Құқықтарды қорғаудан бизнесті цифрландыруға дейін: телеэфирде ШҚО Кәсіпкерлер палатасының басым бағыттары туралы айтылды

26.11.2026
Құқықтарды қорғаудан бизнесті цифрландыруға дейін: телеэфирде ШҚО Кәсіпкерлер палатасының басым бағыттары туралы айтылды

Бизнеске әкімшілік қысымды қалай азайтуға болады? Неліктен мемлекеттік сатып алу кәсіпкерлер үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр? «Атамекен» қандай жаңа қолдау құралдарын ұсынады және өңірлік бизнестің бастамалары республикалық деңгейде қалай ілгерілетілуде? Осы және өзге де мәселелер ALTAI телеарнасындағы «Жаңа Қазақстан» бағдарламасында талқыланды. Бағдарламаға ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жангирханова қатысты.

Сұхбат барысында Палата қызметінің негізгі бағыттарына, кәсіпкерлік қоғамдастықтың жүйелі мәселелеріне және өңірдегі бизнестің даму перспективаларына ерекше назар аударылды.

Талқыланған негізгі тақырыптар:

🔹 Кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Палатаға 130 өтініш келіп түсіп, оның 113-і оң шешімін тапты. Бизнестің қорғалған мүліктік мүдделерінің сомасы 5 млрд теңгеден асты.

🔹 Бизнеске әкімшілік қысымды азайту. Жекелеген өтініштерді шешуден құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жүйелі кедергілерді жоюға және заңнаманы жетілдіруге көшу.

🔹 Мемлекеттік сатып алу мәселелері. Орындалған жұмыстарға уақтылы ақы төлемеу, шарттық міндеттемелерді орындау, кәсіпкерлерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу. Нақты мысалдар негізінде бизнестің осындай жағдайларда қандай салдарға тап болатыны қарастырылды.

🔹 Дауларды сотқа дейін реттеу. Келісу комиссиялары мен төрелік институттарын дамыту, адвокаттар қауымдастығымен ынтымақтастық орнату, «Сіздің құқығыңыз» («Ваше право») бірлескен жобасы аясында сот тәжірибесін зерделеу және жинақтау.

🔹 Бизнес мүдделерін республикалық деңгейде ілгерілету. Өңірдің заңнамалық бастамалары, агроөнеркәсіптік кешен мен өнеркәсіпті дамытудың жүйелі мәселелері, отандық өндірушілерді қолдау, ҚР «Атамекен» ҰКП Съезінің рөлі, сондай-ақ ШҚО Кәсіпкерлер палатасы өкілінің Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына енуі арқылы ашылатын жаңа мүмкіндіктер.

🔹 Шағын, ауылдық және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау. Бизнеске консультациялық және сервистік қолдау көрсету, қаржыландыру алуға жәрдемдесу, жергілікті өндірушілердің өнімдерін ілгерілету және «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асыру.

🔹 Кәсіпкерлікті цифрландыру. Бизнес-процестерді автоматтандыруға, іскерлік серіктестерді іздеуге және өткізу нарықтарын кеңейтуге бағытталған «Атамекеннің» BusinessGO, Business Connect және SHEBER жаңа цифрлық платформаларының мүмкіндіктері.

🔹 Палатаның алдағы жұмысының басым бағыттары. Бизнестің құқықтық қорғалуын күшейту, заңнаманы жетілдіру, кәсіпкерлік құзыреттерді дамыту, ғылым мен өндіріс арасындағы өзара байланысты нығайту.

Өңірдің іскерлік күн тәртібін қалыптастыруға кәсіпкерлердің өздері белсенді қатысуы қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Палатаның басты міндеті – бизнеске туындаған мәселелерді шешуге көмектесіп қана қоймай, кәсіпкерлердің негізсіз әкімшілік кедергілерсіз жұмыс істеуіне, өндірісті дамытуына және өз құқықтарының қорғалуына сенімді болуына мүмкіндік беретін жүйелі өзгерістерге қол жеткізу.