Ақтөбелік кәсіпорындар құрылыстың жаңа мүмкіндіктеріне дайындалуда

19.11.2026
Ақтөбелік кәсіпорындар құрылыстың жаңа мүмкіндіктеріне дайындалуда

Көпірлерге арналған темірбетон конструкциялары, болат құбырлар, газ және қазандық жабдықтары - мұның барлығы Ақтөбеде өндіріледі. Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов бастаған өкілдер жергілікті кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктерімен танысты. 

Қазақстан Президенті 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады. Бұл отандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Алдағы уақытта жолдар мен тұрғын үйлер салу, әлеуметтік нысандар тұрғызу, өнеркәсіптік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту құрылыс материалдарына, темірбетон конструкцияларына, құбырлар мен инженерлік жабдықтарға деген сұранысты арттырады. Демек, жергілікті өндірушілер үшін ірі жобаларға қатысу аясын кеңейтуге мүмкіндік туып отыр. Ақтөбе кәсіпорындарының бұл міндеттерге қаншалықты дайын екенін облыстық Кәсіпкерлер палатасы зерделеуде. 

Изображение

Танысу мақсатындағы жұмыс сапары аясында Палата өкілдері «Батыс МЖБК» ЖШС, Ақтөбе құбыр зауыты және «Алға Проф Строй» ЖШС кәсіпорындарына барды. Негізгі мақсат - өндіріс орындарының мүмкіндіктерін көзбен көріп, шығарылатын өнім түрлерімен танысу, өндірісті кеңейту жоспарларын талқылау және қолдауды қажет ететін мәселелерді анықтау. 

Араланған нысандардың бірі – «АЗМК GROUP» холдингінің құрамына кіретін заманауи толық циклді «Батыс МЖБК» ЖШС зауыты. Кәсіпорын жол және өнеркәсіп құрылысына арналған құрастырмалы темірбетон және бетон конструкцияларын өндіруге маманданған. Өнім ассортиментінде 100-ден астам түр бар. Олардың қатарында көлік инфрақұрылымын салуда кеңінен қолданылатын көпірге арналған темірбетон арқалықтары да бар. 

Зауыттың жеке бетон араластыру торабы, заманауи жабдықтары мен өндірістік алаңдары бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын 30 мың текше метр өнім өндірген, ал меншікті капиталға салынған инвестиция көлемі 1,8 млрд теңгеге жеткен. Мұнда 130-дан астам білікті маман еңбек етеді. Кәсіпорын өнімдері Қазақстанның барлық өңірлеріне және ТМД елдеріне жеткізіледі. Олар Тобыл өзені арқылы өтетін көпірлердің, Арал мен Ақтөбедегі көпір құрылыстарының, Ақтөбе - Атырау және Үшарал - Достық автожолдарының, сондай-ақ Теңіз бен Қарабатандағы ірі өнеркәсіптік нысандардың құрылысында қолданылуда. Бұл - Ақтөбеде өндірілген өнімнің бүгінде ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға үлес қосып отырғанының нақты көрінісі. 

Изображение

Құрылыс саласы үшін әлеуеті жоғары тағы бір кәсіпорын - Ақтөбе құбыр зауыты. Құны 3,5 млрд теңгені құрайтын нысан 2024 жылы пайдалануға берілген. Мұнда диаметрі 32 мм-ден басталатын болат құбырлар, қуыс профильдер мен фитингтер шығарылады. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты шамамен 20 мың тонна өнімді құрайды. Мұндай өнімдер құрылыс пен өнеркәсіпте, сондай-ақ инженерлік коммуникациялар тарту кезінде кеңінен қолданылады. 

Сонымен қатар кәсіпорын өнімнің өзіндік құнына әсер ететін мәселеге тап болып отыр. Ол - электр энергиясының тарифтері. Өндірістің энергияны көп тұтынуы электр қуатының құнын шығындардың елеулі бөлігіне айналдырып, дайын өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне әсер етеді. Кездесу барысында осы мәселе көтерілді. 

Изображение

Даму перспективасы бар тағы бір кәсіпорын – «Алға Проф Строй» ЖШС. Компания өнеркәсіптік құрылыс, сыртқы газбен жабдықтау, газ және қазандық жабдықтарын өндіру, жеткізу әрі қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Өнімдер қатарында шкафтық және блоктық газ реттеу пункттері, бу және су жылыту қазандықтары, қысым реттегіштері, сүзгілер және басқа да жабдықтар бар. Сонымен қатар кәсіпорын инженерлік желілерді монтаждау, энергетикалық қазандықтарды жөндеу және техникалық қызмет көрсету, өндірістік желілерді жаңғырту мен автоматтандыру жұмыстарын атқарады. 

Компанияның болашағы зор бастамаларының бірі ерекше назар аудартады. Қазіргі уақытта кәсіпорын тарату крандарын Ресейден сатып алады. Алайда алдағы уақытта оларды өз күшімен шығаратын құю өндірісін іске қосуды қарастырып отыр. Кәсіпкерлердің бағалауынша, мұндай өндіріс Қазақстанда жалғыз болуы мүмкін. Бұл бастама компанияның өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, импорттық өнімнің бір бөлігін отандық өніммен алмастыруға жол ашар еді. Дегенмен жобаны жүзеге асыру үшін қомақты инвестиция, қолжетімді қаржыландыру және тиімді мемлекеттік қолдау шаралары қажет. 

Изображение

Сапар барысында Палата өкілдері кәсіпорын басшыларымен өзекті мәселелерді талқылап, бизнесті қолдаудың қолданыстағы мүмкіндіктері туралы ақпарат берді. Сондай-ақ кәсіпкерлерді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық кеңестердің жұмысына белсенді қатысуға шақырды. Мұндай алаңдар кәсіпкерлік саласындағы жүйелі мәселелерді көтеріп, оларды бірлесе шешуге мүмкіндік береді. 

«Өңірдің өндірістік әлеуетін зерделеу Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы қарсаңында ерекше маңызға ие. Жаңа жобаларды жүзеге асыру кезінде отандық өндірушілердің мүмкіндіктері ескеріліп, ақтөбелік кәсіпорындардың мемлекеттік және ірі тапсырыстарға қатысуына, өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа бағыттарды игеруіне жағдай жасалуы маңызды. Өңірде сұранысқа ие өнім шығарып, ірі инфрақұрылымдық нысандарда жұмыс істеуге қабілетті кәсіпорындар бар. Ендігі міндет - олардың мүмкіндіктерін танытып қана қоймай, әрі қарай дамуына кедергі келтіретін мәселелерді шешуге ықпал ету»,- - дейді Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов. 

 Өйткені ауқымды құрылыс тек құрылыс саласының ғана емес, жергілікті өндірістің дамуына, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға да серпін беруі тиіс.