Келіссөздерден – серіктестікке: Алматыдағы Қазақстан мен Өзбекстан бизнесінің кездесу қорытындылары
Ет өнімдерін жеткізу жөніндегі меморандум, бірлескен туристік маршрут құру бастамасы және Алматының өнеркәсіптік әлеуетімен танысу – өзбек делегациясы сапарының іскерлік бағдарламасының негізгі нәтижелері.
26 қарашада Алматыда өткен Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы 200 компанияның өкілін біріктірді. Олардың 112-сі – қазақстандық, 88-і – өзбекстандық компаниялар.
Қабылдаушы тарап ретінде Алматы қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы екі ел кәсіпкерлері арасында тікелей келіссөздер, өзбекстандық өндірушілердің өнімдер көрмесін, сондай-ақ салалық кездесулер мен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға баруды ұйымдастырды.
Алғашқы уағдаластықтар: B2B келіссөздерінен – меморандумға
Форумның практикалық бөлігі B2B форматындағы екіжақты келіссөздерден тұрды. Кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Палата салалық бағыттар бойынша жеке келіссөз алаңдарын ұйымдастырды.
Қатысушылар өз өнімдерін таныстырып, өзара тауар жеткізу шарттарын, өткізу нарықтарын кеңейту мүмкіндіктерін және бірлескен өндіріс құру перспективаларын талқылады.
Келіссөздердің нақты нәтижелерінің бірі – өзбекстандық Gulbahor Agro Biznes компаниясы мен қазақстандық «Jusan Foods» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы. Құжат ет өнімдерін жеткізу саласындағы ынтымақтастықты көздейді.
Күннің екінші жартысында іскерлік бағдарлама бес бағыт бойынша жалғасты: девелопмент, туризм, HoReCa, сауда және өнеркәсіп. Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы делегация мүшелерінің мүдделерін ескере отырып, шетелдік қонақтар үшін салалық кездесулер мен кәсіпорындарға бару маршруттарын әзірледі.

Девелопмент және туризм: инвестициялар мен бірлескен жобалар
Өзбекстанның құрылыс және туристік бизнес өкілдерін Алматы қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өз алаңында қабылдады.
Инвестиция салу және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін Almaty Invest инвестициялар тарту орталығы басқарма төрағасының орынбасары Нариман Ибрагимов, «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ жобалар мониторингі департаментінің директоры Сұлтанғали Жалқұл, Алматы қаласы Туризм басқармасының туризмді ілгерілету бөлімінің басшысы Еркебұлан Әбихан және Kazakh Tourism Development компаниясының реттеушілік мәселелер мен рұқсат беру құжаттамасы жөніндегі менеджері Марғұлан Байғужин таныстырды.
Өзбекстандық кәсіпкерлер қонақүй кешендерін салуға, қалалық инфрақұрылым мен тау шаңғысы курорттарын дамытуға ерекше қызығушылық танытты.
Almaty Invest деректеріне сәйкес, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 23,4%-ы Алматының үлесіне тиесілі. Қаланың жалпы өңірлік өнімінің көлемі 71,5 млрд АҚШ долларын, сыртқы сауда көлемі 34 млрд долларды құрайды. Қалада 150 мыңға жуық компания тіркелген, олардың 3 мыңнан астамы шетелдік капиталдың қатысуымен жұмыс істейді.
Алматы жыл сайын 2,5 млн-ға жуық турист қабылдайды. Бұл ретте төрт және бес жұлдызды санаттағы 23 қонақүйдің жалпы сыйымдылығы шамамен 3 мың орынды құраса, қажеттілік 6 мың орынға бағаланып отыр. Бұл инвесторлар мен құрылыс компаниялары үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.
Шетелдік кәсіпкерлерге сондай-ақ қаланың бес полиорталығын қалыптастыру, көлік инфрақұрылымын дамыту, коммерциялық және әлеуметтік нысандар салу жоспарлары, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына қатысу мүмкіндіктері таныстырылды.

