АЭА қызметінің тоқтатылуына және кедендік рәсімдерді аяқтауға қатысты мәселелер талқыланды

18.11.2026
АЭА қызметінің тоқтатылуына және кедендік рәсімдерді аяқтауға қатысты мәселелер талқыланды

KPMG алаңында бизнес өкілдерінің, «Атамекен» ҰКП, Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті және «Астана – жаңа қала» АЭА кеден бекеті өкілдерінің қатысуымен семинар өтті.

Іс-шара 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) қызметін тоқтатуға, еркін кедендік аймақ (ЕКA) кедендік рәсімін аяқтау тәртібіне және алдағы кезеңдегі кедендік ресімдеу ерекшеліктеріне арналды.

Семинар барысында «Атамекен» ҰКП, Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, кеден бекеті және KPMG сарапшылар тобының өкілдері ЕКА рәсімін аяқтаудың құқықтық және практикалық аспектілерін түсіндірді. Тауарларды алдын ала түгендеуге, кедендік, қоймалық және бухгалтерлік есеп деректерін салыстырып тексеруге, сондай-ақ растайтын құжаттарды дайындауға ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы кодекске түзетулер пакетін әзірлеп жатқаны атап өтілді. Ұсынылып отырған өзгерістердің бірі АЭА қызметі тоқтатылған кезде ЕКА кедендік рәсімін аяқтау ерекшеліктерін, оның ішінде кедендік операцияларды жүргізу тәртібін, мерзімдері мен қажетті құжаттар тізбесін уәкілетті орган айқындайтын норманы бекітуді көздейді.

Бұл бизнес пен мемлекеттік кірістер органдары үшін бірыңғай іс-қимыл тәртібін белгілеуге және кеден заңнамасын қолдану кезінде туындайтын түсініксіздіктерді жоюға мүмкіндік береді.

Семинар аясында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, «Атамекен» ҰКП және мемлекеттік органдар өкілдерінен ашық диалог форматында түсініктемелер алды. Қатысушылар ЕКА рәсімін аяқтау кезінде туындайтын практикалық жағдайларды талқылап, мемлекеттік органдар тарапынан қосымша түсіндіруді қажет ететін мәселелерді атап өтті. Мұндай формат бизнес үшін өзекті мәселелерді талқылауға және оларды шешудің ықтимал жолдарын қарастыруға мүмкіндік берді.