«Атамекен» қазақстандық құрылыс материалдарын жобалық құжаттамаға енгізу үдерісін жеделдетуді ұсынады

26.11.2026
«Атамекен» қазақстандық құрылыс материалдарын жобалық құжаттамаға енгізу үдерісін жеделдетуді ұсынады

«Атамекен» ҰКП ауқымды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды іске асыру кезінде отандық құрылыс материалдарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында отандық құрылыс материалдарын Сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогына (АГСК-3) енгізу қағидаларын қайта қарауды ұсынды. Бұл каталогты мамандар жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және құрылыс нысандарын салу кезінде басшылыққа алады.

Бизнес өкілдерінің айтуынша, өнімді каталогқа енгізудің қолданыстағы тәртібінде бірқатар жүйелі мәселе бар. Атап айтқанда, бірыңғай электрондық рәсім мен өтінімдерді қарау мерзімдерінің белгіленбеуі өтінімдерді қарау үдерісінің созылуына әкеледі. Бұдан бөлек, АГСК-3-тегі өнім кодтары Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімімен сәйкестендірілмеген. Бұл жобалау кезінде отандық материалдарды анықтауды қиындатады.

Отандық өндірушілердің мәліметінше, өнімді АГСК-3-ке енгізу бірнеше айға дейін созылуы мүмкін. Мұндай ұзақ рәсім бизнес үшін қосымша әкімшілік кедергілер туғызып, отандық өнімді жобалау-сметалық құжаттамаға уақтылы енгізуге мүмкіндік бермейді.

Тағы бір кедергі – сметалық бағалардың өзектілігінің төмендігі. Олар құрылыс материалдарының, шикізат пен логистиканың нақты құнын әрдайым көрсете бермейді.

«Қазақстандық құрылыс материалдары жобалық құжаттамаға импорттық өнімнен басымдықпен енгізілуі тиіс. Ол үшін жобалаушылар өндірушілер, өнімнің сипаттамалары мен құны туралы өзекті әрі сенімді ақпаратқа қол жеткізуі қажет. Қазір жекелеген кодтардың болмауы және ақпараттық базалардың өзара байланыспауы бұл үдерісті қиындатып отыр. Отандық өнімді жобаларға кедергісіз енгізіп, құрылыс нысандарында қолдану үшін осы мәселелерді шешу маңызды», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Назира Үсенова.

Аталған мәселелерді шешу үшін «Атамекен» ҰКП ұсынады:

  • АГСК-3 каталогын сметалық бағдарламалармен, Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімімен және Ұлттық тауарлар каталогымен интеграциялауды. Бұл үшін бірыңғай жіктеу кодтарын пайдаланып, жобалаушыларға құрылыс материалдарының отандық баламаларын жедел табуға мүмкіндік беруді.

  • Сметалық бағалардың дұрыс көрсетілуін қамтамасыз ету және материалдарға деген қажеттілікті алдын ала жоспарлауды. Құрылыс кестелерін әзірлеу кезінде нақты өндірістік циклдер мен өнімді жеткізу мерзімдерін ескеру қажет.

Отандық өнімді АГСК-3-ке енгізу тәртібін жетілдіру, ақпараттық жүйелерді интеграциялау және сметалық бағаларды өзектендіру жөніндегі тиісті ұсыныстар құрылыс саласын дамыту және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға отандық тауар өндірушілерді тарту мәселелеріне арналған отырыста «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы тарапынан айтылды.

«Отандық өндірушілер үшін құрылыс саласының қажеттілігін алдын ала білу, кәсіпорындардың өндірістік жүктемесін жоспарлау және өнімді белгіленген мерзімде жеткізу маңызды. Сонымен қатар сметалық бағалар нақты нарықтық жағдайға сәйкес болуы тиіс. Салалық қауымдастықтар да осы жұмысқа қатысуға, соның ішінде қажетті өнім көлемін қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру жөніндегі меморандумдар жасасуға дайын», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің директоры – Басқарушы директор Асқар Алмат.

Өнімді АГСК-3-ке енгізу рәсімін цифрландыру отандық зауыттарға құрылыс жобаларына жылдам қатысуға мүмкіндік береді. Ал сметалық бағаларды уақтылы өзектендіру құрылыс материалдарын өндіру мен жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

«Атамекен» ҰКП ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-мен және салалық бірлестіктермен АГСК-3 пен сметалық-нормативтік базаны жетілдіру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырады. Ұсынылып отырған шаралар бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайтып, еліміздегі құрылыс алаңдарында сапалы қазақстандық материалдарды қолдану аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.