсатында «Атамекен» ӨКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің көшпелі отырысын өткізді. Сонымен қатар кәсіпкерлерге Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «BusinessGo» жобасы таныстырылып, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының ережелері түсіндірілді.

Кеңес отырысын оның төрағасы Нұрлан Нәбиев жүргізді. Оған «Атамекен» ӨКП директорының орынбасары Мұрат Мұсатаев және Палатаның Ақсу қалалық филиалының директоры Сайлаугүл Жақыпова қатысты. Қала кәсіпкерлері жылу шығындары үшін төлемақыны есептеу және есепке жазу кезінде қолданылатын тәртіпке қатысты өз ескертулері мен қарсылықтарын білдірді.
Олардың айтуынша, монополист жылу үшін төлемақыны есептеудің өз әдістемесін негізсіз қолданады, ал төлемдерді есепке жазу заңсыз жүргізіледі. Кеңес төрағасы мен мүшелері «Теплосервис-Ақсу» КМК-ға қолданылатын есептеу әдістемесінің негізділігіне жан-жақты талдау жүргізілгенге, есептелген төлемдердің дұрыстығы тексерілгенге және кәсіпкерлік субъектілерімен туындаған келіспеушіліктер реттелгенге дейін жылу энергиясының шығындары үшін төлемақы есептеуді уақытша тоқтату мәселесін қарауды ұсынды. Ақсу қаласының әкімдігіне монополистпен бірлесіп, қолданылатын әдістемеге талдау жүргізу және жылу шығындары бойынша есептеулердің дұрыстығын тексеру үшін энергетика саласындағы бейінді мамандарды тарту ұсынылды.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкерлерге жүргізілген есептеулер, олардың негіздемесі және қабылданған шешімдер туралы ақпарат беру жөнінде ұсыныс жасалды. Бұдан бөлек, кеңес қала билігіне жылу шығындарын есептеу мен төлемдерді есепке жазу барысында заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, оларға жол берген лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылдау мәселесін қарауды ұсынды. «Атамекен» Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің осы көшпелі отырысында бизнес өкілдерінің қордаланған сұрақтарына да жауап берілді.
«Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы бизнес мәселелеріне облыс орталығында ғана емес, өңірдің қалалары мен аудандарында да назар аударуы тиіс. Сондай-ақ «Атамекен» ӨКП-ға өз мәселелерімен тек ірі бизнес қана емес, орта, шағын және микробизнес өкілдері де жүгінетінін түсіну қажет. Біздің мамандарымыз бен заңгерлеріміз әрбір жағдайды жеке-жеке мұқият зерделейді», – дейді Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам.