«Атамекен» екі елдің бизнесін біріктірді: Алматыда Қазақстан мен Өзбекстанның 200-ге жуық компаниясының өкілдері бас қосты

26.11.2026
«Атамекен» екі елдің бизнесін біріктірді: Алматыда Қазақстан мен Өзбекстанның 200-ге жуық компаниясының өкілдері бас қосты

Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы сауда, инвестиция және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты.

Жаңа іскерлік серіктестер табу, өткізу нарықтарын кеңейту, өзара тауар жеткізу және бірлескен кәсіпорындар құру перспективаларын талқылау. Осындай мақсатпен 26 қарашада Алматыда Қазақстан мен Өзбекстан кәсіпкерлері бас қосты.

Қабылдаушы тарап ретінде Алматы қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы екі елдің бизнес өкілдерін, мемлекеттік органдары мен даму институттарын бір алаңға жинады.

Форумның ауқымы кәсіпкерлердің өзара тиімді ынтымақтастыққа деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетті. Іскерлік кездесуге Өзбекстанның 90-нан астам және Қазақстанның 100-ге жуық компаниясының өкілдері қатысты.

Изображение

Өзбекстанның бизнес-делегациясын Өзбекстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы бастап келді. Форумға азық-түлік, тоқыма өнімдері, киім-кешек, құрылыс материалдары мен күнделікті тұтыну тауарларын өндірушілер, сондай-ақ өнеркәсіп, логистика, IT, денсаулық сақтау, туризм және агробизнес салаларының өкілдері қатысты.

Форумның басты мақсаты – кәсіпкерлердің тікелей диалог орнатуына және іскерлік таныстықтан нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыруға көшуіне жағдай жасау.

Тату көршіліктен – іскерлік серіктестікке

Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумының модераторы Алматы қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Еркебұлан Бейімбет болды.

Форумның ресми бөліміне Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиёр Ибрагимов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов, Алматы қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Шыңғысхан Маманов және Өзбекстан Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Шерзодхон Ибрагимов қатысты.

 

Изображение

Форум қатысушыларына сөз арнаған Бахтиёр Ибрагимов Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін және мемлекетаралық қатынастарды одан әрі дамытудағы кәсіпкерлердің ерекше рөлін атап өтті.

«Кәсіпкерлік қозғалыс – мемлекет басшылары үнемі айтып жүрген негізгі тірек. Бүгінде президенттеріміздің алдында тұрған басты міндеттердің қалай шешілетіні сіздерге және сіздердің белсенділіктеріңізге байланысты», – деді елші.

Оның айтуынша, 2026 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 5,5–6 млрд АҚШ долларына жетуге тиіс. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 10 млрд долларға жеткізу стратегиялық міндет ретінде белгіленген.

Сонымен қатар стратегиялық маңызы бар 35 жобаны қамтитын, жалпы құны шамамен 8 млрд доллар болатын инвестициялық бағдарлама жүзеге асырылуда.

Өзара сенімге негізделген экономика

Алматы қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Шыңғысхан Маманов қазақ пен өзбек халықтарының ғасырлар бойғы достығы, ортақ тарихы мен мәдени дәстүрлері бүгінде экономикалық қатынастарды дамытудың берік негізіне айналғанын атап өтті.

«Мемлекет басшыларымыз – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Шавкат Миромонұлы Мирзиёевтің жүйелі жұмысының арқасында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың жаңа деңгейіне көтерілді», – деп атап өтті Шыңғысхан Маманов.

 

Изображение

Екі ел президенттерінің кездесулері барысында қол жеткізілген уағдаластықтар өзара сауданы кеңейтуге, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, инвестиция тартуға және өңіраралық байланыстарды нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

Палата директоры келтірген деректер де экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді:

  • соңғы он жылда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2,6 есе өсіп, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 5 млрд АҚШ долларына жуықтады;

  • өзбек тарапының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың тоғыз айында өзара сауда көлемі 22%-дан астам өсіп, 4,2 млрд доллардан асты;

  • 2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанда Өзбекстан капиталының қатысуымен 14 мыңнан астам компания мен филиал тіркелген. Олардың 12 мыңнан астамы жұмыс істеп тұрған субъектілер мәртебесіне ие, оның ішінде 461-і бірлескен меншік нысанындағы субъектілер;

  • шетелдік меншік нысанындағы жұмыс істеп тұрған компаниялар мен филиалдардың саны бойынша Өзбекстан Қазақстанда екінші орында тұр;

  • 2026 жылғы қазан айындағы деректерге сәйкес, Өзбекстанда Қазақстан капиталының қатысуымен 1 300-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.

