Туризм сапалы қызмет көрсетуден және санитариялық талаптарды сақтаудан басталады: Ұлытау облысының кәсіпкерлеріне қоғамдық тамақтану нысандарына қойылатын санитариялық талаптар түсіндірілді

11.11.2026
Туризм сапалы қызмет көрсетуден және санитариялық талаптарды сақтаудан басталады: Ұлытау облысының кәсіпкерлеріне қоғамдық тамақтану нысандарына қойылатын санитариялық талаптар түсіндірілді

Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында Туризм жөніндегі салалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырысқа кеңес төрағасы Ернар Смағұлов қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы санитариялық қауіпсіздік мәселелері және қоғамдық тамақтану нысандарына қойылатын талаптар болды. Өйткені туристік қызметтің сапасы тек қонақжайлылықпен ғана емес, сонымен қатар тазалыққа, азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігіне және келушілердің сеніміне де байланысты.

Отырыс барысында салалық кеңес мүшелері бейінді мемлекеттік органдардың өкілдерімен және қоғамдық тамақтану саласында қызмет атқаратын кәсіпкерлермен бірлесіп, қолданыстағы санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен оларды сақтау тәртібін талқылады.

Ұлытау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен Ұлттық сараптама орталығының өкілдері тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы заңнама талаптарын түсіндіріп, кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді.

Сонымен қатар кәсіпкерлерге BusinessGO цифрлық платформасының мүмкіндіктері таныстырылды. Атап айтқанда, платформаның бизнес-процестерді автоматтандыру, тауарлық есеп жүргізу, онлайн-кассаны пайдалану және кәсіпкерлік қызметтің тиімділігін арттыру бағытындағы функционалдық мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.

Басты мақсат – санитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, өңір тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру.

Мұндай кездесулер бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ қоғамдық тамақтану және туризм салаларындағы қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді.