Электронды сауда: Ақтөбелік кәсіпкерлерге сатылымды дамыту жолдары түсіндірілді

27.11.2026
Электронды сауда: Ақтөбелік кәсіпкерлерге сатылымды дамыту жолдары түсіндірілді

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ақтөбе облысы бойынша филиалында Wildberries маркетплейсінде сатылым көлемін арттыру және бизнесті кеңейту тақырыбында тегін практикалық сессия өтті.

Кездесуде кәсіпкерлерге онлайн сауданы тиімді жүргізу жолдары, бизнесті дамыту мүмкіндіктері және маркетплейсте жұмыс істеу барысында туындайтын өзекті мәселелер туралы ақпарат берілді. Спикер ретінде «RWB Среда» компаниясының Кәсіпкерлікті дамыту және қолдау орталығының сарапшысы Рахманбек Мукушев сөз сөйледі.

Бұл кездесу Қазақстанның түрлі өңірлерінде сатушыларға (селлерлерге) арналған практикалық сессиялар сериясының жалғасы болды. Бұған дейін осындай кездесулер Астана, Шымкент, Тараз және Қарағанды қалаларында ұйымдастырылған.

Практикалық сессия жаңадан бастаған және маркетплейсте тәжірибесі бар кәсіпкерлерге арналды. Қатысушылар тауардың өзіндік құны мен табыстылығын есептеу, бизнесті кеңейтуге қолайлы бағыттарды анықтау, сондай-ақ маркетплейстегі өзгерістер мен заңнама талаптарын ескеру мәселелері бойынша пайдалы ақпарат алды.

Сонымен қатар кәсіпкерлердің күнделікті жұмысында кездесетін мәселелерге, атап айтқанда, тауарларды сәйкестендіру кодымен (КИЗ) таңбалау және сатып алушылардың тауарларды қайтару тәртібіне назар аударылды.

Изображение

Рахманбек Мукушевтің айтуынша, қазіргі жағдайда маркетплейсте табысты жұмыс істеу үшін тауарды платформаға орналастыру жеткіліксіз. Кәсіпкер өз шығындары мен табысын дұрыс есептеп, нарықтағы сұранысты зерделеп, тиімді тауар санатын таңдап, сатылымды жүйелі түрде ұйымдастыруы қажет.

Кездесу барысында қатысушылар белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жұмыс барысында кездесетін қиындықтарымен бөлісті. Сондай-ақ спикермен алдағы уақытта байланыс орнату үшін байланыс деректерімен алмасты.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлер тегін сараптамалық қолдау алу мүмкіндігіне ие. Мамандар жеке кәсіпкерлікті тіркеу мен салық режимін таңдаудан бастап, тауардың экономикалық тиімділігін есептеу, нарыққа қолайлы бағытты анықтау және алғашқы сатылымға дейінгі барлық кезеңде кеңес беріп, сүйемелдейді.

Изображение