Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасы аграршыға өз құқығын қорғауға көмектесті

25.11.2026
Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасы аграршыға өз құқығын қорғауға көмектесті

​Мемлекеттік қолдау бизнестің дамуына серпін беруі тиіс, кәсіпкер үшін қосымша кедергіге айналмауы керек. Алайда мемлекеттік ақпараттық жүйедегі бір ғана қателік субсидияларды қайтару талаптары мен сот талқылауларына дейін жеткізетін ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Ерейментау ауданындағы «Гүлім» шаруашылық қожалығы дәл осындай жағдайға тап болды. Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасының араласуымен аграршының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

​«Гүлім» ШҚ табынды асылдандыру мақсатында герефорд тұқымды екі асыл тұқымды бұқа сатып алған. 2025 жылдың тамызында мал Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесіне (АШЖБ) есепке қойылды. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау бағдарламасы аясында шаруашылыққа мемлекеттік қолдау көрсетілді.

​Алайда 2026 жылдың маусымында Ерейментау аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне АШЖБ мәліметтеріне сәйкес, екі бұқа да жеке пайдалану мақсатында сойылуына байланысты есептен шығарылғаны туралы ақпарат түскен. Ал іс жүзінде мал шаруашылықта болған, ортақ табында бағылып, мақсатына сай пайдаланылып келген.

​Осындай жағдайға тап болған «Гүлім» ШҚ басшысы Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрады. Палата сарапшылары кәсіпкермен бірлесіп мән-жайды анықтауға кірісті және малды есептен шығару себептерін белгілеп, АШЖБ-де шынайы мәліметтерді қалпына келтіру үшін уәкілетті органдар мен ұйымдарға сұрау салды.

​ШЖҚ «Ерейментау ауданының ветеринариялық станциясы» КМК жауабында ақпараттық жүйе деректері бойынша асыл тұқымды бұқалардың союға шығарылғаны хабарланды. Құншалған ауылдық округі ветеринариялық пунктінің меңгерушісі Айланыш Тілекбердінің түсіндіруінше, сәйкессіздік АШЖБ базасындағы ақаудан туындауы мүмкін.

​Дегенмен «Агроөнеркәсіптік кешендегі экономикалық саясаттың талдау орталығы» ЖШС ұстанымы мүлде бөлек болды. Ұйым өз жауабында бұл мәліметтердің пайда болуын АШЖБ орталық жүйесіндегі техникалық ақаудың салдары деп санауға негіз жоқ екенін көрсетті. Сонымен қатар жануарларды есепке қою және есептен шығару операцияларын мал дәрігері жүргізгені расталды.

​Жалған жазбаның мүліктік салдарға әкелуі жағдайды одан әрі ушықтырды: Ерейментау аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі шаруашылыққа бұрын алынған субсидияларды сот тәртібімен қайтару туралы талап қойды.

​Өңірлік палата сарапшылары ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне, облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармаларына, ШЖҚ «Ерейментау ауданының ветеринариялық станциясы» КМК-ға және «Агроөнеркәсіптік кешендегі экономикалық саясаттың талдау орталығы» ЖШС-ға ресми хаттар жолдап, асыл тұқымды бұқалардың есебін қалпына келтіру мәселесін көтерді.

​Алайда Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен облыстық ветеринария басқармасының жауаптарында деректер базасына мәліметтерді енгізуді, өзектендіруді және түзетуді ветеринария саласындағы мамандар жүзеге асыратыны, ал деректерді сот тәртібімен түзету қажет болған жағдайда бұған сот шешімі негіз болатыны айтылды.

​«Агробизнестің адал субъектісі бола отырып, аграршы лауазымды тұлға — мал дәрігері жіберген қателік салдарынан енгізілген бұрыс мәліметтерді жоюға бағытталған қосымша уақыт пен ұйымдастырушылық шығындарға ұшырады. Аталған қателік кәсіпкерлік қызметті жүргізуге қосымша әкімшілік кедергілер туғызып, Ерейментау аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бұрын алынған субсидияларды сот тәртібімен қайтару туралы талап қоюынан көрінген жағымсыз мүліктік салдарға әкелді», — деп атап өтті Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Гүлден Сахаева.

​Мәселе Бірыңғай есеп күні аясында Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасының АӨК кеңесінде қаралды. Істің мән-жайы зерделеніп, тиісті жұмыстар жүргізілгеннен кейін Өңірлік палатаның сүйемелдеуімен кәсіпкер ағымдағы жылдың қазан айында сотқа жүгінді.

​Сот талқылауы барысында Палата өкілі Гүлден Сахаева талапкердің даулы жануарларды іс жүзінде сою немесе шаруашылықтан шығару бойынша ешқандай әрекет жасамағанын дәлелдеді. АШЖБ-дегі жазба нақты жағдайға сәйкес келмейді және мемлекеттік қолдау алуға байланысты міндеттемелердің орындалуын растауға кедергі келтіреді.

​«Нәтижесінде өз міндеттемелерін адал орындаған кәсіпкер өндірістік қызметке және шаруашылықты дамытуға күш салудың орнына, өз кінәсінсіз жіберілген қателікті түзету үшін құжаттар жинауға, мемлекеттік органдарға жүгінуге және сот талқылауына уақыт пен ресурстарын жұмсауға мәжбүр болды», — деп түйіндеді Гүлден Сахаева.

​Жақында істі қарау қорытындысы бойынша Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты «Гүлім» ШҚ басшысы Даул Садуақасовтың Ақмола облысының ветеринария басқармасына қарасты ШЖҚ «Ерейментау ауданының ветеринариялық станциясы» КМК-ға қатысты әкімшілік талап арызын қанағаттандырып, ветеринариялық станцияны жануарлардың есебін қалпына келтіруге міндеттеді.