«Атамекен» ҰКП-да шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа мүмкіндіктері талқыланды

18.11.2026
«Атамекен» ҰКП-да шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа мүмкіндіктері талқыланды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында ҰКП Төралқасының Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің отырысы өтті. Күн тәртібіне салалық бірлестіктермен өзара іс-қимыл, отандық өндірушілерді қолдау және қазақстандық бизнесті ауқымдау мәселелері енгізілді.

Отырыстың негізгі тақырыптарының бірі – отандық қолөнерді дамытуға және қолдан жасалған бұйымдар мен кәдесый өнімдерінің ұлттық саласын қалыптастыруға бағытталған SHEBER жобасының таныстырылымы болды. Бұл бастама шеберлерге әр жерде бір құрылған өндірістен нарықпен жүйелі жұмыс істеу бағытына қарай көшуге, өткізу арналарына қол жеткізуге және қазақстандық өнімді ілгерілету мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектесуді көздейді. «Атамекен» ҰКП бірыңғай оператор ретінде қызмет ете отырып, бағдарламаны үйлестіруді, қатысушылармен жұмысты және шеберлерді қолдау инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз етеді. Бағдарлама 2026-2032 жылдарға арналған. Оның ұзақ мерзімді бағдарларының қатарында 50 мың жұмыс орнын ашу, 1 000 өндірістік цехты іске қосу және ұлттық бренд аясында 10 ірі дистрибьюторды тарту міндеттері бар.

Сондай-ақ, отырыста Орталық Азия Франчайзинг Қауымдастығының (CAAF) қазақстандық брендтерді ауқымдауға байланысты жұмыс бағыттары таныстырылып, әлеуеті зор отандық компанияларды анықтау мен ілгерілетудегі KazBrand ұлттық байқауының рөлі атап өтілді. Франчайзингті дамыту табысты бизнес-модельдерді ткөбейтуге, жаңа кәсіпорындар құруға және ішкі инвестицияларды тартуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Шағын және орта бизнес үшін бұл – өз өңірінің ауқымынан шығып, қызмет аясын кеңейтудің бір жолы.

Бұдан бөлек, жиынға қатысушылар алдағы «Атамекен» ҰКП-ның XIV Съезіне дайындықтың ұйымдастырушылық мәселелерін талқылап, оның кәсіпкерлік қоғамдастықтың өзекті мәселелерін ортаға салатын және Палата жұмысының алдағы басымдықтарын айқындайтын алаң ретіндегі маңызына тоқталды. Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар Ұлттық палатаның салалық бірлестіктермен өзара іс-қимылын одан әрі нығайтудың және шағын және орта бизнесті қолдаудың практикалық құралдарын дамытудың маңыздылығын атап өтті.