Астанада «Атамекен» ҰКП Съезі алдындағы жиын өтті: бизнес пен мемлекет кәсіпкерліктің жүйелі мәселелерін талқылады
Бүгін Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнестің жүйелі мәселелерін талқылауға арналған съезд алдындағы кеңесі өтті. Іс-шара «Атамекен» ҰКП XIV Съезі қарсаңында ұйымдастырылды.
Жиынға еліміздің барлық өңірінен, салалық қауымдастықтар мен өңірлік кеңестерден 400-ден астам бизнес өкілі, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың 100-ден астам өкілі қатысты. Съезд алдындағы жиын дәстүрлі түрде бизнес пен мемлекет арасындағы ашық диалогтың, кәсіпкерліктің жүйелі мәселелерін талқылау мен өзекті түйткілдер бойынша бірлескен шешімдер әзірлеудің негізгі алаңдарының біріне айналды.
Іс-шараны «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшелері – аппарат басшысы Н.Ә. Нәлқожа және Басқарма Төрағасының орынбасары А.Е. Қалиғазин ашып, жиынға модераторлық етті.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Е.Е. Сағынаев құттықтау сөз сөйлеп, бизнестің жүйелі мәселелерін шешуде мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік қоғамдастықтың өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.
Съезд алдындағы жиынның негізгі бөлігі ашық микрофон форматында өтті. Кәсіпкерлер мемлекеттік орган өкілдеріне тікелей жүгініп, өзекті, оның ішінде ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келе жатқан мәселелерді көтерді, сондай-ақ бейінді ведомстволардың жауаптарын алып, оларды шешудің алдағы қадамдарын талқылады. Сонымен қатар қатысушылар өз сұрақтарын QR-код арқылы электрондық форматта жолдау мүмкіндігіне ие болды.



Съезд алдындағы жиынға дайындық және оны өткізу аясында QR-код арқылы түскен өтініштерді қоса есептегенде, бизнестің барлығы 156 түйткілді мәселесі жинақталды.
Жиын қорытындысы бойынша түйткілді мәселелердің жиынтық тізбесі одан әрі пысықтау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына және бейінді мемлекеттік органдарға жолданатын болады.




Сондай-ақ, жинақталған барлық мәселе әрбір сұрақты одан әрі сүйемелдеу, оның қаралу барысына мониторинг жүргізу және қабылданатын шешімдерді бақылау мақсатында «Атамекен» ҰКП-ның Бизнестің түйткілді мәселелері тізіліміне енгізіледі.




Съезд алдындағы кеңес «Атамекен» ҰКП XIV Съезіне дайындықтың маңызды кезеңіне айналып, кәсіпкерлердің мүддесін қорғауды және бизнес мәселелерін шешу бойынша жүйелі жұмысты қамтамасыз ететін бизнес пен мемлекет арасындағы байланыстырушы буын ретіндегі Ұлттық палатаның рөлін айқындай түсті.