Қазақстандағы құрылыс лицензиялары: цифрлық реестр компанияларды бақылау жүйесін қалай өзгертеді?
Қазақстандағы құрылыс компаниялары рұқсат беру жүйесімен өзара іс-қимыл жасаудың жаңа форматына көшеді. Ағымдағы жылдың қараша айының соңында Рұқсаттар мен хабарламалардың автоматтандырылған тізілімін (РХАТ) тестілік режимде іске қосу жоспарланып отыр. Ол мемлекетке лицензия иелерінің біліктілік талаптарына сәйкестігін цифрлық форматта бақылауға мүмкіндік береді. Енді қажетті мамандардың, еңбек шарттарының және өндірістік базаның бар екенін тек лицензия алу кезінде ғана емес, оның бүкіл қолданылу мерзімі ішінде растау қажет болады.
Бұған дейін Ұлттық палата ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің жаңа жүйені енгізу жоспарлары туралы хабарлаған еді.
РХАТ-ты іске қосуға арналған нормативтік база 2026 жылғы сәуірде дайындалды. Алайда жүйені іс жүзінде енгізу үшін қосымша техникалық дайындық қажет болды. Қазіргі уақытта Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қажетті жұмыстарды аяқтап, жүйені ағымдағы жылдың қараша айының соңында іске қосуға дайындалуда.
Құрылыс нарығы үшін басты өзгеріс – лицензия алуға өтініш берген кезде қойылатын талаптарға сәйкестікті тексеруден лицензия иелерінің қызметіне тұрақты цифрлық мониторинг жүргізуге көшу.
Бұған дейін лицензия берілгеннен кейін мұндай талаптардың сақталуына жүйелі бақылау жүргізілмейтін. Тексерулер негізінен қолданыстағы заңнама шеңберінде азаматтар мен ұйымдардың өтініштері бойынша жүзеге асырылатын.
Енді жағдай өзгереді: мемлекет мемлекеттік ақпараттық жүйелердің көмегімен құрылыс ұйымдарының кадрлық құрамы мен өндірістік базасы туралы мәліметтердің өзектілігін бақылауға мүмкіндік алады.
Цифрлық тізілім нақты нені тексереді?
Жаңа тетіктің негізгі құралы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы Рұқсаттар мен хабарламалардың автоматтандырылған тізілімі болады.
Жүйенің жұмысы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Жасанды интеллект министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және Әділет министрлігінің бірлескен бұйрығымен реттеледі. Құжатта РХАТ-ты пилоттық режимде іске қосу көзделіп, оның жұмыс істеу алгоритмі айқындалған.
Бірінші кезеңде цифрлық мониторинг екі негізгі бағытты қамтиды.
1. Білікті мамандардың болуы
Жүйе ұйым штатында тиісті аттестаттары мен қолданыстағы еңбек шарттары бар инженерлік-техникалық қызметкерлердің (ИТҚ) бар-жоғын тексереді.
Ол үшін екі мемлекеттік ақпараттық жүйенің деректерін пайдалану жоспарланып отыр:
Еңбек министрлігінің «Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі» цифрлық жүйесі – қолданыстағы еңбек шарттарының бар-жоғын тексеру үшін;
«e-Qurylys» цифрлық жүйесі – ИТҚ-ның тиісті жұмыс бағыттары бойынша аттестаттарының бар екенін растау үшін.
2. Өндірістік базаның болуы
Бақылаудың екінші бағыты – лицензия иесінің заңды негізде пайдаланатын қажетті өндірістік базасының болуын тексеру.
Тексеру «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-тың Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры (ЖМБМК) арқылы берілетін мәліметтері негізінде жүргізіледі. Бұл ретте меншік және жалдау құқықтары ескеріледі. Егер өндірістік база жалға алынған болса, шарт Әділет органдарында тіркелуі тиіс.
Осылайша, жүйе мемлекеттік дерекқорлардағы мәліметтерді салыстырып, лицензияланатын қызмет түріне қойылатын біліктілік талаптарына нақты жағдайдың сәйкес келмеу фактілерін анықтайды.
Құрылыс компаниялары қазірден бастап нені тексеруі керек?
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылыс ұйымдарына жүйенің іске қосылуын күтпей, құжаттары мен кадрлық құрамына алдын ала ішкі аудит жүргізуді ұсынады.
Атап айтқанда:
Құрылыс лицензиясының қолданыстағы кіші түрлерін тексеріп, штатта тиісті мамандануы бар аттестатталған инженерлік-техникалық қызметкерлердің болуын қамтамасыз ету;
Білікті мамандармен жасалған қолданыстағы еңбек шарттарының бар екеніне көз жеткізу;
Өндірістік базаға қатысты құқық белгілейтін құжаттардың өзектілігін тексеру;
Құрылыс-монтаж жұмыстарының бірінші санатындағы лицензия иелері өндірістік базаны меншік құқығымен пайдаланған жағдайда, тіркелген меншік құқығы туралы мәліметтердің өзектілігін тексеру;
Өндірістік база жалға алынған жағдайда, шарттың қолданылу мерзімін және оның Әділет органдарында тіркелгенін тексеру.
