Туризм – экономика өсімінің қозғаушы күші: «Атамекен» мен Туризм министрлігі саланы дамытудың жаңа мүмкіндіктерін талқылады
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында ҰКП Президиумы Туризм саласы комитетінің отырысы өтті. Жиынға ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері қатысты.
Қатысушылар туризм саласын дамытудың, жеке инвестиция тартудың, инфрақұрылымды жетілдірудің және кәсіпкерлерді қолдау шараларын кеңейтудің негізгі мәселелерін талқылады. Күн тәртібінде ұлттық қонақүй брендтерін дамыту, курорттық және туристік нысандарға инвестиция тарту, сондай-ақ экспорттаушыларды қолдау құралдарын келу туризмімен айналысатын туроператорларға қолдану мүмкіндігі қаралды.
Отырысты ашқан Палата басшысы туризм саласындағы жүйелі мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бизнес, «Атамекен» ҰКП және мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігерінің арқасында ұзақ уақыт бойы күн тәртібінде тұрған бірқатар бастамалар бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Олардың қатарында ішкі туризм саласындағы туроператорларды ҚҚС төлеуден босату, курорттық аймақтарды дамыту жөніндегі Жол картасын әзірлеп, бекіту, туристік автобустардың кезектен тыс өтуін заңнамалық тұрғыдан бекіту, 18 жасқа дейінгі балаларды ұлттық парктердің қызметтерін пайдаланғаны үшін төлемнен босату сондай-ақ балалар лагерьлері үшін жеке код айқындау мәселелері бар.
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жазғы туристік маусымның оң нәтижелерін, әсіресе Алакөл жағалауы мен Балқаш курорттық аймағында демалушылар ағыны жоғары болғанын айтты. Оның мәліметінше, соңғы жеті жылда орналастыру орындарының қызметін пайдаланған ішкі туристер саны 85%-ға артқан, ал салаға салынған инвестиция көлемі 2,5 есеге өскен.

«Біз қазақстандықтардың ел ішінде саяхаттауға деген қызығушылығының тұрақты артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл – жергілікті атқарушы органдар мен туристік бизнес өкілдерінің бірлескен жұмысының нәтижесі. Сонымен қатар саланың алдында инфрақұрылымды дамыту, көлік қатынасының қолжетімділігін арттыру және туристік қызметтердің сапасын жақсарту міндеттері тұр. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында инженерлік желілерді жаңғыртуға және кірме жолдар салуға ерекше назар аудару жоспарланып отыр. Мемлекеттік қолдаумен қатар, жеке инвестицияларды белсенді тартуға да жағдай жасау маңызды. Саланың жүйелі мәселелерін шешу бағытында бизнеспен және «Атамекен» ҰКП-мен сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз», – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Отырыс барысында бизнес өкілдері өңірлер мен ұлттық парктердегі қонақүй инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. PANA Group бас директоры Сәуле Жанабаева ұлттық қонақүй брендтері мен орналастыру орындарын дамыту перспективалары туралы баяндама жасады. Colliers Kazakhstan компаниясының атқарушы директоры әрі аға серіктесі Әсел Мұсабекова қонақүй, курорттық және ілеспе туристік нысандарға жеке капитал тарту тәсілдерін таныстырды.
Бұдан бөлек, экспорттаушыларды қолдау құралдарын келу туризмімен айналысатын туроператорларға қолдану мәселесі қаралды. «SkyWay» ЖШС бас директоры Әсем Қозбағарова Қазақстанға шетелдік туристерді тартатын компанияларға қолжетімді қолдау шараларын кеңейту жөнінде ұсыныстарын білдірді.

Кездесу аясында салалық бірлестіктердің – Еуразиялық туризм қауымдастығының, Қазақстан туристік қауымдастығының, Қазақстан туроператорлары қауымдастығының және «Қазақстан туристік индустриясы» өзін-өзі реттейтін ұйымының қызметі таныстырылды. Ұйым өкілдері туристік бизнесті дамытуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жобалары мен бастамалары туралы баяндады.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар инфрақұрылымдық және әкімшілік кедергілерді жою, қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру және мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру үшін мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын одан әрі жалғастыру қажеттігін атап өтті.

«Бүгінде туризмді тек әлеуеті жоғары сала ретінде ғана емес, инвестиция тартуға, жұмыс орындарын ашуға және өңірлердің дамуына серпін беруге қабілетті экономиканың толыққанды секторы ретінде қарастыру маңызды. Шетелдік турист отандық қызметтерге сұраныс қалыптастырып, елге валюталық түсім әкеледі. Ал ішкі туризмнің дамуы шағын және орта бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер туғызады. Біздің ортақ міндетіміз – сапалы туристік өнім қалыптастыру, инфрақұрылымды дамыту және жеке капиталдың туристік жобаларға инвестиция салуына қолайлы жағдай жасау», – деп қорытындылады «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев.
«Атамекен» ҰКП кәсіпкерлер қауымдастығының ұсыныстарын жинақтап, туристік саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, ішкі және келу туризмін дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық туристік нарықтағы позициясын нығайтуға бағытталған шешімдерді мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықтау жұмысын жалғастырады.