Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасында жаңа Салық кодексінің сауда бизнесіне әсері талқыланды
«Бизнеске кедергі келтірмесе болғаны» – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бұл тұжырым «Атамекен» Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының Сауда мәселелері жөніндегі салалық кеңесінің отырысында талқылаудың негізгі бағдарларының біріне айналды.
Кездесу жаңа Салық кодексін іс жүзінде қолдану мәселелеріне және оның жалпыға бірдей белгіленген және арнаулы салық режимдерін қолданатын кәсіпкерлік субъектілерінің өзара іс-қимылына әсеріне арналды.
Отырысқа 30 адам қатысты. Олардың қатарында Сауда мәселелері жөніндегі салалық кеңестің мүшелері, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің Қостанай облысы бойынша өкілдері, облыс әкімдігінің Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, Қостанай қаласы әкімдігінің Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, саяси партиялардың облыстық филиалдары, сауда желілерінің, сауда орталықтары мен супермаркеттердің өкілдері болды. Онлайн форматта талқылауға облыс қалалары мен аудандарындағы Кәсіпкерлер палатасы филиалдарының директорлары да қосылды.
Қатысушылардың негізгі назары салық саласындағы өзгерістерге аударылды. Жаңа Салық кодексінің енгізілуіне байланысты сауда бизнесі өкілдерінде арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлермен ынтымақтастық кезінде шығыстарды есепке алу мәселелеріне қатысты практикалық сұрақтар туындауда.
Тақырыпты жан-жақты қарастыру үшін сөз Өңірлік кеңестің мүшесі, Сауда мәселелері жөніндегі салалық кеңестің төрайымы Наталья Лапшинаға берілді.

Өз сөзінде ол бизнес қауымдастығының ұстанымын таныстырып, заңнамалық реттеуді қажет ететін бірқатар мәселелерді атап өтті. Атап айтқанда, оңайлатылған салық режимін қолданатын кәсіпкерлермен жұмыс істеу кезінде шығыстарды шегерімге жатқызуға қойылған тыйым мәселесі көтерілді. Бұл сауда желілеріне, жалға берушілерге, жеткізушілерге және отандық өндірушілерге қосымша салық жүктемесін әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар көлік логистикасы мен халықаралық және ішкі тасымалдарға жұмсалған шығыстарды есепке алу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу, сондай-ақ сапалы өнімді қайтару кезінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері жеке қарастырылды.
Әрбір бағыт бойынша заңнамаға өзгерістер енгізуге қатысты нақты ұсыныстар айтылды. Олардың қатарында Салық кодексінің жекелеген нормаларын қайта қарау, көлік шығындарын есепке алудың түсінікті ережелерін белгілеу, тауарларды сақтау мен жеткізу шығындарын ескере отырып, бағаны реттеу тетігін жетілдіру, сондай-ақ тиісті сападағы өнімді қайтару тәртібін нақтылау бар.
Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша кәсіпкерлер қауымдастығы заңнаманы жетілдіруге бағытталған бірқатар нақты ұсыныс әзірледі.

Салық саласы бойынша арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлермен жұмыс істеу кезінде шығыстарды шегерімге жатқызуға қойылған тыйымды қайта қарау ұсынылды. Бизнес өкілдерінің пікірінше, бұл қосарланған салық салудың алдын алуға, қосымша қаржылық жүктемені азайтуға және шағын кәсіпкерліктің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.
Көлік және логистика саласында кәсіпкерлер тасымалдау шығындарын есепке алу тәртібін жеңілдетіп, экономиканың барлық салалары үшін бірыңғай әрі түсінікті ережелер белгілеуді ұсынады. Салық талаптары логистика құнының өсуіне, тауарлардың өзіндік құнының қымбаттауына және түпкілікті тұтынушылар үшін бағаның көтерілуіне әкелмеуі маңызды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселесінде бизнес өнімді тасымалдау мен сақтауға жұмсалатын нақты шығындарды ескере отырып, қолданыстағы тетікті жетілдіруді қолдайды. Тауар жеткізу ерекшеліктерін ескеру ұсынылады. Бұл ассортиментті сақтауға, сауданың рентабельділігін қамтамасыз етуге және әсіресе шалғай елді мекендердегі ауылдық дүкендер санының қысқаруына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау тағы бір маңызды бағыт ретінде қарастырылды. Кәсіпкерлер, соның ішінде онлайн сатып алу кезінде де, тиісті сападағы тауарларды қайтару ережелерін нақтылауды ұсынады. Бұл ықтимал теріс пайдаланушылықтардың алдын алып, сатып алушылар мен сатушылардың мүдделері арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен бірге сапасыз өнімнен тұтынушыларды қорғауға арналған қолданыстағы кепілдіктерді сақтау ұсынылады.
Сөз барысында салықтық және реттеушілік өзгерістерді тек бюджетке түсетін түсімдер тұрғысынан ғана емес, олардың жұмыспен қамтуға, тауарлардың құнына және кәсіпкерліктің тұрақтылығына әсерін ескере отырып бағалау қажеттігіне ерекше назар аударылды. Бизнесті сақтау – жұмыс орындарын, отбасылардың табысын және өңірдің салық базасын сақтау деген сөз.
Отырысқа қатысушылар бизнес, мемлекеттік органдар және саяси партиялар арасындағы ашық диалогтың маңыздылығын атап өтті.