Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалы Екібастұзда ашылды

23.11.2026
Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалы Екібастұзда ашылды

Оның салтанатты таныстырылым рәсімі Екібастұз қаласындағы Абай көшесі, 15 мекенжайында, «Bereke Bank» АҚ қалалық филиалы орналасқан ғимаратта өтті.

Изображение

Екібастұзда бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл, кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау және іскерлік бастамаларды қолдау үшін жаңа алаң таныстырылды. Филиалдың салтанатты ашылуына жиналған қонақтарды ғимараттың биік баспалдақтары алдында Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам қарсы алды. Ол «Атамекен» ӨКП өкілдігінің ашылуын қала кәсіпкерлері қауымдастығы үшін маңызды оқиға деп атап, Екібастұздың Павлодар облысындағы негізгі өнеркәсіптік және экономикалық орталықтардың бірі екенін, өндірістік әлеуеті зор, кәсіпкерлік қауымдастығы белсенді әрі одан әрі дамуға мүмкіндігі мол қала екенін еске салды.

«Филиалдың ашылуы қала кәсіпкерлерімен өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеруге, бизнес-қоғамдастықпен кері байланысты нығайтуға және кәсіпкерлікті дамыту үшін қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. «Атамекен» Ұлттық палатасы көптеген жылдар бойы ел кәсіпкерлерін біріктіріп, олардың мүдделерін мемлекеттік деңгейде білдіре отырып, бизнестің сенімді серіктесі болып келеді. ҰКП қызметінің жаңартылған тәсілі аясында өңірлік филиалдарды қайта жаңғыртуға және олардың жұмысын күшейтуге ерекше назар аударылып отыр. ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Қанат Бисімбайұлы Шарлапаев бірнеше рет атап өткендей, «Атамекен» өңірлерден басталады. Біз бизнесінің ауқымы мен қызмет саласына қарамастан, әрбір кәсіпкер Палатаның қолдауын тікелей өз өңірінде алу мүмкіндігіне ие болуы үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деді Айдос Шайхислам.

Изображение

Ол филиалдың ашылуына қолдау көрсеткені үшін Екібастұз қаласының әкімдігіне және осы іске атсалысқан барша азаматтарға, ең алдымен, қала кәсіпкерлеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ Айдос Шайхислам Екібастұздың бизнес-қоғамдастығына қалалық филиалдың директоры Талғат Жұмабаевты таныстырды.

Екібастұз қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Медет Шоқанов Кәсіпкерлер палатасы кеңсесінің ашылуы қаладағы іскерлік қауымдастықты дамыту жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Изображение

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында бизнесті қолдау, инвестиция тарту және отандық өндірісті дамыту басым бағыттар ретінде белгіленді. Біздің ортақ міндетіміз – осы басымдықтарды жергілікті жерде нақты нәтижелерге айналдыру. Жаңа кеңсе кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау, бизнестің өзекті мәселелерін шешу және жаңа бастамаларды ілгерілету үшін тиімді алаңға айналатынына сенімдімін», – деді ол.

«Атамекен» Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Нұрлан Набиев те қала бизнесін филиалдың ашылуымен құттықтады.

Изображение

«Екібастұз кәсіпкерлері өз мәселелерін үнемі өз күшімен шешуге дағдыланған. Алайда біз сіздерді ынтымақтастыққа шақырамыз. Филиал өтініштер қабылдайтын орталыққа айналуы тиіс. Біз сіздердің мәселелеріңізді осы филиал арқылы шешіп, алға жылжуларыңызға көмектесетін боламыз», – деді ол филиалдың ашылуына келген кәсіпкерлерге.

«Атамекен» Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Тоқжан Мұзапаров Екібастұзда Палата филиалының ашылуын айтулы оқиға деп атап өтті. Себебі бұл шара Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезекті съезі қарсаңында ұйымдастырылды.

Изображение

«Атамекен» ӨКП филиалының Екібастұздағы кеңсесі орналасқан банк ғимаратының кіреберісінде символикалық лентаны қию құрметі Айдос Шайхислам мен «Bereke Bank» АҚ Павлодар облысы бойынша директоры Динара Кушкумбаеваға бұйырды. Қонақтарға кеңсе таныстырылып, оның қызметкерлерімен танысу мүмкіндігі берілді. Бұдан кейін қатысушыларды фуршетке шақырды.

Бейресми жағдайда кәсіпкерлер Палата қызметкерлерімен өздерін толғандырған өзекті мәселелерді талқылап, байланыс деректерімен алмасты.

 

Изображение

 

 

Изображение