Дуалды оқытудың неміс тәжірибесі 300-ден астам қатысушы кадр даярлаудағы бизнестің рөлін талқылады
«Атамекен» ҰКП халықаралық Дуалды оқыту орталығы өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен бизнес-қоғамдастық өкілдеріне арналған оқыту семинарлары циклін өткізді. Қатысушылар Германияның дуалды оқыту жүйесімен және білікті кадрлар даярлауға жұмыс берушілердің қатысу тетіктерімен танысты.
Семинарлар Оңтүстік Тюрингия қолөнер палатасымен (HWK Südthüringen) ынтымақтастық орнату жөніндегі алдын ала уағдаластық аясында ұйымдастырылды. Семинар спикері ретінде палатаның халықаралық бөлімінің басшысы Астрид Фридрих (Astrid Friedrich) сөз сөйледі.
Кездесулер барысында кәсіпорындардың кәсіптік білім беру жүйесіндегі рөліне, кәсіпкерлер палаталарының функцияларына, сондай-ақ бизнес пен колледждер және басқа да білім беру ұйымдары арасындағы өзара іс-қимыл тетіктеріне баса назар аударылды.
Германияның дуалды оқыту моделі теориялық білім мен тікелей өндірістегі практикалық даярлықты тығыз ұштастыруға негізделген. Студенттер теориялық білімді білім беру ұйымдарында алып, кәсіби дағдыларын кәсіпорындарда нақты өндірістік процестерге қатысу арқылы меңгереді. Осылайша, жұмыс беруші білім беру процесінің толыққанды қатысушысына айналып, нақты өндірістің талаптарын ескере отырып мамандар даярлауға тікелей ықпал етеді.
Бұл жүйенің маңызды элементтерінің бірі – салалық және өңірлік палаталар. Олар жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдарының өзара іс-қимылын үйлестіреді, кәсіптік оқытуды ұйымдастыруға қатысады, белгіленген стандарттардың сақталуына және кадрлар даярлау сапасының артуына ықпал етеді.
Қазақстан үшін мұндай тәжірибені зерделеудің практикалық маңызы зор. Бизнестің білім беру процесіне қатысуы оқу мазмұнын еңбек нарығының нақты сұранысына жақындатып, қажетті кәсіби құзыреттерге ие мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Неміс әріптестермен тәжірибе алмасу өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен бизнес өкілдеріне жұмыс берушілердің кадр даярлауға қатысу тетіктерін тереңірек зерделеуге, сондай-ақ Германияның озық тәжірибесін Қазақстанның кәсіптік білім беру жүйесінің жағдайына бейімдеу мүмкіндіктерін қарастыруға жол ашады.
Семинарларға 300-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында өңірлік кәсіпкерлер палаталарының басшылары мен сарапшылары, ірі, орта және шағын бизнес өкілдері, жергілікті атқарушы органдар мен колледждердің өкілдері бар.
«Атамекен» ҰКП халықаралық Дуалды оқыту орталығы бизнес пен кәсіптік білім беру жүйесі арасындағы өзара байланысты дамыту, оның ішінде халықаралық тәжірибені зерделеу және енгізу бағытындағы жұмысын жалғастыра бермек.