Жай ғана тәжірибе емес, мамандыққа бастар жол: ШҚО кәсіпорындары Германиядан не үйренуде?
Неліктен Германияда жұмыс берушілер студенттерді даярлауға өздері мүдделі және болашақ мамандардың даярлық сапасына кім жауап береді? Шығыс Қазақстан кәсіпорындары Германияның дуальды білім беру жүйесінің ерекшеліктерімен танысуда. Бұл модельдің басты қағидаты – студент жай ғана өндірістік тәжірибеден өтіп қоймай, кәсіпорынға қажетті нақты кәсіби дағдыларды меңгеруі тиіс.
18–20 қараша аралығында дуальды оқыту жүйесіне қатысатын Шығыс Қазақстан облысы кәсіпорындарының өкілдері үш күндік онлайн-семинарға қатысуда. Іс-шара «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Халықаралық дуальды оқыту орталығы мен Германияның Оңтүстік Тюрингия қолөнер палатасы арасындағы ынтымақтастық аясында ұйымдастырылды.
Семинарда Оңтүстік Тюрингия қолөнер палатасының (HWK Südthüringen) халықаралық бөлімінің басшысы Астрид Фридрих қазақстандық әріптестерімен тәжірибе бөлісуде.
Негізгі назар жұмыс берушілердің кадр даярлауға қатысуына, тәлімгерлік жүйесін дамытуға, кәсіптік білім беру сапасын бақылауға және кәсіпкерлер палаталарының рөліне аударылды.
Германияның дуальды оқыту моделі білім беру мен өндіріс арасындағы тығыз байланыстың арқасында әлемдегі ең тиімді жүйелердің бірі саналады. Студенттер теориялық білімді оқу орындарында алып, практикалық дағдыларды тікелей кәсіпорындарда меңгереді.
Бұл ретте жұмыс беруші тек тәжірибеден өтуге мүмкіндік беретін тарап қана емес, болашақ қызметкерін даярлауға мүдделі білім беру процесінің толыққанды қатысушысы болып табылады.
Аталған жүйеде қолөнер және сауда-өнеркәсіп палаталары ерекше рөл атқарады. Олар бизнес пен білім беру ұйымдарының өзара байланысын қамтамасыз етіп, Германия кәсіпкерлер палаталарының кәсіптік даярлау орталықтарында оқыту сапасын бақылауға және біліктілік емтихандарын ұйымдастыруға қатысады.
Өнеркәсіп кәсіпорындары білікті жұмысшылар мен техникалық мамандарға мұқтаж Шығыс Қазақстан үшін мұндай тәжірибенің маңызы зор.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әсет Әділхан атап өткендей, дуальды оқытудың тиімділігі осы процеске қатысушылардың үйлесімді жұмысына тікелей байланысты.
«Германия тәжірибесі дуальды оқыту жүйесінің табысты болуының негізгі факторы бизнес-бірлестіктердің, яғни палаталардың белсенді үйлестіруші және бақылаушы рөлі екенін көрсетеді. Колледж бен кәсіпорын арасында келісімшарт жасасу ғана жеткіліксіз. Жұмыс берушінің болашақ маманды даярлауға шынайы атсалысуы, ал оқыту сапасының түлектің нақты кәсіби дағдыларымен расталуы маңызды», – деп атап өтті Әсет Әділхан.
Семинар қатысушыларының ерекше қызығушылығын тәлімгерлерді даярлау, жұмыс берушілерді ынталандыру және біліктілікті тәуелсіз бағалау бойынша Германияда қолданылатын тәсілдер тудырды.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасы өңір кәсіпорындарында дуальды оқытуды дамыту және маман-тәлімгерлерді даярлау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Халықаралық тәжірибені зерделеу осы тетіктерді жетілдіруге және колледждер мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Германия моделінің басты сабағы қарапайым: білікті маманды диплом алғаннан кейін емес, оқу кезеңінен бастап, тікелей өндірісте және болашақ жұмыс берушінің белсенді қатысуымен даярлау қажет.