Алматы облысында жекеменшік балабақшаларды лицензиялауға дайындық мәселелері талқыланды
Алматы облысының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» алаңында Білім мәселелері жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті. Отырыс 2027 жылдан бастап енгізілуі жоспарланған жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау талаптарына дайындық мәселелеріне арналды.
Жиынға Алматы облысының прокуратурасы, Білім басқармасы, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері, сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру саласында қызмет атқаратын кәсіпкерлер қатысты.
Кездесу барысында жеке кәсіпкерлердің (ЖК) жауапкершілігі шектеулі серіктестікке (ЖШС) ауысуының салықтық және құқықтық тәртібі, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыларды қайта тексерусіз қайта ресімдеу мүмкіндігі, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысын, бұрын бекітілген орындар санын және қаржыландырудың үздіксіздігін сақтау мәселелері қаралды.
Қатысушылар жаңа лицензиялау талаптарына көшу кезінде жекеменшік балабақшалар үшін түсінікті әрі қолайлы тетіктерді әзірлеу қажеттігін атап өтті. Бұл ретте кәсіпкерлерге қосымша әкімшілік және қаржылық кедергілер туындамауы және қолданыстағы қызметтің үздіксіздігі қамтамасыз етілуі маңызды екені айтылды.
Отырыс қорытындысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыларды қайта ресімдеу тәртібін жетілдіру, сондай-ақ лицензиялауға көшу кезеңінде мемлекеттік білім беру тапсырысы мен бұрын бекітілген орындар санын сақтау тетігін әзірлеу жөніндегі ұсыныстарды уәкілетті мемлекеттік органдар деңгейінде қарау бойынша жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылданды.