«Атамекен» оңалту және банкроттық рәсімдерінің ашықтығын арттыру жөніндегі ұсыныстарын білдірді
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінде өткен кездесуде оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.
Палатаның ұстанымы бизнестің өміршеңдігін сақтауға, борышкерлер мен кредиторлардың құқықтарын қорғауға, берешекті қайтару деңгейін арттыруға және шығындардың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Талқылаудағы негізгі мәселелердің бірі – банкроттық және оңалту рәсімдеріне байланысты әкімшілік шығындар. ҰКП сметаларды қалыптастыру, нақты шығындарды растау және кредиторлар алдында есеп беру бойынша бірыңғай тәсілдерді белгілеу қажет деп санайды. Сондай-ақ тартылатын сыртқы мамандар қызметінің негізділігін қамтамасыз ету, қайталанатын қызметтерді болдырмау және шығындарға қатысты дауларды реттеу тәртібін айқындау маңызды.

Бұдан бөлек, борышкердің мүлкі болмаған жағдайларда басқарушыларға сыйақы төлеу және шығындарды өтеу тетігін талдау ұсынылды. Бұл ретте Палата шығындарды бөлу нақты құқықтық негізге сүйенуі керектігін және оларды адал кредиторларға негізсіз жүктеуге жол берілмейтінін атап өтеді.
Тағы бір маңызды бағыт – өзін-өзі реттеуді дамыту және басқарушылардың жауапкершілігін арттыру. ҰКП өзін-өзі реттейтін ұйымдарға (ӨРҰ) кәсіби әдеп нормаларын сақтау, біліктілікті арттыру, жұмыс сапасын бақылау және шағымдарды қарау функцияларын бекітуді қолдайды. Сонымен қатар басқарушылардың ӨРҰ-ға міндетті мүшелігін реттеушілік әсерді бағалаудан кейін кезең-кезеңімен енгізу ұсынылады. Ұйымдар арасындағы бәсекелестікті және жарналардың ашықтығын сақтап, кәсіпке кіруге негізсіз кедергілердің туындауына, сондай-ақ бизнеске қосымша қаржылық жүктеме түсуіне жол бермеу маңызды.
«Реформалаудың басты міндеті – оңалту және банкроттық рәсімдерін барлық қатысушы үшін барынша тиімді әрі болжамды ету. Бұл ретте банкроттықты тек борышкерді тарату тетігі ретінде ғана қабылдауға болмайды. Егер кәсіпорынның экономикалық әлеуеті, еңбек ұжымы, өндірістік қуаты мен өткізу нарықтары сақталып, төлем қабілетін қалпына келтіру мүмкіндігі болса, қаржылық сауықтыру құралдарын уақтылы қолдану қажет. Шығындар негізді, басқарушылардың жұмысы кәсіби әрі ашық, ал борышкерлер мен кредиторлардың құқықтары сенімді қорғалуы тиіс. Өзін-өзі реттеуді дамыту кәсіпкерлер үшін жаңа кедергілер мен қосымша шығындар туғызбай, қызмет сапасы мен басқарушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталуы керек», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Қаржы секторы департаментінің директоры – Басқарушы директор Мадияр Тұңғышбеков.

Палата Мемлекеттік кірістер комитеті мен ӨРҰ өкілеттіктерін нақты ажыратып, тексерулер мен есептіліктің қайталануын болдырмау маңызды деп санайды. Өзін-өзі реттейтін ұйымдарға жекелеген функцияларды беру олардың жұмыс сапасына қойылатын нақты талаптармен және борышкерлер мен кредиторлардың мүдделерін қорғауға арналған заңнамалық кепілдіктерді сақтаумен қатар жүруі тиіс.
«Атамекен» ҰКП заңнаманы жетілдіруде бизнес мүдделерінің теңгерімін, рәсімдердің ашықтығын және басқарушылардың кәсіби жауапкершілігін арттыруды көздейтін жүйелі тәсілді қолдайды.