Ақмолалық кәсіпкерлерге бизнесті басқарудың жаңа тәсілдері таныстырылды

18.11.2026
Ақмолалық кәсіпкерлерге бизнесті басқарудың жаңа тәсілдері таныстырылды

​Тиімді ойлау техникалары және оларды күнделікті жұмыста, команданы басқаруда әрі жеке істі дамытуда қолдану мәселелері Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында талқыланды.

​Ақмолалық кәсіпкерлермен кездесуді белгілі бизнес-стратег, кәсіпкер, MBA профессоры, JV Team бизнес-білім беру платформасының негізін қалаушы Жексен Құрманбек өткізді.

​«Жексен Васильевич көп жылдан бері бизнес-білім беру саласында еңбек етіп, кәсіпкерлер мен басшыларға арналған оқыту семинарлары мен тренингтерді ұйымдастырып келеді. Оның тәсілінің өзегі — қалыпты шешімдермен шектелмей, жаңа мүмкіндіктерді көруге және алға қойылған мақсаттарға жетудің тиімді жолдарын табуға мүмкіндік беретін ойлау жүйесін дамыту», — деп атап өтті Өңірлік палата директорының м.а. Ақылбек Смағұлов.

​Кездесу барысында Жексен Құрманбек компанияның табысты дамуы үшін кәсіпкерге бизнес-процестермен қатар өз ойлау қабілетін де үнемі жетілдіріп отырудың маңызын айтты. Ахуалды талдай білу, мәселеге әр қырынан қарау, стратегиялық тұрғыда ойлау және стандарттан тыс шешімдер таба білу қазіргі заманғы басшының негізгі қасиеттерінің біріне айналуда.

​Адамдарды басқару және командалық жұмыс мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кадрларды іріктеу мен дамыту, өкілеттіктерді беру, жауапкершілікті бөлу, қызметкерлерді уәждеу және ұжым ішінде тиімді өзара іс-қимыл орнату тақырыптары қозғалды. Спикер команда нәтижелілігі көбіне ортақ мақсатты түсінуге, іс-әрекеттердің үйлесімділігіне және әрбір қызметкердің ортақ істегі өз рөлін сезінуіне байланысты екенін атап өтті.

​Бизнестің өсуі мен масштабталуы да маңызды тақырыптардың бірі болды. Кәсіпкерге басқарудың үйреншікті моделінен қалай шығып, стратегиялық шешімдер қабылдауға уақыт босатуға болады? Қатысушылармен осы және өзге де сұрақтар талқыланды. Күнделікті міндеттерді шешуден жүйелі басқаруға көшу компанияға алға жылжуға қалай көмектесетіні және әрі қарай дамуға қандай мүмкіндіктер ашатыны жөнінде жеке тоқталды.

​Кездесу аясында нақты бизнес-кейстер де талданды. Кәсіпкерлер өз тәжірибесіндегі жағдайлармен бөлісіп, басқарудағы қиындықтар туралы айтты және спикермен бірге оларды шешудің ықтимал жолдарын іздеді.

​«Мұндай формат тиімді ойлау техникаларын құр теория жүзінде емес, бизнес күнделікті бетпе-бет келетін нақты міндеттер арқылы қарастыруға мүмкіндік берді. Бұл алаң бізге жаңа идеялар алуға және бизнесті жүргізудің үйреншікті тәсілдеріне өзге қырынан қарауға жол ашты», — деді «Көкше-нан» ЖШС директоры Құрмет Хасен.