ШҚО Кәсіпкерлер палатасы мен адвокаттар бизнесті қорғау үшін күш біріктіреді
Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында өңірлік Адвокаттар алқасының өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті. Тараптар кәсіпкерлердің құқықтарын бірлесіп қорғау, күрделі өтініштер бойынша құқықтық қолдау көрсету және заңнаманы жетілдіру мәселелерін талқылады.
Кездесу бұған дейін қол қойылған Ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды. Негізгі назар адвокаттарды кәсіпкерлердің күрделі әрі қоғамда резонанс тудырған өтініштерін қарауға тартуға, бизнесті негізсіз тексерулерден, әкімшілік қысымнан және мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғауға аударылды.
«Біз қол қойылған Меморандумды жай ғана ресми келісім емес, нақты өзара іс-қимыл құралы ретінде қарастырамыз. Палатаның мүмкіндіктері мен адвокаттар қауымдастығының тәжірибесін біріктіру арқылы бизнес мәселелеріне жедел ден қойып, тиімді құқықтық шешімдер таба аламыз», – деп атап өтті ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жангирханова.
Ынтымақтастықтың жеке бір бағыты заңнаманы жетілдіру жұмыстары болмақ. Адвокаттар қауымдастығының құқықтық реттеудегі олқылықтар мен қайшылықтарды анықтауға мүмкіндік беретін мол практикалық тәжірибесі бар. Ал Кәсіпкерлер палатасы өз кезегінде тиісті ұсыныстарды «Атамекен» ҰКП арқылы республикалық деңгейде ілгерілету мүмкіндігіне ие.
«Адвокаттар күнделікті жұмыс барысында заңнаманы қолдануға қатысты түрлі мәселелермен бетпе-бет келеді. Нақты істерге негізделген ескертулеріміз бен ұсыныстарымыз аз емес. Нақтылауды немесе қайта қарауды қажет ететін құқықтық нормалар бар», – деп атап өтті ШҚО Адвокаттар алқасының төрайымы Ботагөз Ахметжанова.
Сондай-ақ тараптар құқықтың түрлі салалары бойынша адвокаттар пулын қалыптастыру, олардың Палатаның сарапшылық алаңдарына қатысуы, кәсіпкерлер үшін бірлескен консультациялар мен семинарлар өткізу мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар бизнестің құқықтық қорғалуын күшейту және кәсіпкерлік саласындағы жүйелі мәселелерді шешу мақсатында практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.