Отандық тауар өндірушілерді қолдау – өңір экономикасын дамытудың маңызды факторы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында Үкіметке орта кәсіпорындарды қолдаудың кешенді жоспарын әзірлеу міндетін жүктеді. Аталған жоспар ұзақ мерзімді қаржыландыруды қамтамасыз етуді, технологиялық жаңғыртуды және ірі компаниялармен өзара байланысты нығайтуды көздейді.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау және өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов отандық кәсіпорындар үшін кепілді өткізу нарығын, қаржыландыруға қолжетімділікті және әділ бәсекелестік жағдайларын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев қазақстандық өнімге тұрақты сұраныс қалыптастыру, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру және кәсіпорындардың қаржыландыру көздеріне қолжетімділігін кеңейту жөніндегі бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарын таныстырды.
Ұлытау облысының бизнес-қоғамдастығы бұл бастаманы қолдайды. Отандық тауар өндірушілердің үлесі елеулі өңіріміз үшін аталған шараларды жүзеге асырудың маңызы зор.
Бұл ретте қала құраушы кәсіпорындардың жергілікті өндірушілермен және жеткізушілермен өзара іс-қимылы ерекше рөл атқарады. Мұндай ынтымақтастықты кеңейту қазақстандық қамту үлесін арттыруға, жергілікті бизнесті тұрақты тапсырыстармен қамтамасыз етуге, жұмыс орындарын сақтап, жаңаларын ашуға, сондай-ақ жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Отандық кәсіпкерлердің ірі кәсіпорындардың өндірістік және сатып алу тізбектеріне толыққанды қатысуы маңызды. Бұл үшін әкімшілік кедергілерді азайту, сатып алу рәсімдерін жетілдіру, ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу тәжірибесін кеңейту, сондай-ақ қаржылық құралдардың қолжетімділігін арттыру қажет.
Жергілікті өндірушілерді қолдау – өңір экономикасын нығайтудың, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашудың және Ұлытау облысының тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңызды кепілі!

