Талғар қаласында «Тәлімгерлік мектебі» аясында «Жұмыс орнында оқыту педагогикасы» курсы өткізілді

02.11.2026
Талғар қаласында «Тәлімгерлік мектебі» аясында «Жұмыс орнында оқыту педагогикасы» курсы өткізілді

Талғар политехникалық колледжінің базасында «Тәлімгерлік мектебі» аясында «Жұмыс орнында оқыту педагогикасы» тақырыбында оқу курсы өткізілді. Курс кәсіпорындарда кадрларды даярлауға қатысатын мамандардың кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталды.

Оқытуға Талғар қаласы мен Талғар ауданының жеке кәсіпкерлері және кәсіпорын өкілдері қатысты. Қатысушылар қатарында «Глазман» ЖШС, «P.T.Z.» ЖШС, «Техti market» ЖШС, Талғар РЭЖ, «BM Group» ЖК, «АЙ-АРУ» ЖК және басқа да ұйымдар болды.

Курсқа түрлі салалардың басшылары мен мамандары, атап айтқанда технологтер, өндірістік және тігін цехтарының басшылары, HR-директор, бас механик, шеберлер, сондай-ақ колледж оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері қатысты.

Оқу бағдарламасы тәлімгерлердің кәсіби құзыреттерін дамытуға, жұмыс орнында оқытудың заманауи әдістерін меңгеруге, кәсіби тәжірибені тиімді жеткізуге және жас мамандарды сапалы даярлауға бағытталды.

Оқу қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға «Жұмыс орнында оқыту педагогикасы. Тәлімгер мамандарды аттестаттау» бағдарламасы бойынша «Тәлімгерлік мектебі» курсынан өткенін растайтын сертификаттар табысталды.

Кәсіпорындарда тәлімгерлік жүйесін дамыту дуальды оқытудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл білім беру ұйымдары мен бизнес арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сай білікті кадрларды даярлауға мүмкіндік береді.