Қазақстан мен Өзбекстанның тау курорттарын бірыңғай туристік маршрутқа біріктіру ұсынылды
Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – Еуразиялық тау курорттары альянсының шетелдік туристерге бір сапар аясында Қазақстан мен Өзбекстанның тау шаңғысы курорттарына баруға мүмкіндік беретін бірлескен туристік пакет әзірлеу туралы ұсынысы болды.
Еуразиялық тау курорттары альянсының бас хатшысы Андрей Кукушкин 13 млн-ға жуық тау шаңғысы туристі бар Қытай нарығының әлеуетіне назар аударды. Осы туристік ағынның бір бөлігін Орталық Азияға тарту екі елдің де туризм саласын дамытуға елеулі серпін бере алады.
Кездесуге қатысушыларға жыл бойы жұмыс істейтін Almaty SuperSki тау курортының жобасы да таныстырылды. Жоба тұжырымдамасы 60 км тау шаңғысы трассасын салуды, 17 көтергіш орнатуды және күніне 10 мыңға дейін шаңғышы қабылдауды көздейді. Курорттың жалпы аумағы 1 022 гектарды құрайды.
Жалпы, Алматының тау кластерін дамыту жоспарында тау шаңғысы трассаларының ұзындығын 41 км-ден 227 км-ге дейін, аспалы жолдар санын 16-дан 58-ге дейін, ал өткізу қабілетін күніне 6 мыңнан 34 мың адамға дейін арттыру қарастырылған.
Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен туристік өнімін халықаралық көрмелерде Орталық Азияның бірыңғай туристік бренді аясында ілгерілету ұсынылды. Өзбекстан тарапы бұл бастамаға қызығушылық танытты. Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар ұсынысты бірлесіп пысықтау жұмыстарын жалғастыруға уағдаласты.
HoReCa және сауда: жергілікті нарықпен танысу
Қонақүй және мейрамхана бизнесінің өкілдері Safia желісінің кондитерлік цехы мен филиалына барды.
Қонақтарға кондитерлік өнімдерді өндірудің толық циклі – шикізатты дайындаудан бастап дайын өнімді безендіру, қаптау және сақтауға дейінгі үдерістер көрсетілді. Кәсіпкерлер сатып алуды ұйымдастыру тәртібімен, өнім өткізу жүйесімен және тауар ассортиментімен танысты.
Сауда компанияларының мамандары Көк базарға барып, оның сауда инфрақұрылымымен, тауар ассортиментімен және сауданы ұйымдастыру ерекшеліктерімен танысты.
Бағдарлама аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының дүкеніне де барды. Мұнда шетелдік қонақтарға жергілікті қазақстандық өндірушілердің өнімдері таныстырылды.
Мұндай кездесулер өзбекстандық серіктестерге жергілікті нарықтың ерекшеліктерін зерделеуге, өнім жеткізу мүмкіндіктерін бағалауға және қазақстандық кәсіпкерлермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

Алматының индустриялық аймағы: өндірісті жергіліктендіру мүмкіндіктері
Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасымен бірлесіп, Палата Алматының индустриялық аймағына баруды ұйымдастырды.
Шетелдік кәсіпкерлерге жаңа кәсіпорындарды орналастыру шарттары, Индустриялық аймақ қатысушысы мәртебесін алу тәртібі, инженерлік инфрақұрылым мүмкіндіктері және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тетіктері таныстырылды.
Almaty Invest таныстырылымындағы деректерге сәйкес:
490 га – Индустриялық аймақтың жалпы аумағы;
116 қатысушы компания;
1,2 млрд АҚШ доллары – инвестиция көлемі;
150 МВт – электрмен жабдықтау қуаты;
сағатына 40 мың текше метр – газбен жабдықтау қуаты.
Индустриялық аймақты одан әрі дамыту аясында оның аумағын екінші кезеңде 194 гектарға, ал үшінші кезеңде тағы 440,1 гектарға кеңейту көзделген.
Сапар барысында делегация жұмыс істеп тұрған үш кәсіпорынға барды:
«Kazakhstan Mobility Engineering» ЖШС – автомобильдерге арналған мультимедиялық панельдер өндірісі;
«Almaty Autoparts Production» ЖШС – автомобиль орындықтарын өндіру;
«СК Рахат» ЖШС – автоклавты газбетон және тротуар тақталарын өндіру.
Өзбекстандық кәсіпкерлер технологиялық үдерістермен, кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктерімен және жаңа өндірістерді орналастыру шарттарымен танысты.
Индустриялық аймаққа бару шетелдік қонақтарға Алматыда өндірісті жергіліктендіру, шикізат пен жиынтықтауыш бөлшектерді жеткізу, сондай-ақ автомобиль жасау және құрылыс материалдарын өндіру салаларындағы өнеркәсіптік кооперация перспективаларын нақты бағалауға мүмкіндік берді.

«Атамекен»: іскерлік байланыстардан – нақты ынтымақтастыққа
Ет өнімдерін жеткізу саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы, бірлескен туристік пакетті одан әрі пысықтау жөніндегі уағдаластық, шетелдік кәсіпкерлердің қонақүй құрылысына қызығушылық танытуы және өнеркәсіптік кооперация мүмкіндіктерімен танысуы сапардың іскерлік бағдарламасының негізгі қорытындылары болды.
Алматы қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы үшін осындай кездесулерді ұйымдастыру – халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен отандық бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтудің маңызды құралы.
Алдағы міндет – орнатылған іскерлік байланыстарды дамытуға ықпал ету, перспективалы бастамаларды сүйемелдеу және екі ел кәсіпкерлеріне келіссөздерден нақты бірлескен жобаларды іске асыруға көшуге көмектесу.