Ақмола облысында жергілікті тауарлардың дүкен сөрелеріне шығуына көмектесу мәселесі талқыланды

17.11.2026
Ақмола облысында жергілікті тауарлардың дүкен сөрелеріне шығуына көмектесу мәселесі талқыланды

​Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бастамасымен бизнес өкілдерімен кездесу өтті. Диалогтың басты тақырыбы отандық тауар өндірушілердің өнімдеріне жергілікті дүкендер мен ірі сауда желілерінің сөрелерінен өз орнын алуға кедергі келтіретін тосқауылдар болды.

​Жергілікті өндірушілерді қолдау, өткізу нарықтарын кеңейту және өңірлік өнімдердің ритейлге кедергісіз қол жеткізуі — кәсіпкерлікті дамытудың, облыс экономикасын нығайтудың және жаңа жұмыс орындарын ашудың негізгі шарттары.

​Сонымен қатар іс жүзінде өндірушілер сауда желілерімен өзара іс-қимыл жасау кезінде белгілі бір қиындықтарға тап болады. Бұл шарт жасасу талаптары, жеткізушілерге қойылатын талаптар, логистика, ақы төлеу, жеткізу көлемі, маркетингтік және өзге де қосымша шығындар мәселелері болуы мүмкін.

​«Сауда желілері де қатаң бәсекелестік жағдайында жұмыс істейді және олардың табыс пен тауар айналымына байланысты өз экономикалық мүдделері бар. Сондықтан біздің ортақ міндетіміз — өндірушілер мен ритейлдің мүдделерін бір-біріне қарсы қою емес, барлығын қанағаттандыратын ымыралы шешімдер табу. Бұл ашық, тең құқылы және өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Біз нарықтың әрбір қатысушысы өзекті мәселелерді ашық айтып, өз пікірін жеткізе алуына және ұсыныстарын енгізе алуына мүдделіміз», — деп атап өтті Өңірлік палата директорының орынбасары Расул Сыздықов.

​Кездесуге қатысушылар өндірушілердің сауда желілерімен және көтерме сатып алушылармен жұмыс істеу кезінде тап болатын негізгі қиындықтарын егжей-тегжейлі талдады. Көбінесе қосымша алымдар, бонустар және сөредегі басым орын үшін төленетін ақы айтарлықтай салмақ салады. Желілердің тұрақты әрі ірі көлемде тауар жеткізуді талап етуі де кедергі келтіреді, ал шағын немесе маусымдық өндірістерге мұндай кестені ұстану қиынға соғады.

​«Біз мәселенің жергілікті өнім сапасында емес, өндіруші мен сауда нүктесі арасындағы өзара іс-қимылдың қалай құрылғанында екенін көріп отырмыз. Талқылау барысында біз өндірушілеріміз үшін сауда желілеріне кіруді барынша қарапайым, түсінікті және қолжетімді ететін нақты ұсыныстар әзірлеуге ерекше назар аударамыз», — деп атап өтті облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Самат Сайдалин.

​Айта кетейік, 2026 жылғы 20 қазаннан бастап заңнамаға енгізілген өзгерістер (ҚР Сауда және интеграция министрінің м.а. № 235-НҚ бұйрығы) күшіне енді, оған сәйкес дүкендер сауда алаңының немесе сөре кеңістігінің кемінде 30%-ын қазақстандық шығарылған тауарларға бөлуге міндетті. Бұл талап ауданы 100 шаршы метр және одан жоғары стационарлық сауда объектілеріне (шағын дүкендерден бастап 10 000 ш.м. асатын гипермаркеттерге дейін) қатысты.

​Кездесу соңында «Republic Day» және «Bereke Fest» акцияларының қорытындысы бойынша ең белсенді кәсіпкерлер Сауда және интеграция министрлігінің алғыс хаттарымен марапатталды.