Аграрлық статистикадан әкімшілік кедергілерге дейін: ШҚО бизнесі «Атамекен» съезінде жүйелі мәселелерді көтерді
Астанада ҚР «Атамекен» ҰКП-ның съезі өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысының делегациясы қатысты. Съезд және съезд алдындағы іс-шаралар аясында өңір өкілдері республикалық деңгейде шешуді қажет ететін бизнестің бірқатар жүйелі мәселелерін көтеріп, мемлекеттік реттеудің қолданыстағы тетіктерін жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар енгізді.
Шығыс Қазақстан кәсіпкерлері көтерген негізгі мәселелер қатарында аграрлық статистиканың дұрыстығы, ауыл шаруашылығы субсидияларының кешіктірілуі, қала құрылысы саласындағы әкімшілік кедергілер және кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту кезіндегі құқық қолдану тәжірибесі бар.
Аграрлық саланы дамыту мәселелеріне ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы, «Астана-Бизнес» ЖШС агрохолдингінің басшысы Фарид Абитаев ерекше назар аударды.
Оның айтуынша, кейде кереғар жағдай қалыптасады: тіпті қуаңшылық жылы да ресми статистика рекордтық өнімділік көрсеткіштерін көрсетеді. Бұл ретте мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігіне емес, негізінен жергілікті атқарушы органдар деңгейінде бастапқы статистикалық деректерді қалыптастыру тетігіне қатысты.
Телефон арқылы сауалнама жүргізу әдісімен жиналатын мәліметтер саладағы нақты жағдайды бұрмалауы мүмкін. Кейіннен дәл осы деректер бейінді министрлікке жолданып, стратегиялық шешімдер қабылдауға негіз болады.
«Қисық айнадан ақиқатты көру мүмкін емес. Аграрлық сектордағы мемлекеттік саясаттың тиімділігі мәліметтердің дұрыстығына тікелей байланысты», – деп атап өтті Фарид Абитаев.
Өңірлік кеңес төрағасы заманауи цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, статистикалық деректерді жинау тәсілдерін қайта қарауды ұсынды.
«Мен статистикалық деректерді шетелдік жерсеріктерден алынатын ақпарат пен ай сайын өте аз мөлшерде ақы төлеу арқылы қолжетімді болатын мамандандырылған қосымшалар негізінде қалыптастыруды ұсындым. Бүгінде бұл технологиялар егіс алқаптары, өсірілетін дақылдар мен өнімділік туралы объективті мәліметтер алуға мүмкіндік береді. Аз ғана қаржылық шығын жұмсай отырып, біз саладағы нақты жағдайды көре аламыз. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі саланы дамыту стратегиясын қалыптастыру кезінде осы деректерге сүйене алады», – деді Фарид Абитаев.
Өңірлік кеңес төрағасы көтерген тағы бір мәселе – ауыл шаруашылығы субсидияларының жүйелі түрде кешіктірілуі.
Аграрийлер қаржылық белгісіздік жағдайында жұмыс істеуге мәжбүр. Кәсіпорындар шығын жұмсап, тұқым, тыңайтқыштар, жанар-жағармай материалдарын сатып алады, несиелері бойынша міндеттемелерін орындайды. Ал көзделген мемлекеттік қолдау қаражаты кейде бір жылға кешіктіріліп төленеді.
Фарид Абитаев бюджеттік жоспарлау тәсілін өзгертіп, іс жүзінде қалыптасқан субсидияларды бір жылға кейінге қалдырып төлеу тетігін заңнамалық тұрғыда бекітуді ұсынды.
«Субсидия төлемдері шамамен бір жылға кешіктіріледі. Мен осы тетікті заңнамалық тұрғыда бекітуді ұсындым. Сонда Қаржы министрлігі бюджетті қалыптастыру кезінде саланың нақты қажеттілігіне сүйене отырып, тиісті қаражат көлемін қарастырады. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігіне субсидиялау процесін тиімдірек басқаруға, ал аграрийлерге қандай соманы және қай мерзімде алатынына сенімді болуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Фарид Абитаев.
Мемлекеттік органдардың өкілдері айтылған ұсыныстарды теориялық тұрғыдан да, іс жүзінде де жүзеге асыруға болатынын атап өтті. Субсидия төлемдерінің кешіктірілуінің негізгі себебі ретінде қаражаттың жеткіліксіздігі аталды. Сонымен қатар бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жыл соңына дейін міндеттемелерді барынша орындауға тырысып жатқаны айтылды. Ал статистикалық деректерді жинау тетігін қайта қарау жөніндегі ұсыныс қосымша талқылауды қажет етеді.
Ауыл шаруашылығы мәселелерінен бөлек, Шығыс Қазақстан делегациясы ШҚО Кәсіпкерлер палатасының жұмысы барысында анықталған тағы екі жүйелі мәселені республикалық деңгейге шығарды.
Біріншісі – бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының (ЕЖЖ) болмауы. Соның салдарынан кәсіпкерлер инвестициялық жобаларды іске асыру, рұқсат беру құжаттарын алу және құрылыс қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдардың бас тартуына тап болуда.
Мұндағы кереғарлық – қала құрылысы құжаттамасын әзірлеу мемлекеттік органдардың құзыретіне жатса, оның болмауынан туындайтын экономикалық зардаптарды бизнес көтереді.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасы осындай аумақтарды түгендеуден өткізуді, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеудің нақты мерзімдерін белгілеуді және кәсіпкерлердің өтініштерін қарау кезінде формалды тәсілге жол бермеуді ұсынады.
Тағы бір мәселе ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабын қолдану тәжірибесіне қатысты. Палата жүргізген 2024–2026 жылдардағы сот қаулыларының талдауы алкоголь өнімдерін өткізу қағидалары бұзылған жағдайда сатушы мен жұмыс берушінің кінәсі жеткілікті дәрежеде ажыратылмай, кәсіпкерлердің өз қызметкерлерінің дербес әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін көрсетті.
Палатаның ұстанымы – бизнесті жауапкершіліктен босату емес, заңнаманың әділ қолданылуын қамтамасыз ету. Яғни кәсіпкердің кінәсі дәлелденген жағдайда ғана ол жауапкершілікке тартылуы тиіс.
Аталған екі мәселе бойынша әзірге жауап алынған жоқ. Дегенмен шығысқазақстандық бизнестің ұсыныстары республикалық деңгейдегі мемлекеттік органдардың өкілдеріне жеткізілді.
Шығыс Қазақстан делегациясының «Атамекен» съезіне қатысуы өңірдегі кәсіпкерлік қауымдастықтың өзекті мәселелерін көтеріп қана қоймай, оларды шешудің нақты жолдарын ұсынуға мүмкіндік берді.
Ең маңыздысы – көтерілген әрбір мәселенің артында кәсіпкерлердің күнделікті қызметінде кездесетін нақты жағдайлар тұр. Бұл тек Шығыс Қазақстанға ғана қатысты емес, аталған мәселелердің көпшілігі жүйелі сипатқа ие және бүкіл елдің бизнесі үшін өзекті.
Келесі кезеңде айтылған бастамаларды бейінді мемлекеттік органдармен бірлесіп жан-жақты пысықтау қажет.