Павлодарлық аграршылар ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін «Атамекен» палатасында марапатталды

20.11.2026
Павлодарлық аграршылар ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін «Атамекен» палатасында марапатталды

Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасында агроөнеркәсіптік кешен саласында елеулі жетістіктерге жеткен сала өкілдерін марапаттау рәсімі өтті.

 

Изображение

«Атамекен» ӨКП директоры Айдос Шайхислам өз еңбегімен жаңа жұмыс орындарын ашып, заманауи технологияларды енгізіп, өндірісті дамытып, ауылдық аумақтардың өркендеуіне зор үлес қосып жүрген кәсіпкерлерге ерекше алғысын білдірді. Сондай-ақ оларға зор денсаулық, амандық, тұрақтылық, жоспарларының сәтті жүзеге асуын, мол өнім мен жоғары өндірістік көрсеткіштер тіледі.

 

Изображение

«Ауыл шаруашылығы – экономиканың аса маңызды салаларының бірі, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының негізі. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз, кәсібиліктеріңіз, табандылықтарыңыз бен өз істеріңізге деген адалдықтарыңыз агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына, өңір экономикасының нығаюына және халықтың әл-ауқатының артуына зор үлес қосып келеді», – деді ол.

 

Изображение

Айдос Шайхислам саланың танымал өкілдеріне Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының Құрмет грамоталарын табыс етті. Марапаттау рәсімінен кейін оларды «Атамекен» ӨКП директорының орынбасары Мұрат Мұсатаев пен Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Нұрлан Нәбиев те құттықтады. Кездесу барысында өзекті мәселелер де талқыланды.

 

Изображение

Шаруа қожалықтарының басшылары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, агроөнеркәсіптік секторды субсидиялау, ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламаларына қол жеткізу, суармалы жерлерге пайдаланылатын судың ақысын төлеу мәселелері көтерілді. Сонымен қатар олар ауылдағы кәсіпкерлерге жүйелі түрде қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Павлодар облысының «Атамекен» палатасына алғыстарын білдірді.

 

Изображение