«Атамекеннің» қолдауымен Саран қаласында күн электр станциясы іске қосылды
Қарағанды облысының Саран қаласында «Sigma Corporation» ЖШС-нің өндірістік нысанында шағын күн электр станциясы пайдалануға берілді. Кәсіпорын электр энергиясын өз күшімен өндіру есебінен осы бағыттағы шығындарын 15%-ға қысқартуды жоспарлап отыр.
Мұндай жобаларды дамыту Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттер аясында ерекше өзектілікке ие. Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай елде электр энергиясының тұрақты профицитін қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі ретінде жаңартылатын энергия көздерін, әсіресе күн электр станцияларын дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Жоба «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Green Platform Kazakhstan» қауымдастығы бірлесіп әзірлеген лизингтік модель негізінде жүзеге асырылды. Бұл тетік кәсіпкерлерге ірі көлемде бастапқы инвестиция салмай-ақ, жабдықтың құнын бөліп төлеу арқылы күн электр станцияларын орнатуға мүмкіндік береді. Мәміле аясында тараптар төрт негізгі шарт пен екі келісімді қоса алғанда, барлығы алты құжатты рәсімдеді.

«Green Platform Kazakhstan» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Сергей Агафонов атап өткендей, бастаманың негізгі мақсаты – күн энергетикасын ірі кәсіпорындармен қатар шағын бизнес үшін де қолжетімді ету. Сонымен бірге, бөлінген генерация жекелеген компанияларға ғана емес, жалпы энергетикалық жүйеге де оң әсер етеді. Атап айтқанда, электр желілеріндегі шығындарды азайтып, электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға ықпал етеді.
«Біз кәсіпкерлерге айтарлықтай қаржылық салмақ түсірмей, күн энергиясын пайдалануға көшуге мүмкіндік беретін модель қалыптастыруды мақсат еттік. Бүгінде бұл тетік іс жүзінде жұмыс істеп тұр», – деді Сергей Агафонов.
Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ерлан Қалиев мұндай шешімдерді енгізу Палата қызметінің негізгі бағыттарының бірі – кәсіпкерлікті қолдау және өңірде жасыл экономиканы дамыту міндеттерімен үндесетінін атап өтті.
Жобаның практикалық тиімділігіне «Atameken Qaragandy» микроқаржы ұйымының директоры Саида Нукина да тоқталды. Оның айтуынша, лизинг кәсіпкерлерге жабдықты сатып алу үшін бірден қомақты қаражат жұмсамай, күн энергиясын пайдаланудың экономикалық тиімділігін станция іске қосылған алғашқы кезеңнен бастап сезінуге мүмкіндік береді.

«Өндірістік кәсіпорындар үшін экологиялық шешімдердің экономикалық тұрғыдан тиімді болуы аса маңызды. Лизингтік модель электр энергиясына жұмсалатын шығындарды азайтуға және жабдықтың құнын кезең-кезеңімен төлеуге мүмкіндік береді», – деді Саида Нукина.
«Sigma Corporation» ЖШС-нің бас директоры Тахир Мажитов жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен қауымдастыққа алғыс білдірді. Оның айтуынша, өнеркәсіптік кәсіпорын үшін электр энергиясына жұмсалатын шығындарды қысқарту өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер етеді. Сондай-ақ ол күн энергиясын өндіруді енгізу тәжірибесімен өзге кәсіпкерлермен бөлісуге дайын екенін жеткізді.
Станция салтанатты түрде іске қосылғаннан кейін инвертор электр энергиясының алғашқы өндірілген көлемін тіркеді. Іс-шараға қатысушылар «Sigma Corporation» ЖШС-нің өндірістік қуаттарымен де танысты. Кәсіпорын күштік, бақылау және телекоммуникациялық кабельдерге арналған кабельдік муфталарды әзірлеуге және өндіруге маманданған. Компанияның мәліметінше, ол Қазақстанда байланыс кабельдеріне арналған муфталар шығаратын жалғыз өндіруші болып табылады.
Күн электр станциясының іске қосылуы бизнес, салалық бірлестіктер мен кәсіпкерлікті қолдау институттары арасындағы серіктестіктің тиімділігін көрсететін нақты мысал болды. Мұндай ынтымақтастық энергия тиімділігін арттыратын технологияларды енгізуге және өндірісті дамытуға жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді.