Павлодарлық әлеуметтік кәсіпкерлер ҚАЖ мекемелерімен ынтымақтастық орнатуды көздейді

19.11.2026
Павлодарлық әлеуметтік кәсіпкерлер ҚАЖ мекемелерімен ынтымақтастық орнатуды көздейді

Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік мәселелер жөніндегі салалық кеңесінің отырысында Қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен өзара іс-қимыл жасау және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері қаралды. Кездесуді ӨКП директоры Айдос Шайхислам жүргізді.

 

Изображение

Кездесуге бизнес-қоғамдастық өкілдері, кәсіпкерлік және сауда басқармасының (КСБ), ҚАЖ департаментінің, «Еңбек-Павлодар» РМК филиалының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өкілдері қатысты.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» мен ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті арасында бірлескен жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына барлық өңірлік департаменттердің өкілдері, сондай-ақ өңірлік кәсіпкерлер палаталарының салалық кеңестерінің төрағалары енді. Бұл өзара іс-қимылдың мақсаты – бірлескен тәсілдерді әзірлеу және әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін дамыту», – деп атап өтті Айдос Шайхислам отырыстың басында.

Изображение

«Атамекен» палатасының әлеуметтік кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі секторының төрайымы Жанар Аубакирова әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне енгізілген бизнес өкілдеріне ұсынылатын жеңілдіктер мен қолдау шаралары туралы айтып берді. Мұндай шаралардың жалпы саны – тоғыз. Олардың қатарында өз ісін жүргізу үшін ғимарат сатып алуға жәрдемдесу, ақпараттық қолдау көрсету (әлеуметтік кәсіпкерлердің қызметін жариялау мақсатында олардың радио мен телеарналар эфиріне шығу тәжірибесі бар), сондай-ақ гранттар алуға көмектесу бар.

Кәсіпкерлік және сауда басқармасының шағын және орта кәсіпкерлікті стратегиялық дамыту бөлімінің басшысы Әмір Байсовтың айтуынша, басқарма кемінде бір жыл жұмыс істеген және өз кәсіпорнында кемінде екі адамды жұмыспен қамтыған әлеуметтік кәсіпкерлерге бес миллион теңгеге дейін грант бере алады.

 

Изображение

«Бүгінде өңіріміздегі әлеуметтік кәсіпкерлер тізілімінде 42 әлеуметтік кәсіпкер тіркелген. Соңғы екі жылдағы олардың санының өсу динамикасы айқын байқалады. Олардың қатарында екі қоғамдық бірлестік, он ЖШС бар, ал қалғандары – жеке кәсіпкерлер», – деді Жанар Аубакирова.

Оның пікірінше, әлеуметтік кәсіпкерлер ҚАЖ департаментімен, ең алдымен, осы жүйеге қарасты мекемелермен өзара жұмысты жолға қоюы қажет. Бұл ретте кәсіпкерлер ведомствоның бизнеске қандай мүмкіндіктер ұсына алатынын зерделеуі керек. «Даму» қорының өңірлік филиалы бағдарламаларын ілгерілету жөніндегі бас менеджері Мәдина Бәденова кәсіпкерліктің осы санатына арналған қордың қолдау шараларын таныстырды.

Кездесу барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауап алды.

 

Изображение