Атырау облысында Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері BusinessGO цифрлық платформасымен жұмыс істеу бойынша оқудан өтті
Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасында бір апта бойы BusinessGO цифрлық экожүйесімен жұмыс істеуге арналған ауқымды офлайн оқыту өтті. Оған Палата қызметкерлері, аудандық филиалдардың директорлары мен консультанттары қатысты. Алдағы уақытта олар өңір кәсіпкерлеріне платформаны және оның құралдарын меңгеру бойынша практикалық көмек көрсете алады.
Оқытуды BusinessGO бағдарламасының техникалық қолдау жетекшісі Гүлжан Сыздықова жүргізді. Сабақ барысында қатысушылар платформаның функционалдық мүмкіндіктерін, негізгі модульдерін, артықшылықтары мен кәсіпкерлерге және тұтынушыларға арналған құралдарын егжей-тегжейлі зерделеді. Сервистерді іс жүзінде қолдануға, жүйені баптау мен онымен жұмыс істеуге, сондай-ақ күнделікті бизнес-процестерді оңтайландыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
BusinessGO — Қазақстандағы микро, шағын және орта бизнеске арналған бірыңғай цифрлық экожүйе. Оны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеп, 2026 жылғы шілдеде іске қосты. Платформа онлайн-кассаны, фискалдық деректер операторын (ОФД), тауар есебі жүйесін, маркетингтік құралдар мен қосымша сервистерді біріктіреді. Бұл кәсіпкерлерге бірнеше бөлек жүйені пайдаланбай-ақ, негізгі бизнес-процестерді бір қосымша арқылы басқаруға мүмкіндік береді.
Жобаның басты мақсаты — касса, тауар есебі және ОФД сияқты негізгі құралдарды бір цифрлық кеңістікке біріктіру арқылы кәсіпкерлердің күнделікті жұмысын жеңілдетіп, бизнесті басқаруды ыңғайлы әрі тиімді ету.
Гүлжан Сыздықованың айтуынша, оқыту Палата қызметкерлері платформамен танысып қана қоймай, оны пайдалану бойынша толыққанды практикалық дағдыларды меңгеріп, кейін кәсіпкерлерге қолдау көрсете алатындай етіп ұйымдастырылған.
«BusinessGO — кәсіпкердің күнделікті жұмысын жеңіл әрі ыңғайлы етуге бағытталған құрал. Біздің міндетіміз — бизнестің негізгі процестерін бір жүйеге біріктіріп, кәсіпкердің көптеген жеке сервистерді пайдалану қажеттілігін азайту. Оқыту барысында әр модульді, оның функционалын, мүмкіндіктері мен артықшылықтарын егжей-тегжейлі қарастырдық. Бұл қатысушыларға платформамен сенімді жұмыс істеуге және оның мүмкіндіктерін бизнес өкілдеріне түсіндіруге көмектеседі», — деп атап өтті Гүлжан Сыздықова.

Оқыту аяқталған соң барлық қатысушы алған білімдерін және платформаның функционалдық мүмкіндіктерін меңгеру деңгейін тексеруге арналған тестілеуден өтті.
Оқуға қатысқан Кәсіпкерлер палатасының Мақат аудандық филиалының директоры Гүлназ Едигеева да өз әсерімен бөлісті.
«Оқыту өте пайдалы әрі мазмұнды болды. Бағдарламаны егжей-тегжейлі талдап, оның мүмкіндіктерімен таныстық және BusinessGO платформасының кәсіпкерлердің, әсіресе шағын бизнес өкілдерінің жұмысын қалай жеңілдететінін тәжірибе жүзінде көрдік. Алған біліміміз алдағы жұмысымызда қажет болады, өйткені біз кәсіпкерлерге кеңес беріп қана қоймай, платформаны меңгеруге тікелей көмектесе аламыз», — деді ол.

Оқытудың соңғы күні BusinessGO цифрлық экожүйесіне қызығушылық танытқан кәсіпкерлер үшін де онлайн-презентация ұйымдастырылды. Оны Гүлжан Сыздықова жүргізді. Презентация барысында қатысушылар платформаның мүмкіндіктерімен, функционалымен және цифрлық құралдарды бизнес қызметіне енгізудің артықшылықтарымен танысты.

Айта кетейік, Атырау облысы BusinessGO бағдарламасы бойынша Палата қызметкерлерін, аудандық филиал директорлары мен консультанттарды осындай ауқымды офлайн форматта оқыту ұйымдастырылған алғашқы өңір болды. Бұл бизнес-процестерді дамытуға және жеңілдетуге ықпал ететін цифрлық шешімдерді енгізу мен пайдалану бойынша кәсіпкерлерге білікті қолдау көрсетуге дайын мамандар командасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.