Кәсіби басқару және бизнестің сабақтастығы: Астанада корпоративтік басқару жөніндегі төртінші форум өтті
Жеке сектордағы корпоративтік басқаруды дамыту 20 қарашада Астанада «Атамекен» ҰКП Төралқасы жанындағы Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңестің қолдауымен өткен Corporate Governance Forum 2026 форумының басты тақырыбына айналды. Қатысушылар компания иелерінің кәсіби басқару жүйесін қалай қалыптастыруы, бизнестің сабақтастығын қамтамасыз етуі және компаниялардың одан әрі өсуіне жағдай жасауы керектігін талқылады.
Форумға 300-ге жуық сарапшы, бизнес, мемлекеттік органдар және халықаралық институттар өкілдері қатысты.
«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев корпоративтік басқару сапасының инвесторлар сенімімен және жеке компаниялардың даму мүмкіндіктерімен байланысына назар аударды.

«Кәсіби кеңес бизнеске басқа көзқарас ұсынып, қабылданатын шешімнің негізділігін тексере алған жағдайда пайдалы болады. Ол үшін компания иесі балама нұсқаларды талқылауға және дәлелді қарсылықтарды тыңдауға дайын болуы маңызды. Жақсы шешім кәсіби талқылаудан сүрінбей өтуі тиіс», – деді Қанат Шарлапаев.
Ол сондай-ақ, бизнестің сабақтастығы мен компания иесінің оның болашағы алдындағы жауапкершілігі мәселелерін қозғады. Отбасылық компаниялар үшін ықтимал тәсілдердің бірі – меншік құқығын отбасыда сақтай отырып, стратегиялық басшылықты кәсіби кеңеске, ал күнделікті басқаруды менеджментке беру.
Форумда кәсіпкерлер мен сарапшылар компанияға дамуының қай кезеңінде кәсіби директорлар кеңесі немесе байқау кеңесі қажет болатынын, оның құрамында қандай құзыреттер болуы тиіс екенін және жұмыс тиімділігін қалай бағалау керектігін қарастырды. Талқылау бизнесті кеңейту, капитал тарту, меншік иесі, кеңес пен менеджмент арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершілікті бөлу сияқты практикалық міндеттерге арналды.

«Біз форумды директорлар кеңестерінің жұмысында нені өзгерту қажет екенін анықтау, қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілікті арттыру және стандарттарды формалды сақтаудан нақты нәтижелерге көшу үшін өткізіп отырмыз. Ұлттық кеңестің негізгі міндеті де осы – сапалы корпоративтік басқаруды қазақстандық компаниялар үшін қалыпты тәжірибеге айналдыру», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы жанындағы Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңестің төрағасы Қамбар Омаров.
Биыл Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңес белсенді жұмысын қайта жандандырды. Бес бейінді комитет құрылып, олардың жұмысына мемлекеттік органдардың, бизнестің және сарапшылар қауымдастығының 120-ға жуық өкілі тартылды. Өңірлік кеңестердің 100-ден астам өкілі корпоративтік басқару бойынша оқудан өтті.
Өңірлерде корпоративтік басқаруды дамытудың практикалық мәселелері де форум күн тәртібіне енді. Қатысушылар кәсіби сараптаманың қолжетімділігі және стратегиялық шешімдер қабылдауда кеңестердің рөлін күшейту жолдары туралы пікір алмасты.

