«Атамекен» жер дауларында адал кәсіпкерлерді қорғауды күшейтуді ұсынды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма мүшесі – Басқарма Төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова Жоғарғы Сот ұйымдастырған «Кәсіпкерлік қызметтегі және азаматтық сот ісін жүргізудегі адалдық қағидаттары» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты. Өз сөзінде ол жер дауларында бизнесті қорғауға қатысты мәселелерді көтеріп, құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.
Талқылауға сот жүйесінің, мемлекеттік органдардың, бизнес, заң және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Қатысушылар азаматтық істерді қарау кезінде адалдық қағидатын қолдану және тараптардың әрекеттерін бағалау тәсілдерін қарастырды.
Ұлттық палата үшін бұл мәселелердің практикалық маңызы зор. 2026 жылдың тоғыз айында бизнесті қорғау бағыты бойынша 2 758 өтініш қаралған. Олардың жартысынан астамы кәсіпкерлердің пайдасына шешілді. Қорғалған мүліктік құқықтардың жалпы сомасы 35 млрд теңгені құрады. Қаралған өтініштердің 13,4%-ы жер қатынастарына қатысты болды.
Гүлнара Бижанова кәсіпкерлер Палатаға жүгінетін үш негізгі мәселеге тоқталды.

Бірінші мәселе жер учаскелерін беру туралы шешімдердің даулануынан туындайтын салдарға қатысты. Кәсіпкер әкімдіктің шешімі негізінде жер учаскесін алып, оған қаражат салады, нысан салып, өз міндеттемелерін орындайды. Алайда арада бірнеше жыл өткен соң мемлекеттік орган жер учаскесін беру заңдылығына күмән келтіреді. Осыған байланысты Палата кәсіпкердің әрекетін және тиісті шешім қабылдаған мемлекеттік органның жауапкершілігін ескеру қажеттігіне назар аударды.
Екінші мәселе талап қою мерзімінің басталуына байланысты. Кейбір істерде бұл мерзім тексеру жүргізілген күннен бастап есептелсе, басқа жағдайларда мемлекеттік орган болжамды құқық бұзушылық туралы бұрынырақ білуі мүмкін болғаны ескеріледі. Мұндай әркелкі тәсілдер бизнестің жылдар бойы сенім артқан құқықтарының тұрақтылығына әсер етеді.
Үшінші мәселе жылжымайтын мүлікті кейіннен сатып алушылардың құқықтарына қатысты. Кәсіпкер жер учаскесі бар ғимаратты немесе жерге ортақ үлестік құқығы бар үй-жайды сатып алуы мүмкін. Бұрын жасалған мәміленің даулануы оның ішінде кәсіпкерлік қызмет жүргізіліп жатқан нысанға деген құқығына әсер етуі ықтимал. Мұндай дауларда сатып алушының мүлікті иеленген кезде қолжетімді болған ақпаратты білуі және оның адал әрекет етуі маңызды.
«Кәсіпкер нысан салады немесе оны бұрынғы меншік иесінен сатып алады, қаражат салып, жұмысын жолға қояды. Арада бірнеше жыл өткен соң өз құқығын қорғауға мәжбүр болады. Даудың нәтижесіне адал кәсіпкердің өз ісін сақтап қалу мүмкіндігі тікелей байланысты болуы мүмкін», – деп атап өтті Гүлнар Бижанова.
Ұлттық палата жер қатынастары саласындағы сот практикасын жинақтап, жүйелеу және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысында адалдықты бағалау өлшемшарттарын түсіндіру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қабылданған ұсынымдарда адалдық кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар үшін өзара мінез-құлық стандарты ретінде қарастырылды. Сондай-ақ бизнестің заңды мүдделерін ескере отырып, мемлекеттік билік органдары әрекеттерінің дәйектілігі мен болжамдылығы маңызды екені атап өтілді.
Жоғарғы Сотқа азаматтық сот ісін жүргізуде адалдық қағидатын қолдану, оның ішінде адалдықты бағалау өлшемшарттарын түсіндіру мәселесін «Соттардың азаматтық процестік заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» нормативтік қаулысында қарастыру ұсынылды. Ал Әділет министрлігіне Азаматтық кодексте қайшы мінез-құлыққа тыйым салу нормасын бекіту мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Бұл норма тараптың бұрынғы әрекеттері адал контрагенттің құқықтық қатынастардың тұрақтылығына сенім артуына негіз болған жағдайларды қамтиды.
Ұлттық палатаға мемлекеттік органдардың ұстанымдарын өзгертуі және бұрын қабылданған міндеттемелерді сақтамауы салдарынан туындайтын дауларды қоса алғанда, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жұмысын жалғастыру ұсынылды.