Қазақстан мен Аустрия Венада өткен Іскерлік кеңес отырысында бірлескен жобаларды талқылады
2026 жылғы 19 қарашада Венада, Аустрияның Федералдық экономика палатасында Қазақстан-Аустрия іскерлік кеңесінің кезекті 11-отырысы өтті. Іс-шара «Қазақстан - Орталық Азияның қақпасы» форумы аясында ұйымдастырылды.
Отырысқа Қазақстанның Аустриядағы Елшісі Ермек Көшербаев, Аустрияның Қазақстандағы Елшісі Андреа Бахер, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов, Іскерлік кеңестің тең төрағалары Вольфганг Хесун мен Мейрам Пшембаев, сондай-ақ Қазақстан мен Аустрия компанияларының өкілдері қатысты.
Мұрат Қарымсақов өз сөзінде ынтымақтастық жылдарында Аустриядан келген тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 3 млрд АҚШ долларынан асқанын атап өтті. Қазақстанда Аустрия капиталының қатысуымен 160-тан астам компания тіркелген. Аустрия - Қазақстанның Орталық Еуропадағы маңызды сауда-экономикалық серіктесі. Аустриялық серіктестермен ынтымақтастық қазақстандық компанияларға инвестиция тартуға, заманауи өнеркәсіптік технологияларды, жабдықтар мен инженерлік шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді.
Екіжақты ынтымақтастықтың басымдықтары қатарында өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, өндірісті жергіліктендіру, технологиялар трансфері және Қазақстанның шикізаттық емес экспортын кеңейту аталды. Бірлескен жобалар үшін машина жасау, дәстүрлі және жаңартылатын энергетика, мұнай-химия, металдар мен аса маңызды шикізатты терең өңдеу, агроөнеркәсіп кешені және логистика перспективалы бағыттар ретінде белгіленді.
Энергетика саласында су электр станцияларын, электр желілерін және өнеркәсіп кәсіпорындарын энергиямен жабдықтау жүйелерін жаңғырту жобаларын, сондай-ақ энергия тиімді жабдықтарды енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Тау-кен металлургия кешеніндегі ынтымақтастықтың келешегі минералдық шикізатты байыту және өңдеу технологияларын тартумен, сондай-ақ қосылған құны жоғары өнеркәсіптік материалдар мен компоненттер шығарумен байланысты. Машина жасау саласында өнеркәсіптік жабдықтар мен жиынтықтауыштарды бірлесіп өндіру, сондай-ақ сервистік орталықтар мен инженерлік зертханалар құру мүмкіндіктерін зерделеу ұсынылды.
Еуропа мен Азияны байланыстыратын көлік бағыты ретінде Орта дәлізді дамытуға ерекше назар аударылды. Инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларды іске асыру үшін Аустрия-Қазақстан өзара байланыс платформасының, Аустрияның Team Austria бастамасының және Еуропаның Global Gateway бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалану ұсынылды. Терминалдарды жаңғырту, мультимодальды тасымалды дамыту, логистиканы цифрландыру және көлік инфрақұрылымын жетілдіру жобаларын бірлесіп әзірлеу басым бағыттардың бірі бола алады.
Агроөнеркәсіп кешенінде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, тамақ өнеркәсібіне арналған жабдық шығару, сақтау мен қаптау технологияларын енгізу және кәсіпорындардың өнімділігін арттыру перспективалы бағыттар ретінде аталды. «Бәйтерек» холдингінің, «Азия Инвест» пен Freedom компанияларының қатысуымен Аустрияның Pessl Instruments компаниясы әзірлеген METOS агромониторинг станцияларының өндірісін Қазақстанда жергіліктендіру және 10 мың станцияны екі өндірістік алаңда құрастыру жобасы пысықталуда. Ақмола облысында Saryarka Agro Group аустриялық серіктестерімен бірлесіп, ет-сүт кластерін құруға арналған «Қойтас» жобасын іске асыруда. Жоба 10 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын, сүт зауыты мен ет комбинатын салуды көздейді.
Мұрат Қарымсақов ANDRITZ Hydro, Frequentis, Felder Group, PlanRadar, OMV және ÖBAG компанияларымен ынтымақтастықты кеңейту бойынша жұмыс жүріп жатқанын да айтты. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы аустриялық компаниялардың жобаларын сүйемелдеуге, жергілікті серіктестерді табуға жәрдемдесуге, жобаларды сараптамалық бағалауға және бизнес пен мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесулер ұйымдастыруға дайын.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы 2027 жылы өнеркәсіптік кооперация және өндірісті жергіліктендіру жөніндегі бірлескен жұмыс тобын құруды, аустриялық бизнеспен пысықтау үшін перспективалы инвестициялық жобалар тізімін әзірлеуді және аса маңызды минералдар мен энергетика бойынша салалық сессия өткізуді ұсынды. Жобалар тізімін әзірлеу кезінде аустриялық компаниялардың технологиялық және инженерлік тәжірибесі Қазақстанның қай салаларында қажет болуы мүмкін екенін ескеру ұсынылды. Бұл екіжақты ынтымақтастықты жаңа салаларға кеңейтуге және бірлесіп пысықтайтын жобаларды айқындауға мүмкіндік береді.
Отырыста Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Аустрия-Қазақстан өзара байланыс платформасы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат екі ел кәсіпорындары арасында тікелей байланыс орнатуға жәрдемдесуді, инвестициялау шарттары, экспорттық мүмкіндіктер мен импортқа деген қажеттілік туралы ақпарат алмасуды, сондай-ақ іскерлік сапарлар мен салалық іс-шараларды қолдауды көздейді.
Форум бағдарламасы Қазақстан мен Аустрия компанияларының B2B келіссөздерімен аяқталды.