«Форум Қазақстандағы, оның ішінде өңірлік компаниялардағы корпоративтік басқаруды дамыту мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасу алаңына айналды. «Атамекен» ҰКП жұмысының бір бағыты – тәуелсіз директорларды іріктеуге мамандардың қатысу шарттарын жетілдіру. Ұлттық экономика министрлігі мен Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті біздің ұсыныстарымызды қолдады, олар 5 қарашада қабылданған түзетулерде көрініс тапты», – деді «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма Төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин.
Форум аясында Қазақстандағы корпоративтік басқару тәжірибесіне арналған алғашқы жыл сайынғы шолудың алдын ала нәтижелері таныстырылды. Оны «Атамекен» ҰКП Төралқасы жанындағы Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңес, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және KPMG әзірлеп жатыр. Шолудың мақсаты – корпоративтік басқарудың қазіргі жай-күйін бағалау, проблемаларды анықтау және оны жетілдіру бойынша практикалық ұсынымдар дайындау.
Сарапшылар директорлар кеңестері қабылдайтын шешімдердің сапасын, директорлардың тәуелсіздігі мен жауапкершілігін, сондай-ақ акционерлер мен басқару органдарының өкілеттіктерін ажырату мәселелерін талқылады. Ақпараттың толықтығы, балама шешімдер мен тәуекелдерді бағалау, мүдделер қақтығысының алдын алу және шешімдердің орындалуын бақылау мәселелеріне баса назар аударылды.

Қатысушылар құзыреттерге, кәсіби даярлыққа, этикаға және жұмысты жыл сайын бағалауға қойылатын талаптарды қамтитын «Қазақстанның тәуелсіз директорының бейіні – 2030» құжатын қалыптастыру тәсілдерін қарастырды. Іскерлік этика мен күрделі басқарушылық шешімдер қабылдау кезіндегі жауапкершілік жеке талқыланды.
«Тиімді корпоративтік басқару директорлар кеңесінің кәсібилігі мен жауапкершілігінен, пайымдардың тәуелсіздігінен, акционерлер мен өзге де мүдделі тараптардың мүдделерін құрметтеуден басталады. Дәл осы қағидаттар инвесторлардың сенімін қалыптастырады, бизнестің орнықтылығын қамтамасыз етеді және ұзақ мерзімді экономикалық өсудің негізін қалайды», – деді Solidcore Resources plc компаниясының тәуелсіз директоры, Қауіпсіздік және орнықты даму комитетінің төрағасы Жанат Бердалина.
Ішкі аудит, тәуекелдерді басқару және комплаенс мәселелері директорлар кеңесінің компания жағдайы туралы объективті ақпаратты уақтылы алуы тұрғысынан қарастырылды. Сарапшылар шешімдер сапасын бағалауға арналған практикалық тексеру тізімін және елеулі тәуекелдер туралы ақпаратты директорлар кеңесіне жеткізу қағидаттарын талқылады.
Бағдарламаға корпоративтік басқаруда жасанды интеллектіні қолдану жөніндегі шеберлік сабақтары да енді. Қатысушылар жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін, олармен байланысты тәуекелдерді және оларды пайдаланудағы жауапкершілікті қарастырды.

ЭЫДҰ, IFC, McKinsey & Company, KPMG, PwC және Орталық Азия елдерінің кәсіби бірлестіктерінің өкілдері халықаралық тәжірибелерімен бөлісті. Өңірлік диалог барысында кәсіби институттар мен қауымдастықтардың 2027 жылға арналған ынтымақтастық бағыттары талқыланды.
Форумдағы маңызды оқиғалардың бірі «Корпоративтік басқаруды өзгерткен 50 кейс» кітабының таныстырылымы болды. Басылымға мамандардың практикалық тәжірибесі: нақты басқарушылық жағдайлар, күрделі шешімдер, жіберілген қателіктер және басқа компанияларға пайдалы болуы мүмкін қорытындылар жинақталған.
Кітап корпоративтік басқару қағидаттарының іс жүзінде қалай қолданылатынын көрсетеді. Нақты жағдайларды талдау компания иелеріне, кеңес мүшелеріне және басшыларға басқарушылық міндеттерді шешудің түрлі тәсілдерін бағалауға әрі әріптестерінің тәжірибесін ескеруге көмектеседі. Басылым осы сала мамандарын даярлау және олардың біліктілігін арттыру барысында да пайдаланылуы мүмкін.
Форум аясында корпоративтік басқаруды дамытуға қосқан үлесі үшін марапаттау рәсімі өтті.


Форумның басты практикалық бағдары – талқыланған тәсілдерді жеке компанияларда қолдану: кәсіби кеңестер құру, басқарушылық шешімдердің сапасын арттыру, инвесторлардың сенімін нығайту және бизнестің орнықты өсуіне жағдай жасау.