«Атамекен» мен KMG PetroChem отандық полимер нарығын дамыту бағытында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

20.11.2026
«Атамекен» мен KMG PetroChem отандық полимер нарығын дамыту бағытында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «KMG PetroChem» ЖШС өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат отандық полимер шикізаты мен өнімдері нарығын дамыту, сондай-ақ қазақстандық өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері бойынша өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған.

«Атамекен» ҰКП тарапынан мұнай-газ химиясы саласының дамуы полимер шикізатын өндірумен ғана шектелмей, оны елімізде одан әрі өңдеуге және қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға да жаңа мүмкіндіктер ашуы қажеттігі атап өтілді.

Палата мен KMG PetroChem арасындағы ынтымақтастық бірқатар практикалық бағыт бойынша жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, тараптар отандық өндірушілердің өтініштерін қарау, соның ішінде оларды полимер шикізатымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара жұмыс жүргізуде.

Изображение

Сонымен қатар биыл Палата «ҚазСтандарт» ұлттық стандарттау институтымен ұлттық стандарттарды әзірлеу және өзектендіру бағытында бірлескен жұмысты бастады. Қазан айында «Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі комитетінің отырысында KMG PetroChem компаниясының қызметі таныстырылып, отандық полимер өнімдері нарығын дамыту мәселелері талқыланды.

Қол қойылған келісім Палата мен компания арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізіне айналмақ. Бірлескен жұмыс полимерлерді өңдеу саласын дамытуға, отандық өндірістік базаны нығайтуға және қазақстандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.

«Атамекен» ҰКП мұнай-газ химиясын дамыту және шикізатты терең өңдеу жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастыру мен отандық экономикадағы қосылған құны жоғары өнім үлесін арттыру үшін маңызды екенін атап өтті.