Іскер әйелдерге – жаңа мүмкіндіктер: Семейде бизнес-форум өтті

18.11.2026
Іскер әйелдерге – жаңа мүмкіндіктер: Семейде бизнес-форум өтті

Семей қаласында әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және дамытуға арналған «Кәсіпкер әйелдерге арналған бизнес-тур» форумы өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – өңірдегі іскер әйелдердің басын қосып, кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат беру және өзара тәжірибе алмасуға жағдай жасау.

Форумға Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері, мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының мамандары, сондай-ақ өңірдің белсенді кәсіпкер әйелдері қатысты.

Форум барысында сөз сөйлеген Палата директоры М.А. Сүйчинов кәсіпкер әйелдердің өңір экономикасындағы рөліне тоқталып, олардың бастамаларын қолдаудың маңызын атап өтті. Оның ішінде Палатаның кәсіпкерлерге көрсететін қолдау шараларына тоқталды. Атап айтқанда, кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, бизнес жүргізу барысында туындайтын мәселелерді шешуге көмектесу және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануға бағыт-бағдар беру мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының  әлеуеті туралы айтты.

Изображение

Сондай-ақ кәсіпкерлерге «Атамекен» ҰКП қолдауымен жүзеге асырылып жатқан BusinessGO және SHEBER цифрлық платформалары жайлы ақпарат берілді. BusinessGO кәсіпкерлердің күнделікті жұмысын жеңілдетуге бағытталған цифрлық құралдарды ұсынса, SHEBER отандық шеберлер мен қолөнер бұйымдарын өндірушілердің өнімдерін кеңінен танытып, нарыққа шығаруына мүмкіндік береді. Бұл бастамалар шағын бизнес өкілдері үшін өз жұмысын дамытуға және жаңа тұтынушылар аудиториясын қалыптастыруға жол ашады.

Сонымен қатар, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және іскерлік бастамаларды қолдау мақсатында форум аясында Абай облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының өңірлік филиалы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Ары қарай кездесу ашық диалог форматында жалғасып, форум қатысушыларына мемлекеттік қолдау құралдары, жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктері мен қаржыландыру тетіктері жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Салық саласындағы өзекті мәселелер де назардан тыс қалмай, мамандар тарапынан кәсіпкерлердің сауалдарына жауаптар берілді.

Абай облысының Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкер әйелдердің әлеуетін арттыруға, олардың бастамаларына қолдау көрсетуге және бизнесті дамыту жолындағы мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстарды жалғастырады.