Мөлдір Тәуіпбаева Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды
«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасының шешімімен Мөлдір Сұлтанбекқызы Тәуіпбаева Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Мөлдір Сұлтанбекқызы – экономика ғылымдарының кандидаты, «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлегі, іскерлік әкімшілендіру магистрі.
Ол Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдаған. Алматы Менеджмент университетінде іскерлік әкімшілендіру магистрі (MBA) дәрежесін алған. Сонымен қатар, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында АҚШ-тағы Оңтүстік Калифорния университетінде мемлекеттік басқару және халықаралық саясат бағытында магистратурада білім алған.
Мемлекеттік басқару, кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы салаларында мол кәсіби тәжірибесі бар.
Еңбек жолын Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде бастаған. Кейін халықаралық компанияда, қалалық мәдениет және демалыс саябағында, жергілікті атқарушы органдар мен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында жауапты лауазымдар атқарған.
Қызылорда қаласы мен облысының мемлекеттік сатып алу саласындағы құрылымдарын басқарған. Сондай-ақ Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы қызметін атқарған. Соңғы жұмыс орнында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары ретінде инвестиция тарту, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысын ұйымдастыру және арнайы экономикалық аймақ құру бағытындағы жұмыстарға жетекшілік еткен.

Осыған орай, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Мұратбек Мамытханұлы Маханов Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, Мөлдір Сұлтанбекқызын жаңа қызметімен құттықтады.
Кездесу барысында жаңа басшыға бизнес өкілдерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, өңірдегі іскерлік ортаны жақсарту, жүйелі мәселелерді шешу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың дамуына ықпал ету жөнінде бірқатар маңызды міндеттер жүктелді.
Өз кезегінде Мөлдір Сұлтанбекқызы көрсетілген сенім үшін алғыс білдіріп, жаңа қызметтегі негізгі басымдықтарға тоқталды.
«Маған көрсетілген сенім мен жауапкершілікті терең сезінемін. Қызылорда облысының кәсіпкерлік саласында жинақталған тәжірибе мен білімімді өңір бизнесінің дамуына жұмсауға дайынмын. Кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың өзекті мәселелерін шешуге ықпал ету және Палатаның жұмыс тиімділігін арттыру бағытында бар күш-жігерімді саламын. Осы сенімді ақтап, кәсіпкерлік қауымдастықпен және мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін аянбай еңбек етемін», – деді Мөлдір Тәуіпбаева.

Сапар аясында Мұратбек Мамытханұлы Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес мүшелерімен және Палата ұжымымен де кездесті. Жиында өңірдегі бизнестің өзекті мәселелері, кәсіпкерлерді қолдау шараларының тиімділігі және алдағы кезеңге арналған басым міндеттер талқыланды.