Отандық IT-компаниялар Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған цифрлық шешімдерін ұсынды

20.11.2026
Отандық IT-компаниялар Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған цифрлық шешімдерін ұсынды

Астанада жол қозғалысын реттеу, көлік кептелісін азайту және қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыруға бағытталған отандық технологиялар таныстырылды. Таныстырылым Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының «Ақпараттық технологиялар» салалық кеңесінің отырысында өтті.

Кәсіпкерлер автотұрақтарды басқару және көліктерді эвакуациялау, жолақысын төлемеген жолаушыларды анықтау, нақты жолаушылар ағынына сәйкес автобус бағыттарын оңтайландыру жүйелерін көрсетті. Сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық талдау негізінде көлік кептелісін болжау технологиялары ұсынылды.

Изображение

 

Бұдан бөлек, көру қабілеті бұзылған азаматтардың қоғамдық көлікті пайдалануына жағдай жасау және автобустардың техникалық жай-күйін бақылау құралдары таныстырылды.

Жобалармен Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының, Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының, «Астана Innovations» АҚ мен «Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы» ЖШС өкілдері танысты.

Изображение

Изображение

Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар ұсынылған технологияларды зерделеп, оларды елордада қолдану әлеуетін айқындайды. Сондай-ақ перспективалы жобаларды пилоттық режимде сынақтан өткізу мүмкіндігі қарастырылады.