Бизнес пен билік арасындағы ашық диалог: Оралда кәсіпкерлерге заңнамадағы жаңашылдықтар түсіндірілді
Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері мемлекеттік сатып алу, бағаны реттеу, зияткерлік меншікті қорғау, бәсекелестікті қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы өзгерістерді уәкілетті орган өкілдерімен тікелей талқылады. БҚО Кәсіпкерлер палатасы мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыстық департаменті бірлесіп ұйымдастырған ауқымды жиын бизнес ортадағы заң үстемдігін нығайтуға бағытталды.
«Заң мен тәртіп: әркімнің жауапкершілігі» тақырыбында өткен басқосу Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдама аясында өтті. Кездесудің басты мақсаты — кәсіпкерлерді құқықтық жаңашылдықтармен таныстырып қана қоймай, мемлекеттік органдармен арадағы ашық әрі сенімді диалог алаңын қалыптастыру.

Бәсекелестік және картельдік сөз байласу: нарықтағы тәуекелдер қандай?
Жиын барысында БҚО бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінің өкілі бәсекелестікке қарсы келісімдер мен картельдік сөз байласулардың алдын алу мәселесіне тоқталды. Спикердің айтуынша, нарық қатысушыларының баға белгілеу, жеткізуші таңдау немесе коммерциялық стратегия әзірлеу кезіндегі дербестігі — адал бәсекелестіктің негізгі қағидаты.
Спикер бәсекелестік заңнамасын бұзу белгілерін нақты мысалдармен түсіндірді:
Бағалық келісім мен ақпарат алмасу: Құрылыс материалдары нарығында бәсекелестердің бағаны бір мезгілде көтеруі немесе жеңілдіктерді тоқтатуы нарықтық жағдайға байланысты дербес шешім болуы да мүмкін. Алайда компания өкілдерінің болашақ бағалар мен сату шарттарын алдын ала келіскен хат алмасуы анықталса, бұл коммерциялық әрекетті үйлестіру тәуекелін көрсетеді. Мұндай келісімдер бағалық бәсекелестікті шектеп, өнім сапасын арттыруға деген ынтаны төмендетеді және адал кәсіпкерлерге кедергі келтіреді.
Мемлекеттік сатып алудағы сөз байласу: Сатып алуға қатысушылардың бағалық ұсыныстарының жақындығы, құжаттардағы ұқсас қателер немесе бір IP-мекенжайдан өтінім беру әрдайым заң бұзушылықтың бұлтартпас дәлелі бола бермейді, бірақ қосымша тексеруді талап ететін индикаторлар. Егер қатысушылардың жеңіс кезектілігі мен бағаны алдын ала келіскені анықталса, бұл бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына және адал бәсекелестіктің бұзылуына әкеледі.
Маманның атап өтуінше, сөз байласу белгілерінің анықталуы кінәні автоматты түрде растамайды — әрбір жағдай заңнамаға сәйкес дәлелдемелерді зерттеу және жан-жақты құқықтық бағалау арқылы шешіледі.

Тауар белгісі — бизнес беделінің кепілі
Жиынға Мемлекеттік қызмет істері, Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау, Әділет департаменттері мен Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының мамандары қатысып, өз құзыреттері шеңберінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Отырыста сөз алған БҚО Әділет департаментінің өкілі кәсіпкерлердің зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, соның ішінде тауар белгілерін тіркеудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, тауар белгілері өнім мен қызметті өзгелерден ажыратуға, тұтынушы сенімін арттыруға және кәсіпкердің құқықтарын қорғауға ықпал етеді. Бұл мәселелер ҚР «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңымен реттеледі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа талаптар мен бизнеске тең мүмкіндік
Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің өкілі 2026 жылғы 12 маусымда Мемлекет басшысы қол қойған сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы өзгерістерді таныстырды. 35-тен астам заңнамалық актіні қамтыған бұл түзетулер «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттарына негізделген.
Спикер кәсіпкерлер үшін маңызды бірнеше негізгі жаңашылдықты атап өтті:
Кәсіпкерлікке заңсыз араласуға тосқауыл: ӘҚБтК-нің 173-бабы бойынша бизнес қызметіне заңсыз кедергі келтіргені үшін жауапқа тартылатын адамдардың аясы кеңейді. Рұқсат алу, сатып алуға қатысу және мемлекеттік қолдау кезінде барлық кәсіпкерлерге тең жағдай жасауға баса мән берілді.
Мүдделер қақтығысы мен шектеулер: 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мүдделер қақтығысын (ықтимал, нақты және орын алған) реттеудің жаңа тәртібі енгізіледі. Бюджеттен қаржыландырылатын жобаларды іріктейтін алқалы орган мүшелеріне қызметтік ақпаратты жеке мүддеге пайдалануға және сыйақы алуға тыйым салынады.
Пара ұсыну мен тұрмыстық жемқорлық үшін жауапкершілік: 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап пара талап еткені үшін ғана емес, оны ұсынғаны немесе беруге уәде еткені үшін де (ақша берілгенге дейін) қылмыстық жауаптылық туындайды. Заңды тұлғаларға заңсыз сыйақы бергені үшін (ӘҚБтК 678-бабы) сыйақы сомасының 30-дан 60 есесіне дейін (ең төменгі мөлшері — 750 АЕК) айыппұл көзделген.
Түйткілді мәселелер жеке бақылауға алынды
Кездесу барысында кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу, бәсекелестік заңнамасын сақтау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу бойынша сұрақтарын қойды. Уәкілетті орган өкілдері сауалдарға нақты заң нормаларына сүйене отырып жауап берді, ал қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер ведомство басшыларының жеке бақылауына алынды.
Жиын соңында БҚО Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді коммерциялық шешімдерді дербес қабылдауға, заң талаптарын сақтауға, бейресми төлемдерден бас тартып, өз құқықтарын заңды жолмен қорғауға шақырды. Палата алдағы уақытта да бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді өзара іс-қимылды дамыту және кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмысын жалғастырады.
Анықтама үшін: Кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіретін кез келген мәселе бойынша Орал қаласы, Исатай-Махамбет көшесі, 84 мекенжайында орналасқан БҚО Кәсіпкерлер палатасына немесе 24-29-67 байланыс телефоны арқылы хабарласуға болады.
#бқокәсіпкерлерпалатасы #палатапредпринимателейзко #максаткуланбаев #мақсатқұланбаев