Маманнан тәлімгерге дейін: ШҚО кәсіпорындары кадр даярлауға неліктен көбірек көңіл бөле бастады?
Өз ісінің білікті маманы болу мен өзгеге кәсіп үйрете білу – екі бөлек нәрсе. Студентке күрделі өндірістік процесті қалай түсіндіруге, өз бетінше шешім қабылдауға және қателесуден қорықпауға қалай үйретуге болады? Шығыс Қазақстан кәсіпорындарының тәлімгерлері дәл осы дағдыларды меңгеруде. Бизнестің мұндай оқытуға деген қызығушылығы соншалық, өтінімдердің бір бөлігі 2027 жылға ауыстырылды.
2026 жылдың өзінде ШҚО Кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып жатқан тәлімгерлерді оқыту бағдарламасы аясында 113 адам даярлықтан өтті. Бағдарлама іске қосылғалы бері барлығы 262 тәлімгер оқытылды.
Алайда 2026 жыл оқытылған тәлімгерлердің санымен ғана ерекшеленген жоқ. Қатысушылардың құрамы, жұмыс берушілердің тәлімгерлікке деген көзқарасы және оқытуды ұйымдастыру форматы да өзгерді.
Биыл бағдарламаға кадр даярлауда көпжылдық тәжірибесі бар қала мен облыстың ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары ғана емес, дуальды оқыту жүйесін енді енгізе бастаған компаниялар да тартылды. Жұмыс берушілер студенттермен жұмысты әуел бастан дұрыс ұйымдастырып, өз қызметкерлерін тәлімгерлікке дайындауды көздейді.
Оқытуға қатысқан кәсіпорындар қатарында «ҮМЗ» АҚ, «Ульба-ТВС» ЖШС, «Согринская ТЭЦ» ЖШС, «Шығыс жылу» АҚ, «Востокцветмет» ЖШС, «Dosjan temir joly» АҚ, «DTJ Service» ЖШС, «Транспортная компания города Усть-Каменогорска» ЖШС, «LexPRO» ЖШС, «Объединенная ЭнергоСервисная Компания» АҚ бар.
Тағы бір маңызды өзгеріс – оқытуға кәсіпорындардың басшылық құрамының қатысуы.
«Бұған дейін оқытуға негізінен тәлімгерлердің өздері қатысса, биыл сабақтарға кәсіпорындардың басшылық буынының өкілдері де қосылды. Бұл бизнестің дуальды оқыту жүйесіне деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Жұмыс берушілер білікті кадр даярлауда тәлімгерліктің қаншалықты маңызды рөл атқаратынын түсініп, оған уақыт бөлуге дайын. Басшылар кәсіпорын ішінде бұл процесті қалай ұйымдастыру, тәлімгерлердің жұмысын қалай жолға қою және студенттерді даярлау сапасын қалай арттыру керектігін білгісі келеді», – деді тренер-мультипликатор, ШҚО Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әсет Әділхан.
Сонымен қатар кәсіпорындар оқытуға арналған алаңдарды өздері ұсына бастады. Бұрын сабақтар негізінен колледждер базасында өткізілсе, 2026 жылы кәсіпорындар тәлімгерлерді тікелей өндіріс орнында оқыту туралы бастама көтерді.
Мұндай формат әр кәсіпорынның өзіндік ерекшелігін, технологиялық процестерді, болашақ мамандарға қойылатын талаптарды ескеруге, сондай-ақ тәлімгерлердің күнделікті жұмыс барысында кездесетін жағдайларын талдауға мүмкіндік береді.
Бағдарламаның басты бағыты – практикалық даярлық. Қатысушылар топтық тапсырмаларды орындайды, нақты кейстерді талдайды, проблемалық жағдайларды талқылап, тәжірибе алмасады. Алған теориялық білімдерін бірден тәжірибе жүзінде бекітеді.
Сабақ барысында тәлімгерлер кәсіби білімдерін жеткізуді ғана емес, студенттермен тиімді қарым-қатынас орнатуды, оларды ынталандыруды, өз бетінше жұмыс істеу дағдыларын және еңбек нәтижесіне деген жауапкершілігін қалыптастыруды үйренеді.
2026 жылғы үрдістер бизнестің дуальды оқытуға деген көзқарасының өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. Кәсіпорындар студенттерге өндірістік тәжірибеден өту үшін жұмыс орындарын ұсынумен ғана шектелмей, болашақ мамандарды жүйелі түрде даярлауға, тәлімгерлерді оқытуға және осы процеске басшыларды тартуға дайын.