Қарағанды бизнесі жаңа Құрылыс кодексінің терминдерін нақтылауды ұсынады

20.11.2026
Қарағанды бизнесі жаңа Құрылыс кодексінің терминдерін нақтылауды ұсынады

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің отырысында жаңа Құрылыс кодексінің даулы ережелерін егжей-тегжейлі талдау үшін құрылысшылар кеңесінің жеке отырысын өткізу ұсынылды. Сала өкілдерінің айтуынша, екіұшты тұжырымдар өңірдегі жобаларды іске асыруды қазірдің өзінде тежеп отыр.

«"Дәліз" және "эвакуациялық шығу жолы" ұғымдары әртүрлі түсіндірілгендіктен, балабақша құрылысын тоқтата тұруға тура келді. Кодекстің әрбір даулы тармағын құрылысшылармен бірге саралау қажет», — деді кеңес мүшесі, құрылыс саласының өкілі Төлеген Ашимов.

Отырыста сондай-ақ өңір кәсіпкерлері бұған дейін көтерген проблемалық мәселелер бойынша атқарылған жұмыс қорытындыланды. Оның сегізі оң шешімін тапты. Қалғандары, соның ішінде жер пайдалану, отандық тауар өндірушілерді қолдау, қызметкерлерді міндетті сақтандыру және жер қойнауын пайдалану мәселелері орталық мемлекеттік органдардың қарауында. Олардың шешілу барысын Палата сайтындағы проблемалық мәселелер тізілімінен қадағалауға болады.

Бұдан бөлек, Өңірлік кеңес 25 қарашада өтетін съезге Қарағанды облысынан қатысатын 13 делегаттың тізімін бекітті.

Кеңес мүшелері жергілікті өндірушілерді насихаттауға арналған медиажобамен танысты.

«Біз "Жаңа FM" радиосы мен "Новое телевидение" арнасында шағын бизнес өкілдерімен подкаст жазып, кәсіпкерлерге ешқандай қаржылық шығынсыз танылуға көмектесеміз. Екі апта сайын өңірдің бес өндірушісі туралы — танымал кәсіпорындар туралы да, жаңадан бастағандар туралы да — олардың сайттары мен өнімдеріне сілтеме бере отырып айтып отырамыз», — деді жоба авторы Руслан Никонович.

Отырыс Әйелдер кәсіпкерлігі күнімен тұспа-тұс келді. Өңірлік кеңестің төрағасы Владимир Алескеров өңірдің іскер әйелдерін мерекемен құттықтады.

«Әйелдер бизнесі, ерлер бизнесі деген болмайды, бірақ әйелге тән тәсіл мен көзқарас бар. Әйел жүргізетін бизнес әрдайым адамгершілігі мол, ізгілікке жақын болады», — деді ол.

Кеңес мүшесі Гүлнара Сейсембекова 15 қарашада Түркістанда өткен форумнан алған әсерімен бөлісті. Форумға Қазақстанның 1 100 іскер әйелі жиналды.

«Еліміздің кәсіпкерлігін алға сүйреп жүрген қаншама іскер әйелді көрдім. Олардың көбі әлеуметтік бизнеспен айналысады», — деді ол.

Өңірлік кеңестің биылғы қорытынды отырысы 18 желтоқсанда өтеді. Онда жыл бойы атқарылған жұмыс қорытындыланады.