«Алматы қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы үшін осы уағдаластықтардың іс жүзінде жүзеге асырылуына ықпал ету, бизнеске серіктестер табуға, жаңа нарықтарға шығуға және бірлескен кәсіпорындар құруға көмектесу маңызды. Бүгінгі форум дәл осы мақсатқа бағытталған», – деді Шыңғысхан Маманов.

Алматыдағы кездесу қазақстандық тараптың Ташкентке бұған дейінгі сапары барысында басталған іскерлік диалогтың жалғасы болды.

Изображение

Made in CA: өзара саудадан – бірлескен өндіріске

Форумда айтылған перспективалы идеялардың бірі – Орталық Азия елдерінің кәсіпкерлері арасындағы өндірістік кооперацияны дамыту.

«CNTRBIZ-CA» ЖШС (Орталық Азия кәсіпкерлікті дамыту орталығы) басшысы Әмір Урисов өңір кәсіпкерлерінің күш-жігерін біріктіріп, Made in CA – «Орталық Азияда жасалған» ортақ брендімен өнімді бірлесіп өндіру және нарыққа шығару перспективаларына тоқталды.

Мұндай тәсіл дәстүрлі тауар алмасудан экономикалық ықпалдастықтың неғұрлым терең деңгейіне көшуге, яғни өңір кәсіпкерлерінің өндірістік мүмкіндіктерін, кәсіби әлеуеті мен ресурстарын біріктіруге негізделген.

Бұл бизнес үшін қызмет аясын кеңейтуге, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және жаңа нарықтарды бірлесіп игеруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ форум қатысушыларына Өзбекстанның экономикалық және инвестициялық әлеуеті, өзара сауданы дамыту мүмкіндіктері мен іскерлік ынтымақтастықты кеңейту перспективалары таныстырылды.

Іскерлік таныстықтан – нақты уағдаластықтарға

Форумның негізгі бөлігі B2B (бизнес – бизнес) және G2B (мемлекет – бизнес) форматтарындағы тікелей келіссөздер болды.

 

Изображение

Кәсіпкерлер әлеуетті жеткізушілермен, сатып алушылармен және инвесторлармен тікелей байланыс орнатып, өз өнімдерін таныстыруға, ынтымақтастық шарттарын, логистика мәселелерін, өзара тауар жеткізу және бірлескен кәсіпорындар құру перспективаларын талқылауға мүмкіндік алды.

Қазақстандық компаниялар үшін мұндай кездесулер өткізу нарықтарын кеңейтуге, Өзбекстанның тауар өндірушілерімен тікелей байланыс орнатуға және жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін серіктестер табуға жол ашады.

Бұл ретте өзара сауданы дамытумен қатар, бірлескен өндірістер құру, технологиялар алмасу және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ерекше қызығушылық тудырып отыр.

Халықаралық байланыстар – отандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер

Алматы қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту – отандық бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жұмыстың маңызды бағыттарының бірі.

 

Изображение

Тікелей келіссөздер ұйымдастырып, іскерлік байланыстар орнатуға ықпал ету арқылы Палата кәсіпкерлерге ішкі нарық шеңберінен шығуға, шетелдік серіктестер табуға және қызметтің жаңа бағыттарын дамытуға көмектеседі.

Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту жолындағы кезекті қадам болды. Форум кәсіпкерлерге ынтымақтастық перспективаларын тікелей талқылауға мүмкіндік берді.

Ендігі басты міндет – қалыптасқан қарқынды сақтап, орнатылған іскерлік байланыстарды одан әрі дамыту және бизнестің өзара қызығушылығын нақты бірлескен жобаларға айналдыру.