«Атамекен» геологиялық барлау жұмыстарын жеделдету және тау-кен металлургия саласына инвестиция тарту жөнінде шаралар ұсынды
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында «Атамекен» ҰКП Президиумының Геология саласы, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі комитетінің Қазақстан инвесторлары қауымдастығымен бірлескен отырысы өтті.
Бұған дейін Қазақстан инвесторлары қауымдастығы тау-кен металлургия кешенін дамыту және оның инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі ұсыныстарын «Атамекен» ҰКП-на жолдаған. Аталған бастамалар бірлескен отырыс аясында қаралды.
Өтініш шеңберінде жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу тетігін қайта қарау тәсілдері ұсынылды. Атап айтқанда, Қазақстан инвесторлары қауымдастығы кен орындарын игеруден түсетін кірістерді алудың неғұрлым икемді тәсілін көздейтін роялти моделіне көшуді қарастыруды ұсынды. Бұл ретте жобалардың экономикалық ерекшеліктерін, шикізатты өңдеу деңгейін және тиімділігін ескеру ұсынылады.

Сонымен қатар қауымдастық тау-кен металлургия кешенін дамытудың үш деңгейлі моделін қалыптастыруды ұсынды. Ол саланы геологиялық барлау жұмыстарымен айналысатын юниорлық компанияларға, шағын және орта кен орындарын игеретін орта кәсіпорындарға және тура интеграцияланған ірі компанияларға бөлуді көздейді. Әр деңгей үшін қызмет ерекшелігі мен инвестициялық қажеттіліктерді ескере отырып, реттеудің, қаржыландырудың және ынталандырудың жеке тетіктерін қарастыру ұсынылды.
Талқылау қорытындысы бойынша тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарының өкілдері ұсынылған тәсілдерді пысықтау жөнінде пікірлерін білдірді. Салалық қауымдастықтар мен кәсіпорындардың ұстанымын ескере отырып, бастамаларды қосымша пысықтау және келісілген редакция негізінде ұсынылған шараларды іске асыру жөніндегі Жол картасын әзірлеуге кірісу туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП-ның Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыру жөніндегі ұсыныстары қаралды. Атап айтқанда, геологиялық барлауды жаңғырту, геологиялық ақпаратты цифрландыру, минералдық-шикізат базасын толықтыру, ресурстарды басқару тиімділігін арттыру және Қазақстанның жаһандық өндірістік тізбектерге интеграциялануы мәселелері талқыланды.

Палата отырыс барысында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын бизнесті тексеруге мораторий енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Күн тәртібі аясында қатысушылар Құрылтаймен өзара іс-қимыл және жер қойнауын пайдаланушылар мен тау-кен металлургия кәсіпорындарының қызметіне ықпал етуі мүмкін заңнамалық бастамалар мәселелерін талқылады. Қаралған тақырыптардың қатарында салалық заңнаманы жетілдіру, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді реттеу, сондай-ақ саланы салықтық және мемлекеттік реттеудің жекелеген мәселелері бар.
Отырыс қорытындысы бойынша тау-кен металлургия кешенін дамытудың негізгі мәселелері бойынша бизнестің ұстанымын одан әрі топтастыру, жүйелі ұсыныстар әзірлеу және мемлекеттік органдармен сындарлы диалогты жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Комитет жұмысы бизнестің ортақ ұстанымын қалыптастыруға, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге, әкімшілік кедергілерді жоюға, тау-кен металлургия кешенінің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және саланы орнықты дамытуға бағытталған.