«Ұлттық палата құрылыс ұйымдарына ден қою шаралары қолданыла бастағанға дейін ықтимал сәйкессіздіктерді алдын ала жою үшін кадрлық құрамына, инженерлік-техникалық қызметкерлердің аттестаттарына, еңбек шарттарына және өндірістік базаға қатысты құжаттарға қазірден бастап ішкі тексеру жүргізуді ұсынады», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Назира Усенова.
Жаңа бақылау шаралары қашан қолданыла бастайды?
РХАТ-ты енгізу бірнеше кезеңнен тұрады. Құрылыс компанияларына өз деректерін тексеріп, ықтимал бұзушылықтарды жоюға уақыт беріледі. 2026 жылғы қараша айының соңы – жүйені тестілік режимде іске қосу.
Құрылыс ұйымдары РХАТ-та тіркеліп, цифрлық мониторинг нәтижелерімен таныса алады. 2027 жылғы 5 қаңтарға дейін – ақпараттық режим.
Бұл кезеңде жүйе тестілік форматта жұмыс істейді. Анықталған сәйкессіздіктерді жоюға болады, алайда лицензия иелеріне қатысты ден қою шаралары қолданылмайды.
«РХАТ-ты тестілік режимде іске қосу 2026 жылғы қарашаға жоспарланған. Жүйе іске қосылғаннан кейін, 2027 жылғы 5 қаңтарға дейін ақпараттық режимде жұмыс істейді. Осы кезеңде лицензия иелеріне қатысты ден қою шаралары қолданылмайды», – деп хабарлады ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Рысдәулетов.
2027 жылғы 5 қаңтардан бастап – хабарламалар тетігін қолдану басталады. Сәйкессіздіктер анықталған жағдайда лицензия иелеріне бірнеше тәсілмен хабарлама жіберіледі:
құрылтайшының нөміріне SMS-хабарлама арқылы;
eGov порталындағы жеке кабинетіне;
РХАТ-тағы лицензия иесінің жеке кабинетіне.
Хабарлама алынғаннан кейін ұйымға анықталған бұзушылықтарды жою үшін 30 күнтізбелік күн беріледі. Егер сәйкессіздіктер белгіленген мерзімде жойылса, хабарлама күшін жояды және ден қою шаралары қолданылмайды.
Ал бұзушылықтар 30 күнтізбелік күн ішінде жойылмаған жағдайда лицензияның қолданылуы алты айға дейінгі мерзімге тоқтатыла тұрады. Мұндай жедел ден қою шарасы Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің 50 және 51-баптарында көзделген.
Егер бұзушылықтар алты айлық мерзім аяқталғанға дейін жойылса, лицензияның қолданылуы мерзімінен бұрын қайта басталуы мүмкін. Ал осы мерзім аяқталғаннан кейін сәйкессіздіктер сақталса, Құрылыс кодексінің аталған нормаларына сәйкес лицензиядан айыру көзделген.
Жаңа талаптар енгізілмейді, бірақ олардың сақталуына жауапкершілік тұрақты болады
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі РХАТ-ты енгізу құрылыс бизнесі үшін қосымша біліктілік талаптарын немесе жаңа шектеулерді енгізуді білдірмейтінін атап өтті. Әңгіме қолданыстағы заңнама нормаларының сақталуын бақылау туралы болып отыр.
Қазақстан Республикасының «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңы 1-бабының 2-тармақшасына сәйкес, біліктілік талаптары – өтініш берушінің немесе лицензия иесінің лицензияланатын қызмет түрін не оның кіші түрін жүзеге асыру қабілетін айқындайтын сандық және сапалық нормативтер мен көрсеткіштердің жиынтығы.
Бұл ретте белгіленген талаптарға сәйкестік лицензия мен оған қосымшаны алу кезінде ғана емес, олардың бүкіл қолданылу мерзімі ішінде қамтамасыз етілуі тиіс.
Іс жүзінде жаңа тетік бақылау тәсілін өзгертеді: бұрын лицензия беру кезінде құжаттарды тексеруге басымдық берілсе, енді мемлекет талаптардың тұрақты сақталуын қадағалай алады.
Адал жұмыс істейтін нарық қатысушылары үшін бұл рұқсат беру рәсімдерінің ашықтығын арттырып, қызмет жүргізудің бірыңғай шарттарын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен бірге құрылыс компаниялары кадрлық құжаттарға, аттестаттардың өзектілігіне және өндірістік базаның құқықтық мәртебесіне мұқият қарауы қажет.
«Атамекен» ҰКП жаңа жүйені енгізу барысында кәсіпкерлерге консультациялық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетуге дайын.
«Мәселелер туындаған, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде қиындықтар болған, сондай-ақ жаңа цифрлық жүйені енгізуге қатысты түсіндіру немесе жәрдем қажет болған жағдайда Ұлттық палатаға жүгінуді сұраймыз. Біздің мамандар өз құзыреті шегінде қажетті консультациялық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді», – деді «Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаментінің директоры Данияр Молкенов.