Жұмыс орнында оқыту педагогикасы. Тәлімгер-мамандарды аттестаттау
Алматы облысының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерінің өтінімдері бойынша «Жұмыс орнында оқыту педагогикасы. Тәлімгер-мамандарды аттестаттау» тақырыбында семинар өткізді.
Семинарға Қонаев қаласының Көпсалалы колледжімен өзара ынтымақтастық орнатып, жас мамандарды даярлау мен бейімдеуге, сондай-ақ дуалды оқытуды, студенттердің өндірістік және дипломалды практикасын ұйымдастырушы Қонаев қаласының шеберлері, мамандары және кәсіпорын өкілдері қатысты.
Оқыту барысында қатысушылар өндірістегі тәлімгердің рөлін, тікелей жұмыс орнында оқыту әдістерін, тәлімгерлік институтын қалыптастыру және дамыту мәселелерін, сондай-ақ кәсіби дағдыларды бағалау тәсілдерін қарастырды.
Практикалық бөлім тәжірибе алмасуға және жас мамандарды даярлаудың нақты мәселелерін талқылауға арналды. «Кәсіпорын — колледж — тәлімгер — студент» өзара іс-қимылын дамытуға және дуалды оқытуды одан әрі енгізуге ерекше назар аударылды.
Оқыту қорытындысы бойынша 28 қатысушы жұмыс орнындағы тәлімгерлік бойынша 16 сағаттық оқу курсын аяқтағаны туралы сертификат алды.