ЕАЭО елдерімен сауда жасаудағы ҚҚС: ШҚО кәсіпкерлеріне маңызды мәселелер түсіндірілді

20.11.2026
ЕАЭО елдерімен сауда жасаудағы ҚҚС: ШҚО кәсіпкерлеріне маңызды мәселелер түсіндірілді

Импорт кезінде қосылған құн салығын (ҚҚС) қашан төлеу қажет? Неліктен тауарларға арналған ілеспе жүкқұжат салық декларациясын алмастыра алмайды? Экспорт кезінде нөлдік мөлшерлемені қалай растауға болады және электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) үшінші тұлғаларға беру қандай қауіп төндіреді? Осы және өзге де мәселелер Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы мен ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Бизнес және салық» жобасының кезекті тікелей эфирінде талқыланды.

Кездесудің негізгі тақырыбы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясындағы өзара сауда кезінде ҚҚС-ты әкімшілендіру болды. ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің ЕАЭО аясындағы ҚҚС-ты әкімшілендіру басқармасының басшысы Азамат Кнасилов кәсіпкерлерге импорттық және экспорттық операциялардың ерекшеліктерін, құжаттарды рәсімдеу тәртібін және жиі кездесетін заңбұзушылықтарды жан-жақты түсіндірді.

Негізгі мәселелердің бірі импортталатын тауарларға салық салу болды. Спикердің түсіндіруінше, Ресейден, Беларусьтен, Қырғызстаннан және Армениядан тауар әкелінген кезде ҚҚС Қазақстанда төленеді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесі 16%-ды құрайды. Бұл ретте ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмеу кәсіпкерді импорт кезінде салық төлеу міндетінен босатпайды.

Тікелей эфир барысында екі құжатқа ерекше назар аударылды. Олар — тауарларға арналған ілеспе жүкқұжат (ТІЖ) және 328.00 нысаны бойынша тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш.

«ТІЖ тауардың қозғалысын растайды, ал 328.00 нысаны импортты декларациялауға және жанама салықтарды төлеу бойынша міндеттемелерді орындауға арналған. Бұл құжаттар бірін-бірі алмастырмайды», — деп түсіндірді спикер.

328.00 нысаны бойынша өтініш салық кезеңінен кейінгі айдың 20-сынан кешіктірілмей ұсынылуы тиіс. Әдетте, ҚҚС та осы мерзімде төленеді. Салық органдары құжаттардағы мәліметтерді тауарлардың нақты қозғалысы туралы деректермен салыстырады.

Азамат Кнасилов электрондық цифрлық қолтаңбаны үшінші тұлғаларға берудің тәуекелдеріне де жеке тоқталды. Оның айтуынша, жосықсыз тұлғалардың өзгенің ЭЦҚ-сын ірі импорттық операцияларды рәсімдеу үшін пайдаланатын жағдайлары кездеседі. Соның салдарынан кәсіпкерлер өз атынан туындаған салық міндеттемелері туралы білмей қалуы мүмкін.

Тағы бір маңызды мәселе — экспортты растау. ЕАЭО мемлекеттеріне тауарларды өткізу кезінде ҚҚС-тың нөлдік мөлшерлемесі қолданылады. Алайда оны пайдалану құқығын тауар жөнелтілген күннен бастап 180 күнтізбелік күн ішінде тиісті құжаттармен растау қажет.

Спикер салық органдары құжаттардың дұрыс рәсімделуін ғана емес, тауарлардың нақты қозғалысын, салықтардың уақтылы төленуін және ұсынылған мәліметтердің нақты операцияларға сәйкестігін де бақылайтынын атап өтті.

«Бизнес және салық» жобасы жалғасуда. ШҚО Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесіп, бизнес өкілдеріне салық талаптарын түсіндіру, жиі кездесетін қателіктердің алдын алу және кәсіпкерлік қызмет барысында туындайтын тәуекелдерді азайту мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.