«Темте» астық тиеу терминалы» ЖШС заңсыз салынған айыппұлдың күшін жойдырды

09.11.2026
«Темте» астық тиеу терминалы» ЖШС заңсыз салынған айыппұлдың күшін жойдырды

Қостанай қаласында ұзаққа созылған жер дауына нүкте қойылды. Жер ресурстарын басқару департаменті «Темте» астық тиеу терминалы» ЖШС-не қатысты әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулының күшін жойды. Кәсіпорын мемлекеттік жерлерді өз бетінше басып алу фактісінің болмағанын дәлелдеді.

Бұл жағдай Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте қаралды.

Оқиға 2025 жылғы 29 қыркүйекте басталған. Сол күні Жер ресурстарын басқару департаментінің қаулысымен серіктестік Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 136-бабы (мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін заңсыз иелену) бойынша кінәлі деп танылған. Кәсіпорынға 0,0254 гектар аумақта теміржол жолдарын орнатты деген айып тағылып, 393 200 теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұған жүргізілген тексеру нәтижелері негіз болған.

Алайда кәсіпорын басшылығы тағылған айыппен келіспеді. Шешімге әкімшілік тәртіппен шағымдану әрекеті нәтиже бермеді: 2026 жылғы 21 шілдеде жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істі қайта қараудан бас тартылды. Бұл бас тартуды 2026 жылғы 19 тамызда Қостанай қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты да қолдады.

Осыдан кейін Кеңестің ұсынымы бойынша кәсіпорын Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына жүгінді. Істі қайта қарау барысында серіктестік өкілдерінің қатысуымен бұлтартпас дәлелдер ұсынылды. Олардың қатарында тіркелген құқық белгілейтін құжаттар, жерге орналастыру жобалары, топографиялық түсірілімдер және шекараларды белгілеу актілері болды. Бұл құжаттар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Қостанай облысы бойынша филиалының ХҚКО арқылы алынған.

Ұсынылған дәлелдер істі қайта қараудан бас тарту туралы шешімдердің күшін жоюға және серіктестіктің өтінішін қанағаттандырып, бастапқы әкімшілік істі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауға негіз болды.

Нәтижесінде жер заңнамасын бұзу фактісінің болмағаны анықталды. Қалалық тіркеу және жер кадастры бөлімінің хаты кәсіпорынның жер учаскесі іс жүзінде өзіне тиесілі шекаралардың шегінде орналасқанын растады.

2026 жылғы 3 қарашада жаңа қаулы шығарылды. «Темте» астық тиеу терминалы» ЖШС-нің өтініші толық көлемде қанағаттандырылды. Бұған дейін шығарылған айыппұл салу туралы қаулының күші жойылып, әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.

Істің логикалық әрі заңды қорытындысы ретінде Қостанай облысының Жер ресурстарын басқару департаменті ауыртпалық салатын әкімшілік актілердің күшін толық көлемде жою туралы бұйрық шығарды.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Арман Шаменовтың айтуынша, бұл прецедент адал бизнестің құқықтарын қорғауда қағаз түріндегі кадастрлық құжаттар мен техникалық құжаттаманы егжей-тегжейлі зерделеудің маңыздылығын айқын көрсетеді.