KSP Steel компаниясы ADIPEC 2026 көрмесінің қорытындысы бойынша халықаралық нарықтағы позициясын нығайтуда
KSP Steel компаниясы 2–5 қараша аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында өткен әлемдегі ең ауқымды энергетикалық көрмелердің бірі – ADIPEC 2026 көрмесіне қатысу қорытындысын шығарды. Көрмеге қатысу нәтижесінде экспорттық жеткізілімдердің жаңа перспективалары ашылып, халықаралық іскерлік байланыстар кеңейтілді және технологиялық даму саласында маңызды келісімдерге қол жеткізілді.

ADIPEC 2026 көрмесіне 240 000-нан астам келуші, 2 260 компания және 54 ұлттық мұнай компаниясының өкілдері қатысты. Осылайша, көрме мұнай-газ саласындағы өндірушілер, жеткізушілер мен тапсырыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі халықаралық алаңдарының біріне айналды. Көрме аясында KSP Steel делегациясы халықаралық мұнай-газ компанияларының өкілдерімен, әлеуетті тапсырыс берушілермен және стратегиялық серіктестермен 230-дан астам іскерлік кездесу өткізді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша 28 000 тонна болаттан жасалған жіксіз құбыр жеткізуге сұраныстар түсті. Бұл шетелдік нарықтардың қазақстандық өндіруші өнімдеріне деген жоғары қызығушылығын көрсетеді. Ынтымақтастықты дамытудың перспективалы бағыттарының бірі – Мысырмен серіктестікті кеңейту. Бұл елге құбыр өнімдерін жеткізудің жоспарланған жылдық көлемі 16 000 тоннадан асады.
Қол жеткізілген уағдаластықтар компанияның экспорттық географиясын одан әрі кеңейтуге және Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка нарықтарындағы қатысуын нығайтуға негіз қалайды. Көрменің маңызды нәтижелерінің бірі Marubeni компаниясының премиум санаттағы бұрандалы қосылыстарын пайдалану лицензиясын алу туралы келісімшартқа қол қою болды. Бұл қадам KSP Steel компаниясының технологиялық мүмкіндіктерін дамытуға, өнім түрлерін кеңейтуге және халықаралық мұнай-газ нарығындағы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
KSP Steel – Қазақстандағы мұнай-газ саласына арналған болаттан жасалған жіксіз құбырларды толық өндірістік цикл бойынша шығаратын жалғыз өндіруші. Кәсіпорын болат балқытудан бастап құбыр өндіру, термиялық өңдеу және дайын өнімнің сапасын бақылауға дейінгі барлық өндірістік кезеңдерді біріктіреді. ADIPEC 2026 көрмесіне қатысу қазақстандық металлургияның экспорттық әлеуетін растады және отандық өнімді әлемдік нарыққа шығарудың жаңа мүмкіндіктерін ашты. KSP Steel халықаралық нарықтағы қатысу аясын жүйелі түрде кеңейтуді, технологиялық құзыреттерін дамытуды және Қазақстанның әлемдік мұнай-газ саласына арналған жоғары сапалы құбыр өнімдерін өндіруші ел ретіндегі мәртебесін нығайтуды жалғастыруда.
«Павлодарлық компаниялардың өз өнімдерін өткізу нарығын кеңейтіп немесе шығаратын өнімдерінің түрлерін көбейтіп жатқанына біз әрдайым шын жүректен қуанамыз. Өйткені бұл компанияның өзінің дамуына, ал түптеп келгенде, Павлодар облысының экономикасының өркендеуіне ықпал етеді», – дейді Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам.